«ҚАЗАТОМПРОМ» МЕН «ТОШИБА» КЕЛІСІМ-ШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Жапонның «Тошиба» фирмасымен «Қазатомпром» компаниясы таяуда сирек металдарды өндірумен айналысатын бірлескен кәсіпорын құруға қатысты ниеттестік хаттамасына қол қойды. Аталған кәсіпорын бериллий мен тантал тәрізді сирек кездесетін металдарды, сонымен қатар, диспрозий әрі неодим тәрізді сирек жер элементтерін өндірумен айналысатын болады, деп хабарлайды «Neurope» сайты.
Онлайн-басылым Жапония үкіметі шенеунігінің өз елі үшін аталған элементтерді жеткізуді қамтамасыз ету төтенше маңызды мұрат болып табылатыны жөніндегі сөзін келтірген. Диспрозий мен неодимнің магниттік қасиеттері оларды қуатты да жеңіл қозғалтқыштарды өндіруде қолдануға мүмкіндік береді. Электроқозғалтқыштың қуаты мен салмағының жеңілдігі пайдалануға оңтайлы әрі үнемді электркөлігі құралдарын жасау ісінде маңызды техникалық сипаттама болып саналады. Мұндай көлік санатына электромобилдер де енеді.
«Тошиба» фирмасының өкілдері дүниежүзілік нарықта сирек металдарға деген сұраныстың өсіп отырғанын тілге тиек етеді. Себебі, дейді олар, аталған элементтер қоршаған ортаға қауіпсіз әрі энергияны үнемдеп жұмсайтын әртүрлі өнім түрін өндіруде көптеп қолданыла бастады.
Бұдан бұрынырақ баспасөзде «Қазатомпром» жапонның тағы бір фирмасы «Сумитомомен» сирек металдарды жеткізіп беру жөніндегі келісімге қол қойғаны туралы ақпарат жарияланған еді. «Файненшл таймс» басылымының хабарлауына қарағанда, сирек жер элементтерін жеткізуді қамтамасыз етуге қатысты жапон компанияларының қарқынды белсенділігіне мұрындық болып отырған Жапония үкіметі екен.
Газет қазан айында әлем бойынша сирек жер элементтерін өндіру саласында үстемдікке ие болып отырған Қытайдың кейбір аталған элементтер түрін экспорттауға тыйым салуы мүмкін екендігі туралы сыбыстардың тарап кеткені жөнінде жазады. Бұл жайт халықаралық кәсіпкерлік қауымдастық ішінде аталған материалдардың келешектегі жеткізілімін қамтамасыз етуге байланысты алаңдаушылықты күшейтіп жіберген.
Бүгінгі күні әртүрлі электроникалық тауар өндіру үшін қажетті сирек металдардың көптеген түрі, мәселен тантал, дүниежүзілік нарыққа шектеулі мөлшерде жеткізіліп беріп отыр. Осындай өнім өндіретін басты фирманың бірі «Тошиба» жартылай өткізгіштерді өндіру үшін қажет осы бір шикізатты ұзақ мерзім аясында сенімді негізде жеткізіп отыруды қамтамасыз етіп алуға ұмтылуда.
Аталған шикізат түрінің келешекте әлемдік нарықта орын алуы мүмкін тапшылығы Жапония үкіметін күнібұрын қатты алаңдатуда, деп атап көрсетеді басылым. Жапония Демократиялық партиясының биылғы жылғы сайлауалды манифестінің басты ұранының бірі мынадай болған екен: «Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы сирек металдар жеткізілімін қамтамасыз ету және экспорттаушы елдермен дипломатиялық қарым-қатынасты дамыту». Осыған байланысты Қазақстан Жапонияның дипломатиялық мүдделерінің басты нысанының біріне айналды, деп түсіндіреді «Файненшл таймс».
«Тойота» компаниясының саудамен айналысатын бөлімшесі болып табылатын «Тойота тцушо» фирмасы Үндістан мен Вьетнамда сирек металдарды өндіру әрі оны Жапонияға жеткізумен айналысатын бизнесті ұйымдастырып жатыр. Сонымен қатар, Жапония үкіметі Оңтүстік Африкадағы бірқатар елдермен осы мемлекеттер аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу туралы келісім-шартқа қол қойған.
АВТОМОБИЛЬ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ
Бұдан сәл ертерек «Таймс» басылымы күні бүгін Қытай сирек металдар жеткізілімі нарығын бүтіндей дүние жүзі бойынша монополияландырып отыр деп жазды. Аталған металдар жаңа технология салаларында экологиялық таза өнім өндіруде қолданылады.
Осындай саланың бірі электромобиль жасау өнеркәсібі болып саналады. «Неміс толқыны» жаңалықтар қызметі бұдан бұрынырақ 2050 жылға қарай Германия жолдарында кәдімгі аутокөлік санынан электромобиль санының басым болатыны туралы хабарлаған еді. Германия үкіметі болса өз мемлекетінің аутокөлік өнеркәсібіне 2020 жылға дейін бір миллион электроаутомобиль, ал 2030 жылға дейін бес миллион электроаутокөлік өндіруге қол жеткізуді міндеттепті.