ЕКІ БӨЛЕК АҚПАРАТ
Қыркүйектің 14-15 күндері Астанада өткен семинарда өмір бойы бас бостандығынан айырылған сотталушылармен қарым-қатынастың халықаралық стандарттары сөз болды. Семинар Еуропалық комиссия мен қазақстандық «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық ұйымының қолдауымен өтті.
Семинарды ұйымдастырған «Халықаралық түрме реформасы» халықаралық үкіметтік емес ұйым 1989 жылы құрылған. Қазіргі уақытта бұл ұйым сексенге жуық мемлекет өкілдерінің басын біріктіріп отыр.
Ел тұрғындарына шаққанда сотталушылар саны бойынша Қазақстан әлем елдері арасында он жетінші орында тұр.
Басында аса қызықты емес секілді болып басталған бас қосуды жас буын «ыңғайсыз» сұрақтарымен бір серпілтті. Сотталушылар құқығын қорғайтын комитеттің Астанадағы өкілі Махамбет Әбжанның мәлімдемесінен кейін самарқау отырған қатысушыларға жан бітіргендей болды. Құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің әріптесі Махамбет Әбжан кезінде темір тордың арғы жағында болып қайтқан.
Әбжанның мәлімдеуінше, Гранитныйдағы 166/25 жалпы режимдегі колонияда болған тәртіпсіздікті басу барысында сегіз адам мерт болған. Жасырын дереккөзге сілтеме жасаған ол, 11 тамыз күні төрт сотталушыны ішкі әскер қызметкерлері атып өлтіргендігін хабарлады. Бұдан бөлек құқыққорғаушы ресми тұлғалардан қоғамдық бақылау жүргізетін комиссия құрамына сотталғандардың туыстарын кіргізуге қатысты пікірлерін сұрады.
Айта кету керек, Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Сұлтан Күсенов жиынның алғашқы он бесінші минутында шығып кетті. Сол кеткеннен төрағаны көрген ешкім болған жоқ.
Сондықтан құқыққорғаушы Махамбет Әбжанның сұрағына ресми тұлғалардың орнына «Адам құқығы үшін хартиясының» директоры Жеміс Тұрмағамбетова жауап берді.
Ол алдымен, соңғы кездері елде бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары «негізсіз шу шығарып, қоғамда дау тудырып» жатқандығын айтты. Алайда олардың атын атап, түсін түстеген жоқ.
Махамбет Әбжанның ұсынысын сынға алған ол, өзінің оған үзілді-кесілді қарсы екендігін айтты.
– Туысқандардың эмоцияға берілуі комиссияның обьективті қортынды жасауына кесірін тигізеді, – деді Жеміс Тұрмағамбетова.
Ал жиыннан кетіп қалған төрағаның орынбасары Есқали Саламатов «колонияда сегіз адам қаза болды» деген сөздің қауесет екендігін айтты. Дегенмен, тергеу құпиясын алға тартып, кеңірек ақпарат беруден бас тартты.
ТАСБАҚА ТӘСІЛІ
Жиында ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау жөніндегі кеңесшісі Мирослав Новак та өз ойын ортаға салды. Кеңесші, түзету мекемесіндегі тәртіпсіздіктерді басуда қару қолдану өз өзін ақтамайтындығын атап өтті. Оның сөзінше, тәртіпті қамтамасыз етуде арнайы құралдар болса болғаны.
Мирослав Новак «тоқпақтан гөрі қалқан жақсы» екендігіне сенімді. Ол түрмеде наразылық танытқандарды қарапайым «тасбақа» тәсілімен бір бұрышқа ығыстыруға болатындығын көрсетті.
Ол еуропалық елдерде прокуратура қылмыстық-атқару жүйесінен бөлек қызмет етіп келе жатқандығына 15 жылдың жүзі болғандығын айтты. Бұл үшін пенитенциарлы сот жеткілікті. Ол бұрынғы ССРО мемлекеттеріндегі сот жүйесін кеңесші каннибализммен салыстырды.
ЕҚЫҰ кеңесшісімен қоса, Польшаның қылмыстық-атқару жүйесінің полковнигі болып табылатын Мирослав Новак, өз елінде бұл жүйенің төменгі және ортаңғы деңгейінде, тек азаматтық тұлғалар ғана қызмет ететіндігін атап өтті.
Әрине, олар жұмысқа арнайы дайындық курсынан өткеннен кейін барып кіріседі. Заң факультетінің студенттері, педагогтар, психологтар, дәрігерлер сынды азаматтық мамандық иелері, арнайы курстардан кейін қазіргі түрме қызметкерлерін ауыстыра алады.
Айтпақшы, бұл курстарда ең басты сабақ – «ұрып-соғуға тыйым салу» оқытылуы тиіс.
ҚЫРҒЫЗСТАН ҮЛГІСІ
ЕҚЫҰ Орталығының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау жөніндегі кеңесшісі Мирослав Новак, жаппай бас көтерулер болмайтын әрі сотталушылардың негізгі құқықтары сақталатын жүйе – ең жақсысы екендігін қайталаудан жалықпады.
Мысал ретінде Қырғызстанның пенитенциарлық жүйесін атап өтті. Құқыққоғаушылар елде сотталғандардың құқығы сақталмай жатқан бірде-бір факті мен түрмедегілердің жаппай наразылық ұйымдастырғандығы тіркелмегендігін айтады.
Новактың сөзінше, бұл – сотталушыларға адами қарым-қатынастың нәтижесі. Осының дәлелі ретінде, осы жазда Қырғызстанның болған тәртіпсіздіктер барысында, түзету мекемелерінде ғана тәртіп сақталғандығы айтылды.