НЕСИЕ НАРЫҒЫНЫҢ КҮЙРЕУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕУ ҚАЖЕТ
Халықаралық валюта қорының таратқан мәлімдемесінде: «Қазақстан банктері қайтарылуы неғайбыл несиелер санының өсуін тоқтату үшін нәтиже боларлық іс-қимыл танытуы керек. Өйткені, осынау бұрынғы совет республикасында ұлттық экономиканың шапшаң өсуінің қауқары активтер сапасын арттыруға жетпейтін тәрізді» деп атап көрсетілгенін хабарлайды «Блумберг» агенттігі.
Бас пәтері Вашингтонда орналасқан Халықаралық валюта қорының сайтында Қазақстанға қатысты жарияланған бір ресми мәлімдемеде былай делінген: «Жұмыс істемей тұрған несиелер көлемін азайту үшін Қазақстан банктерінің елдің ресми билік орындарымен бірге кеңірек ауқымдағы шараларды батылырақ іс жүзіне асырғаны маңызды болмақ».
Мемлекет қарамағындағы «Самырұқ-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры өткен жылы елдегі ең ірі төрт несие мекемесінің қомақты үлестерін иеленген болатын. Бұл оқиға халықаралық несие нарығында несие беру тоқтатылып, елдегі жылжымайтын мүлік нарығы күйрегеннен кейін болған еді деп түсіндіреді сайт.
11 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ҚАРЫЗДЫ КЕШІРУ
Астана Қазақстанның ұлттық мұнай қорының есебінен қиын ахуалға душар болған ел банктері мен компанияларына қолдау көрсету үшін 10 миллиард АҚШ долларындай қаражат бөлген-ді.
Күйрегенге дейін елдегі ең ірі несие мекемесі болған БТА Банк, Альянс Банк, Астана Финанс акционерлік қоғамы және сол кезде БТА Банктің қарамағында болған Темірбанк несие берушілер алдындағы өз міндеттерін орындамады.
Бұлардың несие берушілерге қарызының жалпы көлемі 20 миллиард доллардың маңына жетті де, бұл қарыздарды қайта құрылымдау керек болды.
Қазір мемлекет қарамағындағы БТА Банк, Альянс Банк және Темірбанк өзінің несие берушілерімен келісімге келді. Бұл келісім-шарт бойынша осы банктер өз қарызының бұдан бұрынырақ айтылған жалпы сомасының ішіне кіретін 11 миллиард долларды қайтарылмайтын қарыз деп танып, біржола жабу құқын алып отыр деген болатын сәуір айында жасаған мәлімдемесінде «Самырұқ-Қазына» қорының өкілдері.
Халықаралық валюта қорының өкілдері қарызды қайта құрылымдау «осы банктердің қаржылық ахуалын тұрақтандыруға қол жеткізудегі басты шара болғаны» туралы мәлімдеді деп атап көрсетеді «Блумберг».
Осындай ахуалға қарамастан, жұмыс істемейтін несиелер санының «жедел» көбейіп отырғандығы банктердің несие тәуекеліне тым тәуелді болып қалып отырғанын көрсетеді. Мұндай тәуелділікке нарықтың валюталық компоненті себеп болып отыр.
Мұндай қатер «төмен деңгейдегі әрі долларландырылған депозит базасы, шетелдік несие ресурсын пайдалануға тәуелділік және несие бөлудің тым тәуекелшіл, босаң тәртіптерін қолданудың араласуынан туып отыр», - деп атап көрсетеді Халықаралық валюта қоры өз мәлімдемесінде.
Тоқсан күннен астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған (яғни олар бойынша несие берушілерге пайыз төленбей отырған) несиелер көлемі тез өсіп, биылғы мамыр айының 1-іне қарай 2,45 триллион теңгенің (16,64 миллиард доллар) деңгейіне жетті.
МЕМЛЕКЕТТТІҢ ЭКОНОМИКА ІСТЕРІНЕ АРАЛАСУЫ
Ал өткен жылы дәл осы аталған қарыз мөлшері 984 миллиард теңге деңгейінде болған болатын.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі веб-сайтында қазіргі кезде тоқсан күннен астам уақыт бойы жұмыс істемей тұрған несиелер көлемі банктер тарабынан бөлінген несиенің жалпы көлемінің 26 пайызын құрап отыр деген мәлімет келтіріледі .
Халықаралық валюта қорының бағалауына қарағанда, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі биыл мөлшермен 4 пайыздай өсуі тиіс.
Өндірістің өсуінің жалпы көлемі биылғы жылдың бірінші төрт айы ішінде 7,6 пайызды құрады, – деп мәлімдеді елдің қаржы министрі Болат Жәмішев мамырдың 14-і күні.
«Банк секторының қиыншылықтарын еңсере салысымен, экономика айырбас бағамының қалыптасуында нарықтың кеңірек рөл атқаруына қол жеткізу есебінен ұтар еді және бұл орталық банктің (ұлттық экономика жұмысына) араласу деңгейін төмендетуге мүмкіндік берер еді», – делінген Халықаралық валюта қорының мәлімдемесінде.