Accessibility links

Legatum: Қазақстан тұрғындарының саяси құқығы жоқтың қасы


Тұрғындар коммуналдық қызмет үшін төлем жасауға кезекте тұр. Қостанай, 25 маусым 2009 ж.
Тұрғындар коммуналдық қызмет үшін төлем жасауға кезекте тұр. Қостанай, 25 маусым 2009 ж.

Халықаралық Legatum институты әлем елдерінің 2009 жылғы өркендеу индексін жариялады. Демократиялық институттардың дамуы жөнінен сарапшылар бағалаған 104 мемлекеттің тізімінде Қазақстан 96-шы орында тұр.

Legatum институтының жаңа рейтингіне әлем тұрғындарының 90 пайызы тұратын 104 мемлекет қамтылыпты. Ал өркендеу рейтингінің көшін Финляндия бастаса, Швейцария мен Швеция екінші және үшінші орындардан көрінген. Ал АҚШ – 9, Ұлыбритания – 12-ші сатыға жайғасқан.

Бұрынғы Совет одағына мүше болған 15 елдің сегізі осы рейтингтен табылды. Солардың ішінде ең жоғарғы - 31 орын Эстонияға бұйырса, Латвия – 37, Украина – 61, Ресей – 69-шы орында тұр. Ал Қазақстан 76-шы сатыға, одан төменгі орындарға Молдова, Белорусь және Өзбекстан жайғасқан.

«ҚАЗАҚСТАНДЫ КЕРІ ТАРТЫП ТҰРҒАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ ПАРАМЕТРЛЕР»

Legatum институты мемлекеттердің өркендеу индексін анықтағанда елдің экономикалық бәсекеге қабілеттілігі мен өмір сүру деңгейін қарастыратын 9 критерийдің нәтижесіне сүйенген. Олардың ішінде демократиялық құндылықтарға қатысты параметрлері Қазақстанды кері тартып тұр.

Солардың бірі – демократиялық институттардың даму көрсеткіші бойынша Қазақстан 104 мемлекеттің арасында 96-шы нәтиже көрсеткен.

Legatum институтының өркендеу бойынша 2009 жылға арналған индексіндегі Қазақстанның көрсеткіштері.
«Қазақстан тұрғындарының саяси еркіндігі жоқ десе болады. Бұл жағынан ол рейтингтегі демократиясы ең нашар дамыған 10 елдің қатарына кіреді» делінген баяндамада.

Сонымен бірге баяндамада Қазақстанда президент баламасыз негізде сайланатындығы және республикадағы қазіргі саяси жүйе елді жиырма жыл қатарынан билеп-төстеп келе жатқандығы атап көрсетілген. «Биліктің заң шығарушы тармағын сайлауда бәсекелестіктің нышаны көрінгенімен, сайлаулар ашық өтпейді және басқаруға икемді сот жүйесі саяси бақылауға бағынышты» деп хабарлады Legatum.

Тағы бір төмен көрсеткіш – Қазақстан тұрғындарының «әлеуметтік капиталына» байланысты – 87-ші орын. Баяндамада қазақстандық отбасының беріктігі жоғары болғанына қарамастан, олар бір-біріне көмектесе алмайтын жағдайда делінген.

«ТОЛЕРАНТТЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САЯСИ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ»

Legatum рейтингінде Қазақстанның «басқару жүйесіне» өте төмен баға берілген – 97-ші көрсеткіш. Яғни, зерттелген 104 мемлекеттің ішінде Қазақстан тағы да көштің соңынан орын алған. «Қазақстандықтардың саяси құқығы салыстырмалы түрде алғанда жоқтың қасы, бірақ бұл елдің өзінің әскери күшіне деген сенімі жоғары» деп жазылған баяндамада.

Бұған қоса Legatum Қазақстан тұрғындарының саясатқа немесе сайлауларға қатысу еркіндігінің деңгейі тіпті төмен екендігін, сондай-ақ халықтың 86 пайызы билік органдарының, ал 89 пайызы жергілікті кәсіпорындардың сыбайласқан жемқорлыққа қатысы бар деп есептейтіндігін баяндап өткен.

Сонымен бірге, институт «жеке бастың еркіндігі» критерийіне қатысты да мәліметтер келтіріп отыр. Бұл жағынан Legatum Қазақстанды
Парламент сайлауы кезіндегі үгіт-насихат парақшалары ілінген орындардың бірінен көрініс. Алматы, 13 тамыз 2007 ж.
75-ші орынға қойыпты. «Халықтың жүріп-тұру, діни сенім және сөз еркіндігі шектеулі екендігіне қарамастан, қазақстандықтардың өздерінің жеке бастарының еркіндігіне көңілдері толады» делінген баяндамада.

Оған қоса Legatum халықтың өзге ұлт өкілдеріне деген толеранттығын әлемдік орташа деңгейден жоғары деп атап көрсеткен.

«Қазақстандықтардың 69 пайызы өздері тұратын мекенді иммигранттарға, ал 72 пайызы этникалық аз ұлттарға қолайлы деп есептейді» деп хабарланды ұйым баяндамасында.

Ал, баяндамада Қазақстанның өркендеу рейтингіне салмақ қосып тұрғандары – экономикалық негіз, білім беру, денсаулық және қауіпсіздік критерийлері. Атап айтқанда, Legatum институты өзінің зерттеуінде Қазақстанның экономикалық негізіне 59-ші, білім деңгейіне – 42-ші, денсаулық сақтау саласына - 45-ші орын беріп отыр.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СОЦИОЛОГ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУДІ МАҚҰЛДАЙДЫ

Қазақстандық «Даму» маркетингтік және әлеуметтік зерттеулер агенттігінің директоры Тимур Айсауытовтың айтуынша, мұндай
Тимур Айсауытов, «Даму» маркетингтік және социологиялық зерттеулер агенттігінің директоры. Алматы, 1 қазан 2009 ж.
мазмұндағы және мұндай деңгейдегі зерттеулер Қазақстанда жүргізілмейді, сондықтан өркендеу индексін шығарған халықаралық ұйымның ұсынған көрсеткішін мақұлдауға мәжбүр.

– Қазақстанда Legatum жариялағандай кең көлемді зерттеулер жүргізілмейді. Өйткені ол үшін қомақты қаржы керек. Соған байланысты үкімет тарапынан да, тәуелсіз ұйымдар тарапынан да осындай мазмұндағы зерттеу дайындауға тапсырыс берілмейді. Осы тұрғыдан алғанда шетелдік ұйымдардың мүмкіншіліктері жоғары, Қазақстанды зерттейтін де солар. Біз солардың зерттеулеріне тәуелдіміз, мойындаймыз, бірақ бұл зерттеулерге сыни тұрғыдан қарау керек, – деді Айсауытов.

Legatum институты – саяси, консалтингтік және құқық қорғаушылық ұйым болып саналады. Әлем елдерінің өркендеу индексін анықтаудағы мақсат – адам еркіндігі негіздерінің таралуы мен өркендеуіне үлес қосу деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG