Accessibility links

Сотта ісі қаралып жатқан кәсіпкер Серік Тұржановқа қосымша талап қойылды


Кәсіпкер Серік Тұржанов, Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті. Алматы, 3 қаңтар 2009 жыл.
Кәсіпкер Серік Тұржанов, Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті. Алматы, 3 қаңтар 2009 жыл.

Астананың Есіл аудандық №2 сотында кәсіпкер Серік Тұржановтың ісі бойынша сот процесінің кезекті отырысы өтті. Кәсіпкердің туыстары мен адвокатының айтуынша, айыптаушы жақ Тұржановқа қосымша айыптар тағып отыр.


Серік Тұржановқа қатысты сот ісінде, ақпанның 22-күні, талапкер – Статистика жөніндегі агенттіктің өкілі – кәсіпкерге қарсы бұрынғыларға қосымша тағы бір талап қойды. Яғни енді айыпкерден 2009 жылғы Ұлттық санақ кезінде мемлекетке келтірілген зиянды өндіріп алуды соттан сұрап отыр.

Бұған «КИІК фирмасы» компаниясының құрылтайшысы Серік Тұржановтың адвокаты мен туыстары өз наразылықтарын білдірді. Тұржановтың адвокаты Венера Нұрғалиеваның айтуынша, айыпкерге қарсы жаңадан бұл талап-арызды беру кезінде заң ережелері сақталмаған. Сол себепті адвокат ол талаппен өзінің келіспейтіндігін мәлімдеді.

– Азаматтық талапкер талапкер – Статистика жөніндегі агенттіктің өкілі – бүгінгі сот отырысында, өздеріне келген зиян деп санайтын ақша сомасын айыпкерден өндіріп алуды сұрап талап түсірді. Ал бірақ талап-арызды тапсырғанда заң талаптарын өрескел бұзған. Біз, адвокаттар, онымен келіспейтіндігіміз туралы өз ұстанымдарымызды білдірдік, – деді Венера Нұрғалиева

Серік Тұржановтың туыстары сот әділ шешім шығарады деп үміттенеді. Кәсіпкердің зайыбы Мейрам Тұржанова жұбайының осы іс бойынша тағылып отырғанда айыптардың ешқайсысын жасамағандығын айтады. Сегіз айға жуық қамауда отырған Серік Тұржановтың өзі де өзін кінәсізбін деп санайды.

– Тыңдау барысында сот төрешісі істі объективті тұрғыдан қарап, шешім шығарады деп үміттенеміз, – дейді Мейрам Тұржанова.

«КИІК фирмасы» компаниясының құрылтайшысы Серік Тұржанов былтырғы жылы маусымның 2-күні 2009 жылы бүкілхалықтық санақ өткізу үшін бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырған деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеу қортындысында, бюджеттен санақ өткізуге бөлінген қаржыдан 379 миллион теңге (2,5 миллион доллар шамасында) ғана мақсатты шараларға жұмсалып, қалған 764,8 миллион теңге (5,1 миллион доллар) қаржыны Статистика жөніндегі агенттіктің лауазымды тұлғалары мен жеке меншік кәсіпорындардың басшылары талан-таражға салғаны айтылған.

Бұл іске бойынша Серік Тұржановпен қатар «КИІК фирмасы» компаниясының бас директоры Александр Нысанов, Статистика жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаев қамауға алынған болатын.

Ал сол уақытта Статистика агенттігінің басшысы қызметінде болған Анар Мешімбаева осы қылмысқа қатысы бар күдікті ретінде қазір халықаралық іздеуде жүр.
XS
SM
MD
LG