Accessibility links

Оралда қараусыз қалған балалар мекемесіне билік жаңа ғимарат салуға уәде берді


Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының жартылай құлаған ғимараты. Орал, сәуір, 2009 жыл.
Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының жартылай құлаған ғимараты. Орал, сәуір, 2009 жыл.

Оралдағы кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығының ғимараты бүгінде мүлде жарамсыз күйге жетті. Ондағы жеткіншектер уақытша балалар үйіне қоныстандырылды. Жергілікті билік орталыққа жаңа ғимарат салуға уәде берді.


ҚАУІП АСТЫНДАҒЫ ҒИМАРАТ

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығына жаңа ғимарат керектігі жайында айтылып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған еді. Ғимараттың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, осы жылдар ішінде бұл кешен жібі түзу жөндеу көрмепті.

Құлаудың аз-ақ алдында тұрған ғимарат мұнда сыртқы әлемнен оқшауланған қамкөңіл балалардың өміріне қауіп төндіріп келді. Бұған қоса, ескі ғимараттың санитарлық жағдайы да кешен тұрғындары үшін қолайсыз болғанын айта кету керек.

Кәмелеттік жасқа жетпегендерге арналған уақытша оқшаулау орталығының басшылары мен Батыс Қазақстан облыстық балалар құқығын қорғау департаменті өкілдерінің облыс әкіміне жазған өтініштері де аяқсыз қалып келген еді.

Былтырғы жылдың мамыр айында Оралға келген Қазақстанның білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Жұмажан Жүкенов облыстағы осы орталықтың жағдайымен танысты, бұл мәселенің шешілетінін де айтты, бірақ, баяғы жартас сол күйінде қалып, жылдар бойы сіресіп қатқан сең қозғалмады.

Тек өткен жылдың жауын-шашыны мол күзінде кәмелетке толмағандарға арналған уақытша оқшаулау орталығы ғимаратының қабырғалары опырыла бастаған соң ғана жергілікті биліктің қимылына қыбыр бітіп, 2009 жылы мұндағы жеткіншектерді «Жас Дәурен» балалар кешеніне қоныстандырды.

УАҚЫТША ҚОНЫС

Аталмыш орталықтың директоры Мерген Құлдашевтың сөзінше, жаңа ғимарат құрылысы туралы мәселе әлі біржақты болмағандықтан, балалар «Жас Дәурен» кешеніне тек уақытша ғана белгісіз мерзімге көшірілген көрінеді:

– Жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттары бүгінде дайын, тек бекітуін ғана күтіп отырмыз. Бүгінде бұл орталықта 9 бала тәрбие алуда, ал 2009 жылы 166 бала бізде болып шықты, олардың көбісі балалар үйіне жіберілді, енді олар сол жерде тәрбие алатын болады, – дейді Мерген Құлдашев.

Орталықтың ескі ғимараты 25 адамға ғана арналған. Ал жаңа ғимараттың қанша орындық болатыны әзірге белгісіз. Балалар құқығын қорғау департаменті өкілдерінің сөзінше, жаңа орталық жартылай қираған ескі ғимараттың орнына салынатын болады, бұрынғы ғимарат сырылып тасталады деп жоспарланып отыр.

Кәмелет жасына толмағандарға арналған уақытша оқшаулау орталығына әкелінетін балалардың көбісі тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан. Олардың басым көпшілігінің ата-анасы ішімдікке салынған маскүнем немесе нашақорлар болып отыр.

Бала орталықта бағымға алынған кезде оның тағдырын кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын комиссия шешеді: бүлдіршін не үйіне қайтады немесе, қайыры жоқ ата-анадан қайран болмағасын, балалар үйіне жіберіледі.

– Балалардың құқығын қорғау – біздің құқықтық мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Біз облыстық кәмелетке толмағандарға арналған уақытша оқшаулау, қайта бейімдеу және қалыпқа келтіру орталығының проблемасын шешу жолдары қарастырыла бастағанына ризамыз, – дейді облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Мақсұт Берқалиев.

Осыған дейін Азаттық радиосы хабарлағандай, 2008 жылдың қарашасында Оралдағы кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған уақытша оқшаулау орталығының техникалық жай-күйін арнайы құрылған тәуелсіз комиссия тексеріп шыққан еді.

Осы тексеру нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыс талаптарына бұл орталық ғимаратының сай келмейтіні анықталды, әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің де еш нәтиже бермейтіні белгілі болды.

Қортынды негізінде, тозығы жеткен ғимаратты бұзып-сыру туралы ұсыныс айтылды.
XS
SM
MD
LG