Accessibility links

Диқандар ауа райына ғана тәуелді емес, маңдай термен өсірілген астықтың өтуіне де тәуелді


Әлемдік нарықтағы бидай бағасының құлдырап кеткені соншалық, кейбір шаруашылықтар бидайын өткізе алмаса, банкрот болу қаупі төнді. Биылғы жылы Ресей мен Украинада мол өнім жиналғандықтан, Қазақстан астығына сұраныстың көршілес елдерде азайып кеткені аян.


Қостанай облысындағы Солтүстік - Батыс ғылыми өндіріс орталығының директоры, экономикка ғылымдарының кандидаты Валентин Двуреченскийдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда астық саудасына байланысты коммерциялық жүйе жасалмаған. Мәселен, Қазақстанның астығын Батыс елдерінде сатып алушылар жеткілікті. Бірақ, сол астықты Ресей жері арқылы жөнелту арзанға түспейін деп тұр.

Ресейліктер темір жол тарифтерін биылғы жылы отыз пайызға дейін көтеріп жіберді. Ал көршілес екі елдің үкіметі өзара келісімге тез келудің орнына бір-бірінің қабағын бағып отырған сыңайлы. Кезінде Мичурин жеміс-көкөніс институтын және СССР халық шаруашылығы Академиясын бітіріп шыққан маманның айтуынша, астықты Қытайға жөнелтуге де болады. Алайда, Қытайдағы теміржолдар арнасы анағұрлым тар және біздің елдегі теміржол көлемімен сәйкес келмейді, сондықтан астық тиелген вагондарды қайта жабдықтау қосымша шығынды және уақытты қажет етеді.

БАСШЫЛАРҒА БЕРІЛЕТІН РАПОРТТАРДА САНДАР АСЫРА АЙТЫЛАДЫ

Қостанайға астық піскен уақытта жыл сайын жоғары лауазымды шенеуніктердің іссапармен келуі дағдыға айналған. Облыс басшылары болса президент келсе де, премьер-министр немесе ауыл шаруашылығы министрі келсе де оларға «биылғы жылы пәлен миллион тонна астық аламыз, гектарына пәлен центнер өнім жинаймыз» деп рапорт беріп жатады.

Біз тілдескен Валентин Двуреченский бұрын Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы, республиканың ауыл шаруашылығы министрі болып қызмет атқарған. Оның сөзіне қарағанда, Совет Одағы тұсында мұның бәрі алдын ала жоспарланып, кесіліп-пішіліп жасалатын. Ал қазіргі уақытта диқандар қанша егін еккісі келсе, жер көлемі мен шама-шарқына қарай бидай себе береді, айналып келгенде, өнімнің өту-өтпеуі күзде ғана шешіледі.

ЖАППАЙ БИДАЙ ӨСІРУ ЕТЕК АЛДЫ, АЛ РАПС БИДАЙДАН ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТ

Совет Одағы тұсында Қостанай облысы жыл сайын арпадан 800 мың тонна өнім жинаған болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 180 мыңға түсіп кетіпті. Мұның өзі жемдік дақылдарға көңіл бөлінбей отырғанын, жеке фермерлерден бастап ірі компанияларға дейін бірыңғай бидай өсірумен ғана айналысып кеткенін көрсетеді.
Валентин Двуреченский, Қостанай ауданындағы Солтүстік-Батыс ғылыми өндіріс орталығының директоры, экономикка ғылымдарының кандидаты. Қостанай облысы, 18 қараша 2009 жыл.


Әлемдік рынокта рапс секілді майлы өсімдіктер үлкен сұранысқа ие болып отыр. Оның бағасы бидайдан екі есеге дейін артық. Бірақ, Валентин Двуреченский келтірген мәліметтерге жүгінсек, Қостанай облысында ғана емес, басқа облыстарда да бидай егу барлық дақылдардың 96 пайызын құрап отырған көрінеді.

Валентин Двуреченский Қазақстан аграрлық одағының президенті болып сайланған. Әуелі бұл лауазымға келісім берген тәжірибелі маман шаруаларды біріктіру мақсатын алға қоймақ болса, оған жоғарыдан элиталы тұқымдарды тарату үшін кәсіпорындар керек, аграрлық одақты ең алдымен осы мақсатқа пайдалану қажет деген құлаққағыс жасалған. Осы әңгімеден кейін ол президенттіктен бас тартқан.

Биржалық сауда ұйымдастыру ісін биылғы жылы тағы да республиканың Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамы қолға алыпты. Қостанай облысында 1994 жылдан бері «Астық» деп аталатын әмбебап база жұмыс жасайды.

Оның директоры Иван Морозовтың сөзіне қарағанда, олар ақпараттық орталықтар арқылы қажетті мәліметтерді таратып отырады, астық сату туралы ұсыныстарды жинастырады. Осы уақытқа дейін сатылған астықтың бағасы 250-ден 400 АҚШ долларына дейін бағаланыпты. Алайда, сатылып жатқан астық мөлшері көңіл көншітпейді. Ал республикалық Азық-түлік корпорациясы бидайдың әр тоннасын 250 доллардан сатып алып отыр. «Казагромаркетинг» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, импортқа сұраныстың төмендеуіне байланысты Қазақстанда өндірілген бидайдың экспорттық потенциалы төмендеген.

ДИҚАНДАР БАНКТЕН АЛҒАН НЕСИЕСІН ОЙЛАУДА

Қостанай ауданындағы Воскресеновка жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ибраш Естаевтың айтуынша, астықты экспортқа шығару мәселесі баяу жүргізілуде. Диқандардың банктен алған несиесін қайтару мәселесі қиынға соғатын түрі бар. Оның ойынша, мемлекеттiк қорға түсетін бидайдың көлемiн арттыру керек. Астықтың қазіргі мөлшері бiр миллион тонна екен. Кейінгі деректерге қарағанда, iшкi нарықта сұранысты арттыру үшiн үкiмет мемлекеттiк қорға сатып алынатын астық көлемін бес миллион тоннаға жеткізуге сөз беріп отыр. Бiр тонна астықтың бағасы он сегiз мың бес жүз теңге деп бағаланған.

«Бір ғажабы, биылғы жылы төрт жарым миллион тонна астық жинадық деп рапорт берілген Қостанай облысында нан бағасы төмендейтін емес. Нан арзандамаса, ағыл-тегіл жиналған бидайдан не пайда?» - дейді зейнеткер Зайра Әбдібекова.
XS
SM
MD
LG