Accessibility links

Нури Муфтахтың қаза болғанына 8 жыл өтті


Қазақ журналисі Нури Муфтах. Мәскеулік "Центр экстремальной журналистики" ұйымы сайтындағы сурет. http://www.memorium.cjes.ru
Қазақ журналисі Нури Муфтах. Мәскеулік "Центр экстремальной журналистики" ұйымы сайтындағы сурет. http://www.memorium.cjes.ru

Осыдан сегіз жыл бұрын қарашаның 16-сі күні қоғамдық-саяси «Алтын ғасыр» басылымының бас редакторы Нури Муфтах көлік апатынан қаза тапты. Оның өлімін әріптестері кәсіби қызметімен байланыстырады.


ҚАРАЛЫ ЖЫЛ

2002 жылды Қазақстандағы журналистер қауымы «қаралы жыл» деп біледі. Сөз бостандығын қорғайтын ұйымдардың бағалауынша, дәл осы жылы елде саяси процестердің үдеуімен қатар сөз еркіндігін тұншықтыру фактілері ерекше артқан.

Дәл осы жылы «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы сөз бостандығының бұзылғанына қатысты 1049 хабарлама тіркеген екен. «СолDAT», «Ақ Жайық» газеттерінің редакциясына шабуыл жасалып, «Деловое обозрение Республика» басылымы кеңсесінің өртелгені де дәл осы жыл. Жыл басында Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері, журналист Алексей Пугаев көлік апатынан қаза тапса, жыл соңында «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Нури Муфтах та жол апатынан көз жұмды.

Полиция өкілдері Нури Муфтахтың ажалы кездейсоқ көлік апатынан болды десе, журналистер қауымы басқаша байлам жасайды. Бұл оқиға бойынша ешқандай сот процестері болмаған. Полицияның істі тезірек жабуға тырысуы да журналистер қауымының күмәнін ұлғайта түскен.


ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ОҚИҒА


Оқиға 2002 жылдың қараша айының 16-сі күні кешкі сағат 9-дар шамасында болған. «Алтын ғасыр» тәуелсіз газетінің бас редакторы Нури Муфтахтың Тараздан Алматыға қайтып келе жатқан беті болса керек.

Жол бойында автобус тоқтап, жолаушылар үзілісте далаға шығады. Көппен бірге сыртқа шыққан Нури Муфтахтың телефоны осы кезде шырылдайды. Телефон әңгімесіне елтіген ол автобустың жанында ерсілі-қарсылы жүріп, сөйлесе бастайды.

Полицияның дерегі бойынша, автобустың артында тұрған Нури Муфтах телефонмен сөйлесіп тұрып әңгімеге елтігені соншалықты, жолдың қарсы бетіне өтіп кеткенін байқамай қалған. Сөйтіп, оны қарсы бетте келе жатқан халықаралық автобус қағып кеткен.


ТӘУЕЛСІЗ САРАПТАМА

Дегенмен марқұмның достары, әріптестері полицияның айтқанына әлі күнге дейін сенбейді. Және оны жұмбақ жағдайда қаза тапқан журналистер қатарына қосады. Оған негіз де жоқ емес.

2002 жылы полициямен қатар «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымы да бұл оқиғаны зерттеуді бастайды. Ұйым жетекшісі Розлана
Марқұмның достары, әріптестері полицияның айтқанына әлі күнге дейін сенбейді. Және оны жұмбақ жағдайда қаза тапқан журналистер қатарына қосады.
Таукина «зерттеу нәтижесі полицияның қорытындысынан басқаша болып шықты» дейді.

Зерттеу барысында ол сол автобуста болған адамдардан, журналистің туыстарынан сұрастырған. Розлана Таукинаның айтуынша, Нури Муфтах жан-жағына үнемі қарап жүретін, жол ережесін ешқашан бұзбайтын ұқыпты адам болған. Бұған қоса, салмақты қозғалатын егде адамның жолдың екінші жағына өтіп кетуі мүмкін емес деп есептейді ол.

Оның айтуынша, Фатима есімді куәгердің сөзі де полицияның мәлімдемесіне күдігін ұлғайта түскен.

- Фатиманың айтуынша, автобус тоқтаған кезде Нури Муфтахтың телефоны шырылдайды. Телефон әңгімесіне берілген ол бір мезетте автобустың артына тұрып қалады. Бұл кезде оның жанында бір топ адам өзара әңгімелесіп тұрған екен. Кенет біреу топқа арқасымен иіліп тұрған Нури Муфтахты итеріп жіберді деп Фатима тұжырым жасады. Оны әдейі итеріп жіберді ме, әлде басқа бір нәрсе болды ма, белгісіз. Бірақ қалай болмасын, ол автобустан екі қадам жасап, қарама-қарсы беттегі автобустың астына түсіп кеткен, - деді Розлана Таукина.

Қор жетекшісі біреулердің Нури Муфтахтың ізіне түсуі мүмкін деп те болжайды. «Ол адам тіпті сол кезде автобустың ішінде де болғаны да ғажап емес» дейді. Бұл зерттеу қорытындысын полицияға көрсеткен кезде олар мүлде тыңдағысы келмей, істі тезірек жабуға тырысқанын айтады.


ӨЛІМ АЛДЫ СӨЗ

Журналисті жақсы танитын әріптесі Розлана Таукинаның айтуынша, Нури Муфтах өмірінің соңғы күндері өте қызықты бір мақаланы жаза бастаған. Журналист бұл жоспары жайлы сұқбаттасымызға көз жұмардан бұрын айтыпты.

- Сегіз жыл бұрын болған сәтті жақсы білем. Іссапарға бара жатып, сол ауданнан хабарласты. Өте қызықты сыни материалға кіріскенін,
Іссапарға бара жатып, сол ауданнан хабарласты. Өте қызықты сыни материалға кіріскенін, оны өте тереңнен қазып алып шыққанын және мұның өте қызықты болатынын айтты.
оны өте тереңнен қазып алып шыққанын және мұның өте қызықты болатынын айтты. Тіпті сериялы түрде мақала болып шығуы мүмкін екенін де жасырмады. Нақты не туралы екенін айтқан жоқ, дегенмен онда конфликтілердің көп екеніне меңзеді, - деді Розлана Таукина.

Бұған қоса, Нури Муфтах өмірінің соңына дейін Қазақстанның Демократиялық Таңдауы партиясын ұйымдастыру ісіне қызу араласып, саясатта да белсенді жағынан көрінген. «Бұл әрине, біреулерге ұнамағаны анық» деп түйін жасайды Розлана Таукина.


ЕКІ БАҒЫТТА ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН

Нури Муфтахты білетін адамдар оны өткір тілді журналист ретінде сипаттайды. Негізгі мамандығы заңгер болғандықтан адам құқығының бұзылуы, әлеуметтік құқық сияқты қоғамдағы ең өзекті мәселелерді ашық жазған.

Журналисті ұзақ жылдардан білетін досы әрі әріптесі Тамара Калеева ол жайында былай дейді:

- Оның қандай журналист екенін айтудан бұрын, оның қандай адам болғанын айтайын. Ол көңілді, ашық, тамаша адам еді. Өз позициясын дәлелдеуге келгенде кейде қаталдық та танытатын. Оның әсіресе, үнемі шаршауды білмейтіндігі мен ешнәрседен қауіптенбейтіндігін көріп сүйсінетінмін. Біздің көбіміз не нәрсе істесек те, оның теріс салдары туралы ойлап тұрамыз ғой. Үнемі соған дайын болу керек деп ойлаймыз ғой. Онда мұндай ой мүлде болмаған сияқты. Нені өзінің міндет деп есептесе, соны істеді, - дейді Тамара Калеева.

Нури Муфтах екі тілде (қазақ және орыс) бірдей жазатын журналист болумен қатар билік пен оппозиция сияқты екітүрлі бағыттағы басылымдарда қызметтер атқарды. Әуелі «Заң және заман», «Егемен Қазақстан» сияқты үкіметшіл басылымдарда қызмет істеп, Бас прокуратурада баспасөз хатшысы болды. Ал 1998 жылдан бастап тәуелсіз, оппозициялық басылымдарға кетеді, әр жылдары «ХХІ ғасыр», «Республика-2000», «Алтын ғасыр» газеттерінде еңбек етеді.

Тәуелсіз журналист Андрей Свиридовтың пікірінше, Нури Муфтах сияқты екі бағытта істеген журналистер басқаларға қарағанда өмірлерін екі есе қауіп-қатерге тігеді.

- Жалпы мынадай көзқарас бар. Биліктен оппозицияға кеткен адамдарды көріпкел санап, күш қолдану арқылы жазалау қажет деп ойлайды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда мұндай адамдардан гөрі билікте ешқашан істеп көрмеген, өмір бойы оппозицияда болған журналист немесе саясаткер біршама өзін қауіпсіз сезінеді, - дейді Андрей Свиридов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG