Accessibility links

Астанада қазақ күресінен үшінші әлем чемпионаты аяқталды


«Түйе палуан» атағы үшін ақтық жекпе-жекте Семейден қатысқан Айбек Нұғымаров түркиялық бақталасынан күш асырды. Астана, 23 қазан 2010 жыл.
«Түйе палуан» атағы үшін ақтық жекпе-жекте Семейден қатысқан Айбек Нұғымаров түркиялық бақталасынан күш асырды. Астана, 23 қазан 2010 жыл.

Астана қаласында қазақ күресінен кезекті әлем біріншілігінің қортындысында Қазақстанның алты палуаны жеңімпаз атанды. Бұл жарыста жеті салмақ дәрежесі бойынша және «түйе палуан» атағы үшін барлығы 39 елдің мықтылары бақ сынады.


22-23 қазан күндері Астана қаласында қазақ күресінен III әлем біріншілігі болып өтті. Боз кілем үстінде әлемнің 39 елінен келген екі жүзге жуық палуан бақ сынады. Алты бірдей алтын медалді қазақстандықтар иеленсе, Моңғолия және Латвия палуандары бір-бір алтынды олжалады.

БЕС ҚҰРЛЫҚТЫҢ ПАЛУАНДАРЫ КҮШ СЫНАДЫ

Қазақ күресінен III әлем чемпионаты жеті салмақ және түйе палуан атағы бойынша өткізілді. Бұған дейінгі екі рет өткен әлем біріншілігінен айырмашылығы, биылғы жарысқа әлемнің бес құрлығынан палуандар қатысты. Голландия, Германия, Литва және Латвия елдерімен бірге Австралия мен Африка құрлықтарынан келген күштілер жүлделі үшінші орынды иеленуі қазақ күресіне деген
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Жақсыбек Түкеев. Астана, 23 қазан 2010 жыл.
қызығушылықты байқатады дейді мамандар.

– Біз қазақ күресінің ережесін 138 мемлекеттің тіліне аударып бейнетаспамен бірге жібергенбіз. Көптеген елдер қызығушылық танытып, «келеміз» деді. Алайда қаржы тапшылығына байланысты біз тек осы 40 мемлекетке тоқталдық. Егер қаржы біраз молдау болғанда бұл жерге 70-тей мемлекет келер еді, – деді дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Жақсыбек Түкеев Азаттық тілшісіне.

Биылғы жарысқа, ережесі қазақ күресіне ұқсас келетін дзюдо және самбо күрестерінің шеберлері болып саналатын Жапон және Корей елдерінің палуандары қатысқан жоқ. Жарыстың бас төрешісі Бақыт Жаңбырбаевтың айтуынша, ол елдер басқа бір жарыстан қолдары тимей қалған.

Есесіне, Еуропа елдерінен келген палуандардың саны көп болды. Германияның Мюнхен қаласында тұратын ұлты қазақ Өмірхан Алтын, батыс Еуропаның бірнеше елінен жиырмадан артық палуандарды алып келді. «Нәтиже жаман емес» дейді ол. Екі голландиялық пен екі неміс палуанының әрқайсысы күміс жүлдегер атанды.

– Қазақ күресіне мүмкін болғанша жергілікті ұлттың балаларын тартуды көздеп жүрмін. Ондағы басты мақсат, қазақ күресі арқылы қазақтың тілін, дәстүрін таныту. Өйткені қазір Еуропада «қазақтар» дегенде анау Борат айтқандай ма, әлде футболда жүргендер сияқты ма, болмаса ана велоспортта жүрген испандар сияқты ма, соны шатастырып алатын болды. Сондықтан нағыз қазақты қазақ күресі арқылы таныту керек болды. Менің әкелген жігіттерім нағыз қазақты көрді – дейді Өмірхан Алтын.

ЖЕҢІМПАЗҒА СЫЙЛЫҚ БІР МЫҢ АҚШ ДОЛЛАРЫ

Қазақ күресінің жеңіпаздары ақшалай сыйлық ретінде бір мың АҚШ доллары көлемінде сыйлық алды. Қатысушылар тарапынан
Германияда тұратын қазақ Өмірхан Алтын. Астана, 23 қазан 2010 жыл.
жарыстың жүлде қорының аздығына қынжылыс айтқандар да болды.

– Мәселе ақшада тұрған жоқ, бірақ «қазақ» дегенді көрсететін жалғыз спорт түрінде бұлай жасау ұят емес пе? Велосипедшіге миллиондап ақша төкті, футболға соншама миллион жұмсап жатыр, жеңілеміз де жатамыз, ұят емес пе? Күресте бірде бір демеуші жоқ. Анау түрік борделінде қазақстандық байлар ақшаны шашып жүр. Қазақ компаниялары неге қолдау көрсетпейді? Германияда осыны маған бетіме басады. Жүлдені тағайындап отырғандар осы күрестің басы-қасында жүрген бірнеше жанашыр жігіттер ғана, – дейді Өмірхан Алтын.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Жақсыбек Түкеев, қазақ күресіне Қазақстанның ұлттық компаниялары қолдау көрсетуден бас тартқанын жасырмады.

«Қазақ күресінен өткен жарыс, осы спортқа жанашырлық танытатын бірнеше қалталы азаматтардың ғана қаржылық қолдау көрсетуімен өткізілді», – дейді ол.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Чемпионат барысында федерация мүшелерінің қатысуымен жабық есік жағдайында жиын өтті. Оған дүниежүзілік күрес
66 келі салмақта күш сынаған палуандар (солдан оңға қарай): голландиялық Демель Шул – күміс жүлде, Санжаасүренжиң Миарагча – алтын, қазақ Қуаныш Мұратов пен өзбек Әлім Равшанов – қола жүлдегерлер. Астана, 23 қазан 2010 жыл.
федерациясының президенті Рафаэль Мартинетти қатысқан. Осы жиында болған Германия азаматы Өмірхан Алтынның айтуынша, Рафаэль Мартинетти қазақ күресіне жоғары баға берген.

«Ол қазақ күресін халықаралық деңгейге ресми түрде шығару керек деген пікір айтты, яғни, қажетті қаражат бөлінсе шығаруға болады», – дейді Өмірхан Алтын.

Қазақ күресі федерациясы 2004 жылы құрылған. Қазақ күресінен алғашқы әлем чемпионаты 2006 жылы Алматы қаласында, одан кейін 2008 жылы Ресейдің Орск қаласында өтті.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Жақсыбек Түкеев, алдағы төрт-бес жылдың жүзінде қазақ күресі олимпиада ойындарына кіреді деген үмітте. Тек ол үшін, әрине, қаржылық көмек қажет дейді федерация өкілі.
XS
SM
MD
LG