Accessibility links

Петр Афанасенко тартқан азабы үшін Рахат Әлиевтен «өтемақы» талап етеді


Шетелде бассауғалап жүрген Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев. Вена, 2008 жыл.
Шетелде бассауғалап жүрген Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев. Вена, 2008 жыл.

ҰҚК-нің бұрынғы офицері Петр Афанасенко Рахат Әлиевтің үстінен азаматтық талап-арыз түсірмек. Ал Рахат Әлиев оның мұндай әрекеті айналып келгенде Астананың өзіне тиетін соққы болады дейді.


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің бұрынғы қорғаушыларының бірі қуғын-сүргінге ұшырағаны және түрмеде азап тартып, жапа шеккені үшін «еуропалық және америкалық соттарға талап-арыз беруді» көздеп отырғанын Азаттық радиосына Германиядағы Kärgel de Maizière & Partner адвокаттар компаниясынан Лотарь де Мезьер алғаш болып хабарлады. Бірақ адвокат Лотар де Мезьер хатында өз клиентін де, үстінен талап-арыз түсірілуі мүмкін адамның да аты-жөнін айтпады.


АЛДЫН-АЛА АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛ

Мұндай кездерде ең әуелі ақпарат құралдарына сыбыс таратылыны белгілі, сондықтан көп ұзамай-ақ кейбір алматылық газеттерде «осы іс бойынша болашақ жауапкерге» қарсы ақпараттық майдан басталып та кетті. Ал бұл «жауапкер» Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы генералы, назарбаевтық непотизмнің сәтсіз өнімі – Рахат Әлиев болып шықты. Сөйтіп, алматылық екі газетте болашақ жауапкерді «шаптан түртетін» қос мақала бірінен кейін бірі
Мені Рахат Әлиевтің кабинетіне апарды, онымен әңгімеден кейін Рахат Әлиевтің бұрынғы премьер-министрді Қазақстанға экстрадициялау үшін Әкежан Қажыгелдиннің үстінен «аса ауыр баптар» бойынша қылмыстық іс қозғауға тапсырма алғанын түсіндім.
жарық көрді де, әдеттегі азаматтық іс тез арада саяси реңк алып шыға келді.

Алдағы уақытта қоғам назарын аударатын бұл жанжал ҰҚК-нің бұрынғы офицері және экс-премьер Әкежан Қажыгелдин күзетінің бұрынғы бастығы Петр Афанасенконың Рахат Әлиевке қарсы азаматтық талап-арызынан басталмақ. Әзірге талап-арыз жоқ, қарсыласты ықтырып алуды көздейтін ниет қана бар. Бұл ретте Рахат Әлиев ҰҚК-нің Алматы қаласы мен Алматы облыстық департаментінің бұрынғы бастығы қызметін атқарған кезде, «1999 жылы Қажыгелдиннің күзетшілеріне қарсы қылмыстық істі қолдан жасады, оларды қуғын-сүргінге салды, бас бостандығынан айрылып, түрмеде жапа шегуіне себеп болды» деген айып тағылып отыр.

Осыған орай Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Рахат Әлиев Петр Афанасенконың бұл мәлімдемесін Қазақстан билігінің кезекті тіміскілік әрекеті ретінде қабылдайтынын айтты.

– Егер Петр Афанасенко өзін 2000 жылы жазықсыз сотталдым деп санайтын болса, онда мұндай талап-арызды Қазақстан Республикасы үкіметінің, яғни мемлекет үстінен беруі тиіс, – дейді Рахат Әлиев. Ол Петр Афанасенко ісіне өзінің еш қатысы жоғын айтады.

Қалай болғанда да, жаңа жанжалдың төбесі қылтиып келе жатыр. Назарбаев режимінің қысымынан өтіп, қазақстандық түрмеден әупірімдеп әрең шыққан саяси эмигрант енді мұқалған денсаулық, зая кеткен ғұмыр, тапталған ар-ождан, денеден өткен таяқ үшін «өтемақы» сұрайды. Бірақ ол «өтемақыны» Қазақстан билігінен емес, Рахат Әлиевтен алғысы келеді.


«МЕНІ РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ КАБИНЕТІНЕ АПАРДЫ…»

2000 жылы сәуір айында Петр Афанасенко мен оның әріптесі, майор Сәтжан Ыбыраев «заңсыз қару-жарақ сақтағаны» және «қарулы төңкеріске дайындалғаны» үшін әрқайсысы үш жарым жылға сотталды. Петр Афанасенко өздері жасамаған қылмысты адам психикасына әсер ететін құралдар қолдану «мойындаттырды» деп мәлімдеп отыр. Полковник Афанасенко өзін екі тәулік бойы үздіксіз сұрақ астына алғанын айтады.

Азаттық радиосына Петр Афанасенкомен байланысып, аталған мәлімдемеге байланысты бірқатар сауалға жауап алудың сәті түсті. Айта кетерлігі, Петр
Қуғындағы оппозиция жетекшісі Әкежан Қажыгелдин.
Афанасенконың жауаптарын да, оның адвокаты Лотар де Мезьердің хаты секілді Азаттық радиосы электронды пошта арқылы, ал «негізгі жауапкер» болуы мүмкін деген адамның түсініктемелерін телефон арқылы алды.

Азаттық радиосына берген жауабын Петр Афанасенконың тек біздің редакциямызға ғана жібермегені ең соңғы сәтте белгілі болды. Алматылық газеттердің бірінде жарияланған сұқбатында Петр Афанасенко өз қарсыласының қазіргі іс-әрекетіне саяси баға да береді. Бұл дәйектерін Петр Афанасенко бізге де жолдаған еді:

«Менің жапа шегуіме, ең әуелі Рахат Әлиев кінәлі деп санаймын. Қазір Австрияда тұрып жатқан ол демократия мен бостандықтың жоқшысы бола қалыпты. Мұның барып тұрған екіжүзділік, аярлық екенін Рахатты танитын кез-келген адам біледі!»

Петр Афанасенко өзі мен бұрынғы әріптестеріне қарсы қылмыстық істі Алматы қалалық ішкі істер департаментінің Костенко деген тергеушісі жүргізгенімен, шын мәнінде істің барлығы Рахат Әлиев басқаратын ҰҚК-нің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаменті ғимаратында болып жатқанға ұқсайтын еді дейді.

Петр Афанасенко бұл іске Рахат Әлиев жетекшілік етіп, шешімді де сол қабылдады және әр сейсенбі сайын тергеу тобының тергеушілері Рахат Әлиевтің кабинетіндегі жиналыста тергеу барысы туралы мәлімдеп, тапсырма алып тұрды деген сенімде.

Петр Афанасенко өзі мен әріптестерінің ҰҚК-нің тергеу абақтысында отырғанын, тергеу үшін оларды ҰҚК ғимаратына алып барғанын айтады. Сондай-ақ ол өзінен ҰҚК ғимаратындағы кабинетінде Рахат Әлиев бірнеше рет жауап алды деген уәжді көлденең тосып отыр.

Петр Афанасенконың сөзінше «Рахат Әлиев оған өзі мен әріптестерінің мемлекеттік төңкеріс жасау үшін заңсыз қару-жарақ сақтағанын» күштеп мойындатқан. Осынау арандатушылық әрекеттердің негізгі көздегені – Қазақстан президентінің сол кезеңдегі ең басты қарсыласы, «су жаңа» саяси эмигрант Әкежан Қажыгелдин болатын дейді Петр Афанасенко.

«Әкежан Қажыгелдин Қазақстаннан кетісімен-ақ, 1999 жылы желтоқсаннң 8-і бұрынғы премьер-министрді күзеткен мені және әріптестерімді қамауға алды. Мені Рахат Әлиевтің кабинетіне апарды, онымен әңгімеден кейін Рахат Әлиевтің бұрынғы премьер-министрді Қазақстанға экстрадициялау үшін Әкежан Қажыгелдиннің үстінен «аса ауыр баптар» бойынша қылмыстық іс қозғауға тапсырма алғанын түсіндім.

...Сөйтіп осынау «ойынға» қатысу жөнінде ұсыныс жасалды. Яғни мен өз гаражыма ондаған қару-жарақ апарып қоюға өзім көмектесіп, содан соң оны ҰҚК қызметкерлеріне «өз еркіммен тапсыруым» керек екен. Қару-жарақты өз еркімен тапсырсам менің үстімнен қылмыстық іс қозғалмайтын болып шықты.

Рахат Әлиевтің айтуынша, тергеу кезінде мен бұл қару-жарақты мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған Әкежан Қажыгелдиннің тапсырмасы бойынша сатып алып, сақтап қойдым деуім керек.

Әрине, мен бас тарттым. Сөйтіп, менің талап-арызымда егжей-тегжейлі баяндалған оқиғалардың барлығы осыдан басталды. Ақыры олар мені көндіріп тынды, өйткені олар әйелім мен екі қызымның өміріне шын мәнінде қауіп төндірді.

Тергеу барысында айтқан сөздерімнен түгелдей сотта бас тартып, тағылған айыптардың барлығы қолдан жасалған деп мәлімдедім. ...Ақыр соңында мен де, әріптесім Сәтжан Ыбыраев та ақылға сыймайтын айып бойынша 3,5 жылға сотталып кеттік», – деп жазады Петр Афанасенко осынау шытырман оқиғадан он жыл өткен соң.


ПЕТР АФАНАСЕНКО «ӨТЕМАҚЫ» АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Петр Афанасенконың жазуына қарағанда, оны бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері отыратын түрмеге жібермей, әдейі кәдуілгі қылмыскерлермен бірге қамауда ұстаған. Ол мұны да заңсыз әрекет деп санайды.

«Түрмедегі зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, 2000 жылы мамыр айында рақымшылық жасау жөнінде Қазақстан президентінің атына хат жазуға
Бірнеше аңшы мылтығымен Қазақстанда қарулы төңкеріс жасамақ болды дейтін қара күйе, жалған айыптан жеке басымды біржола ақтап алғым келеді.
мәжбүр болдым, өйткені бостандыққа шығудың бұдан өзге жолы қалмады» дейді ол.

«Алайда рақымшылық жасау жөніндегі өтініш – қылмысты мойындау дегенді білдірмейді, рақымшылық жасау жөнінде өтініш беруіме отбасылық жағдайым мен денсаулығымның сыр беруі басты себеп болды» деп жазады ол.

«Сәтжан Ыбыраевты Рахат сол күйі «сындыра» алмады. Қорлау мен ұрып-соққандарына, қылмыскерлер тарапынан өлтіру қаупі төнгеніне қарамастан ол бәріне шыдап бақты, жазаның барлық түрінен өтті. Ал мен Әлиев ұйымдастырған былық-шылық кесірінен денсаулығымнан айрылып, дімкәс болып бір-ақ шықтым, ақшасыз қалдым, дені дұрыс жұмысқа орналасуға еш мүмкіндік болмады, сондықтан Бельгияға кетіп, саяси баспана сұрауға тура келді», – деп жазады Петр Афанасенко.

«Тартқан азабым, жоғалған денсаулығым үшін, әйелім мен қыздарымның төгілген көз жастары үшін тиісті өтемақы алуым керек. Сондай-ақ, бірнеше аңшы мылтығымен Қазақстанда қарулы төңкеріс жасамақ болды дейтін қара күйе, жалған айыптан жеке басымды біржола ақтап алғым келеді», – делінген Петр Афанасенконың хатында.

Петр Афанасенко мен оның адвокаты моральдық зиян келтіргені бойынша өтемақы өндіру жөніндегі талап-арызда денсаулығынан айырып, моральдық жапа шеккізгені үшін Рахат Әлиевке жауапкершілік жүгін артпақ. Петр Афанасенконың айтуынша, олар бұл талап-арыз бойынша азаптауға қарсы халықаралық заң нормаларына сүйенуі мүмкін. Алайда ол «азаптау» мәселесіне байланысты дәл Рахат Әлиевке қатысты қандай айғақ бар деген сауалға жауап беруден жалтарып кетті.

Өзіне қарата айтылған бұл сөздерге Рахат Әлиев: «Сандырақ. Егер мені азаптады немесе тағы да басқадай зорлық көрсетті деп шағымданғысы келсе, ондай талап-арызды жеке тұлғаның үстінен емес, Қазақстан Республикасының үстінен, мемлекет үстінен түсіруі керек» деп қысқа қайырып жауап берді.


РАХАТ ӘЛИЕВ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРДЫ

Ал Петр Афанасенко мен оны қолдаушылардың ақпараттық шабуылы Рахат Әлиевті тіпті де алаңдатпайтын сыңайлы. Ол өз қарсыластарының сөзін «біреуді ғайбаттау үшін ойдан шығарылған жала» деп санайды.

«Жарайды, жинаған құжаттары бар екен, онда сотқа берсін – сотта кездесіп, сотта сөйлесейік. Мұнда «Әлиевтен кәдімгі қылмыскер жасаңдар» дейтін бұйрықты бұлжытпай орындайтын сот жоқ. Ал мен саясатпен, онда да
Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайы.
оппозициялық саясатпен шұғылданып жүрген адаммын. Мұның барлығы да мені қаралау үшін жасалып жатқан әрекеттер», – дейді Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев сенімді түрде.

Мұнан өзге, оның сөзіне қарағанда «Батыста жалған куәлік еткен адам қылмыстық кодекстің аса ауыр бабы бойынша жазаға тартылады» және «саяси баспана алған осы бір адамның жанындағы қомақты ақшаға жұмыс істейтін адвокаттар мен заң кеңсесінің кімдер екені түсініксіз». Петр Афанасенко талап-арызының артында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мен ҰҚК-нің жаңа төрағасы Нұртай Әбіқаев тұрғанына Рахат Әлиев шүбә келтірмейді.

Рахат Әлиевтің болжамы бойынша, Петр Афанасенко «өз кінәсін мойындап келген» және сондықтан да аздаған мерзімге ғана сотталған. Оның үстіне, Петр Афанасенко «ҰҚК-нің кәсіби офицері болған емес, ал президенттің күзет қызметіне премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің әйелімен туыстығының арқасында орналасқан» дейді ол.

Рахат Әлиев Петр Афанасенконың Қазақстан президентіне рақымшылық жасау жөнінде өтініш жазып, бостандыққа шыққанынан, одан кейін Бельгиядан саяси баспана алып, қазір сонда тұратынынан да хабардар. Ол тіпті Афанасенконың «саяси босқынға берілетін жәрдемақыға ғана күнелтіп жүрген кедей» екенін де біледі.

Рахат Әлиев Петр Афанасенкоға қарсы қозғалған қылмыстық істі тергеуге өзінің мүлде қатыспағанын, одан ешқашан жауап алмағанын, «қылмыстық іс бойынша тергеу ісі – тек тергеушінің міндеті» екенін айтады:

«Менің білуімше, оның қылмыстық ісімен президент Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша Алматы қалалық ішкі істер департаменті шұғылданды. Егер жаңылмасам, бұл адам ҰҚК-нің тыңшылық аппаратынан да өтті және бұл қылмыс дәл соның көмегімен ашылды».

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы өзінің үстінен талап-арыз түсіруге ниеттеніп отырған Петр Афанасенконы «Назарбаев режимінің кезекті құрбаны» дей келе, оған іле-шала «Афанаскенконың өзгенің тапсырмасын орындап жүргенін жақсы түсінетінін» қосып қойды.

Рахат Әлиев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі жолындағы жарнама-акцияға «20 миллион долларға» дейін қаржы бөлінді деп пайымдайды. «Бұл ақшаның жартысы менің атыма күйе жағу үшін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына жұмсалды. Оған қоса осы жылдың соңына дейін... амалын тауып менің көзімді құрту жөнінде президент Назарбаевтың бұйрығы да бар» деп жалғастырады Рахат Әлиев өз ойын.

Рахат Әлиев сөз соңында, 2007 жылдан бері өзі туралы Астананың айтып келе жатқанының бәрі жала дейді. «Олардың «адам ұрлады», «заңсыз жолмен ақша жымқырды» деген айыптарының бәрінің де күл-паршасы шықты». Рахат Әлиев оған ең соңғы мысал ретінде былай дейді:

«Мәселен, маған Ливанда Анастасия Новикованы өлтірді деген айып тақты.
Тәуелсіздік алаңы жанындағы «Хабар» агенттігі ғимаратының үстіндегі «Нұрбанк» жарнамасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.
Бірақ Ливан Жоғарғы соты ешқандай да кісі өлтіру болмағаны жөнінде шешім шығарды. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ешбір сотта жеңген емес».

Рахат Әлиевтің сөзіне қарағанда егер өзіне қарсы, мәселен, Петр Афанасенконың талап-арызы секілді, қандай да бір талап-арыздар жасалатын болса, оның бәрі айналып келгенде Астанаға тиетін болады. «Нұрбанктің» екі менеджерінің жоғалып кетуіне байланысты бірнеше айға созылған ақпараттық шабуылдардан кейін тергеу ісі басталған 2007 жылдың көктемінде Рахат Әлиевтің де Қазақстаннан қашып кеткені белгілі. «Нұрбанктегі» осы аты-шулы жанжалға таяуда үш жыл толады, ал екі менеджер сол күйі із-түзсіз жоқ болды.
XS
SM
MD
LG