«МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ ОСЫ КӨЛІКПЕН БАЙЛАНЫСТЫ МА ДЕП ОЙЛАЙМЫН»
Кейіпкеріміздің басқа саяхатшылардан бір ерекшелігі – саяхатты көпшілік пайдаланатын автобус, пойыз немесе ұшақ сияқты көліктермен емес, қарапайым екі дөңгелекті велосипедпен жасайтындығында. Қаланың сыртында тұратын ол қаланың қақ ортасындағы қызметіне күнделікті осы көлігімен қатынайды.
«Мен өте кішкене кезімнен велосипед жүргізіп үйрендім, әкемнің зарығып көрген жалғыз ұлы болғандықтан қолымды қақпай менің әрбір өтінішімді орындайтын әкемнің сатып әперген велосипедімен сабаққа баратынмын. Жалпы менің тағдырым осы көлікпен байланысты ма деп те ойлап қаламын, өйткені оқушы кезімнен-ақ үйден алыстағы мектепте оқыдым, сол кезде велосипедпен қатынауға тура келді. Бұл менің хоббиім емес, серігім болып кетті. Ал саяхат жасауға келсек, алғашында Алматы облысының кей аудандарын аралап көріп, 5-6 шақырым жерге дейін велосипедпен барып, әрі қарай автобуспен жол жүріп кететінмін. 2005 жылдан бері тұрақты түрде велосипедпен жүремін», – дейді Темірхан Момбекұлы.
Велосипедпен саяхаттауды алғаш рет 2005 жылдың он сегізінші тамызы күні туған жері Түркістан сапарынан бастаған. Бұл сапар «Қасиетті Қазақ жері» атты энциклопедиялық кітап жазу идеясынан туындаған. Осы ойын жүзеге асыру үшін күллі Қазақстанды велосипедпен аралауды мақсат тұтып отырған саяхатшы бұл жайында былай дейді:
«Бұл сапарда қалада тұрғандықтан, нарықтық қоғамда өмір сүріп отырғандықтан жанымыз роботтанып, түсініктер алмасып, құндылықтардың орын ауысып жатқан шақта осы мәселеден аз уақытқа болса да ажырау, даламен қауышу, ауыл баласының жанына жақын табиғат - анамен етене жақын болу, ел аралап, жер көру, барған жерімнің жазылмаған шежіресін, тыныс-тіршілігін қағазға түсіріп, әсерімді елмен бөлісуді мақсат еттім. Біз көріп өскен ауыл мен сол ауылдың қарапайым тұрғындары осы өтпелі кезең аталатын моралі басқалау уақыттағы күнкөрісі мен ой-өрісін бақылау, көзбен көру.
Қазақтың тарихы деп үлкен масштабтағы, қағазға түскен оқиға мен адамдарды ғана танитынымыз рас, ал одан басқаны ауылдық, аудандық дәрежеде деп елемейтініміз рас, осы сапарда жергілікті жерлердегі танылмай жатқан тұлғалар мен уақыттың шаңы басқан жәдігерлерді аршып, болашаққа жеткізуді басты назарға алдым.
Хатқа түспеген аңыздарды жинау, кішігірім оқиғалар демей, жергілікті аймақтардағы халықтың тарихын түгендеу деген ойдан көп бастамалар туындады. Бұл сапарлардан жазып келген материалдарымды Қазақ радиосында жүргізетін «Ел суреттері», «Қойын дәптер», «Отырар кітапханасы», «Қазақ жері» атты хабарларым арқылы республика жұртшылығына таратудамын.
Велосипедпен жүру денсаулыққа пайдалы, сонымен қатар адамға азаттық сыйлайды, машинамен жүрсең, жанармай керек, атпен жүрсең жем-шөп керек дегендей, ел аралап жүргенде олардың бабын таба алмай қиналып қалуың мүмкін, ал велосипедке артық ештеңенің керегі жоқ».
Саяхатшының велосипедпен жасаған алғашқы сапарын кір жуып, кіндік кескен атажұртынан бастауының да өзіндік себебі жоқ емес, елден жырақта жүрген соң алғашқы үлкен жолға шыққанда атамекеннің батасын алып, ертерек кетіп қалғандықтан, ой-шұқырын өзі біле бермейтін туған жердің шежіресіне ойдағы кітаптың бас жағынан орын беру де ойда болғаны байқалады.
«Атамекенге барған сапардың кітаптағы тарауын «Нартәуекел» деп атадым, себебі бұдан бұрын алыс жолға велосипедпен шығып көрмегенмін, оның үстіне туған жерім болғанымен жас кезде елден кетіп қалғандықтан көп жерлер ойда сақталмапты, сондықтан ұзақ сапардың басын осылай бастағанды жөн көрдім.
Сөйтіп, 2005 жылдың он сегізінші тамызы күні басталған сапарым бір ай бойы Қызылорданың Жаңақорған ауданы мен Оңтүстік Қазақстанның Түркістан ауданының жерінде өтті, осы уақыт аралығында екі облыстың 48 ауылын аралаппын».
«АЙДАЛАДА ЖОЛ ЖҮРГЕНДЕ ҚОРЫҚҚАН ДА, АУЫРҒАН ДА КЕЗДЕРІМ БОЛДЫ»
«Сапардың екінші кезеңінде Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанмен шекаралас ауданы Мақтааралды араладым. Туған жерімде өткізген бұл сапардың жазба нұсқасына балалық шағымның символикасы болсын деген оймен «Тәжік қызы» деген ат бердім, біздің ауылда тәжік, грек, өзбек деген ұлттар көп болатын, біз солардың балаларымен араласып, бірге ойнап өстік», – дейді Темірхан Момбекұлы.
Темірхан Момбекұлы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде, Түркістан қаласы, тамыз, 2005 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Осы күнге дейін Қазақстанның тоғыз облысын аралап, көрген-білген деректерін болашақ кітабына қолжазба нұсқасында дайындап жүрген жазушы 2006 жылғы сапарын өзі қызмет істейтін Қазақ радиосының 85 жылдық мерейтойына арнады.«2006 жылы Жетісу жерінен басталып, үш облыстың жерін басып өтіп, Түркістанға бардым. Радионың сол кездегі басшылары осы сапарыма демеушілік көрсетіп, көлігімді жаңартып сатып әперді.
Түркістанға тікелей бармай, жолдағы Алматы облысының ауылдары мен Жамбыл облысын аралап жеткен 15 күндік бұл сапарым Қазақ радиосының тойына орай арнайы акция ретінде жасалды. Жолай Жамбыл, Бауыржан аталарымыздың мұражайларын, Айша бибі, Арыстан бап кесенелерін аралап, құран оқып, зиярат етіп жүрдім.
Қасиетті орындарда зиярат жасау, ата-балалар рухына құран бағыштау деген ұлттық тұрғыдан да, діни жағынан алғанда да ежелден бар қағида ғой. Бұл жолы да қоржыным толып рухани азық жинап, олжалы қайттым. Әрине, айдалада жол жүрген соң ауырып қалған да, қорыққан да сәттерім болды, бірақ жалпы алғанда сапарым сәтті өтті», – дейді саяхатшы.
«ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫСЫ ҚҰРАН ОҚЫП АЛҒАН ТОПЫРАҚТЫ АЛЫП ЖҮРУІМ БОЛДЫ»
Бұдан кейінгі кезекті жолсапардың басқалардан өзгешелігі, саяхатшы бұл жолы Жетісудағы Райымбек батырдың атамекенінен, күллі қазаққа ортақ үш жүздің басы қосылып, Абылай хан болып сайланған мекенге топырақ алып барды.
Бұл сапары туралы кейіпкеріміз: «Құран оқып алған топырақты жол бойы алып жүрудің өзіндік шарттары бар, жауапкершілігі мен салмағы да жетерлік, бұл идеяны маған ақын Ғалым Жайлыбай айтқан. Тоғыз сапарымның ішіндегі ең қызықтысы осы болды.
Темірхан Момбекұлы Қорасан баба басындағы қасиетті судан ішіп тұр, Қызылорда облысы. Жеке мұрағаттағы сурет.
Әрине, бізге Сыр елі де, Нарынқол да, Қызылжар да, Үстірт те, яғни қазақтың барлық жері қымбат қой, дегенмен Сарыарқаның қазақ үшін орны бөлек екеніне осы жолы көзім анық жетті. Бұған дейін астанамыздың ауысқанына ренжіп, Алматының астаналық мәртебесін қимай жүретін едім, осы сапардан кейін Астананы мойындап қайттым», – дейді.
«Сапардың бәрі сәтті бола бермейді ғой, реті бойынша бесінші сапарымда шығысқа бет алып, Талдықорғанды аралап едім, әрине, ол жақтан да олжасыз оралғаным жоқ, дегенмен осы жолы сәтсіздеу сапар болды, себебі бюрократтық кедергілерге көп ұшырап, баратын уақытымнан кешігіп, күннің ыстығына тап болдым. Бұл сапарлар тікелей ауа-райына тәуелді болғандықтан жол жүруді бірқалыпты күн райына жоспарлаймын ғой».
«ТАҒДЫРЫ ҚЫЗЫҚ АДАМДАРДЫ КӨП КӨРДІМ»
«Әр сапарда әртүрлі адаммен жүздесесің, ал әр адам — бір тағдыр. Әдетте, біз қайсарлық, өмірге құштарлық хақында Павел Корчагинді немесе өзіміздің Зейнолла Шүкіровті мысалға аламыз ғой, осы жолы мен үйлене салып, сал болып төсек тартып, 8 жыл жатып, қайтпас мінезінің арқасында өмірге қайта келгендей тіршілік кешіп жатқан Айжарық деген ақын жігітпен жолықтым.
Қазір мұғалім болып бала тәрбиесімен айналысып жүрген отағасының тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қазіргідей адамдар қараптан-қарап қажып жүрген уақытта мұндай адамдардың өмірі өзіңді де рухтандыра түседі.
Темірхан Момбекұлы алыс қашықтыққа жүгіретін желаяқ Әскермен бірге. Пресновка ауылы, Жамбыл ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. Жеке мұрағаттағы сурет.
Ал Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапар барысында Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада Әскер деген жігітпен таныстым. Ол қазақтан шыққан тәулік бойы тоқтамай жүгірудің шебері екенін, Петерборда өткен халықаралық сайыста үздік жиырмалыққа кіргенін көп жұрт біле бермейді», – дейді кейіпкеріміз.Қазақтың дархан даласын аралап жүріп, қай жердің де далиған құр дала емес, әр тасы шежіре шерткен құнарлы топырақ екеніне шын мәнінде көз жеткіздім деген саяхатшы өткен жылғы сапарында Оңтүстік Қазақстанның Созақ ауданында болыпты. Бұл сапар жайында:
«Облыстың солтүстігінде орналасқан Сарыарқамен, Жамбыл, Қызылордамен шектесетін Созақтың халқының тіршілігі де, психологиясы да, тәртібі де басқаша дегенді естіп, көзіммен көруді армандап жүрген едім, бұл сапарда «Баба Түкті Шашты Әзіз», Алпамыс батырлардың мекені, Жылыбұлақ сияқты тарихи орындарда болып қайттым», – дейді Темірхан Момбекұлы.
Өнер кенішіне баланатын ел ішін аралап, жәдігерлерін жинап жүрген жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Темірхан Момбекұлы Түркістани жақында ғана Ақжайықтан сапарлап оралды. Бұл оның тоғызыншы сапары.
«Армандаған Ақжайықты көріп қатты шабыттанып қайттым. Бұл Сарыарқа сапарынан уақыты жағынан аздау болғанымен, әсері бір де кем түскен жоқ. Тәуелсіздіктің алдында, кеңес үкіметі құлардың алдында біздің қай жерімізге де көрші елдердің, кейбір сепаратистік топтардың көз алартқаны мәлім. Солардың бірі казактар.
Менің осы сапарымда танысқан тағы бір кейіпкерім қазір жасы қырықтың қырқасына шыққан Мұнайдар Балмолда деген жігіт. Ол жиырма екі жасында казактарға қарсы үнсіз қарсылықты ұйымдастырып, «бейбітшілік кезінде қан төкпей-ақ қояйық, алайда олардың бізге не істейтінін білмейміз, өле кетсек сұрауымыз жоқ» деп, 113 адаммен бірге қолхатқа қол қойған қазақ. Олардың үнсіз қарсылығының өзі-ақ казактарды қаймықтырып, олар сол кезде 400 жылдық мерекені тойлап өткізіп жатқан концерттерін үзіп тастап, жоспарларын іске асырмай тарап кеткен.
Жоғарғы жақтың үнсіздігіне шыдамай, осы оқиғаға саяси баға берілсін деп, Парламент үйінің алдында аштық жариялап жатқан Айсұлу Қадырбаеваға Оралда жүріп қолдау білдірген. Оның бұл әрекетін теріс түсінушілер оны суық күзде фонтан суымен атқылап, қыдырған болып жүріп, иттеріне қаптырыпты.
Оралға барған сапарымда Жымпиты ауданында Күнбатыс Алашордасы әскерінің ІІІ құрылтайы болған үй сақталыпты, одан соң қазір Сырым Датұлы атындағы мұражайға айналған Алашорда үкіметінің үйін көрдім», - дейді ару Жайықтан таяуда ғана оралған саяхатшы.
«АЛ САРЫАРҚАДА ТІПТІ МАҒАН ТОПЫРАҚ ШАШҚАН ЖЫЛҚЫЛАР ДА БОЛДЫ»
Ел аралап, жер көрудің жаңа әсер сыйлап, жаңа таныстармен қауыштыратын қызығымен қоса, үйінен қырық қадам ұзаған адамды кіріптар қылып, мүсәпір ететіні де белгілі ғой. Біздің кейіпкеріміз де Қазақстанның түкпір-түкпірінен жақсы достар тауып, ел ішінің шежіресін жинаумен бірге әр сапардан әр түрлі ой түйіп, қызық-қызық жайттардың да, адамдардың түрлі мінезділігінің де талай куәсі болған.
«Кім екеніңді айтып тұрсаң сенбейтін адамды да, жағдайыңды түсіндіріп тұрсаң да кердең қағатын тасыраң мінездіні де көрдім. Ал жақсы адамдардың шарапаты мен тек қана алғысқа лайық қылықтары өз алдына. Адамның қылығынан гөрі мені сүйсінткен, таң қалдырған жылқылардың дегдарлығы болды.
Сырдарияның көпірінен өтіп бара жатсам, бір үйір жылқы жайылып жүр екен, мен оларға ұзақтау қадалып қалыппын, сонда үйірдің бастаушысы айғырдың маған оқшырайып жақтырмай көз тіккенін байқадым. Сөйттім де тез жүріп кеттім. Ал Сарыарқада тіпті маған топырақ шашқан да жылқылар болды, жануар менің саяхаттап жүргенімді қайдан білсін, ұры-қары ма десе керек, бірақ ол жерде менің орнымда басқа ниеті бұзық адам кездессе де, әлгі айғырдың үйірін оңайлықпен алдыратын түрі байқалмайды».
«ҚИНАЛҒАНҒА ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ ДАЛАЛЫҚТАРДЫҢ БОЙЫНДА ӘЛІ ДЕ БАР»
Даланы аралап жүрген соң талай оқиғаға куә боласың, діннің де, атақты адамдардың да атын жамылған, түрлі пиғылдағы адамдарды да кезіктірдім. Осындай адамдар ауыл тұрғындарының да мазасын алып, бөгда адамға деген сенімсіздігін ұлғайтып жіберген.
Бірақ, Аллаға шүкір, менің жолымнан жақсы адамдар көбірек кездесті. Әкем марқұм алыс жол түгіл көрші ауылға баратын болсам да төгілдіріп ұзақ бата беретін, сол батасының ішінде міндетті түрде: «Алла, Теміржанымды жақсыларға жанастырып, жамандардан
Темірхан Момбекұлы ұзақ сапар кезінде әкесінің басына келіп, құран бағыштап тұр. Жеке мұрағаттағы сурет.
адастыра көр» деп айтушы еді, сол батаның шапағаты ма екен, менің өмірімде қол ұшын беретін, жол көрсететін, бағыт сілтейтін жақсы адамдар көп болды.Кей кейде жанымыз темір сияқты қатайып, жақсы мен жаманға сүйініп, күйінуден қалып барамыз ба деп түңіліп те кетеміз ғой, ал қиналғанға қол ұшын беру деген гуманизмнің шыңы далалықтардың бойында әлі де болса сақталғанын көріп шын қуанып қаламын».
Өзінің айтуынша, Темірхан Момбекұлы айналадағылардың есі ауысқан адам деп қабылдауын да, жергілікті әкім-қаралардың өздерінің науқандық шараларына пайдаланғысы келген ниеттерін де талай байқапты.
«Солармен бірге құдайы қонақты құр жібермейтін қазақтың дархан пейілді аналарын да, шежіреші ақсақалдарын да көрдім, табиғаттың тепе-теңдігі осындай текті кісілердің арқасында сақталып тұр деп ойлаймын» дейді ол.
«Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» дегенді айтқан Абайдың даналығын ескерсек, ниетіңнің тазалығына көп нәрсе байланысты. Жол жүрген адам кедергіге де кездеседі, қиындыққа да ұшырайды, бірақ барлық жағдайдан алып шығатын Алланың қолдауымен бет алған мақсатымнан айнымақ емеспін, менің жүрер жолым әлі жетерлік.
Арманым — «Қасиетті Қазақ жері» атты энциклопедиялық кітап шығару. Бұл үшін қазірдің өзінде жинақтап, қағазға түсірген 2 мың беттік қолжазбам бар, онда жер-жерден жинаған аңыздар мен ел аузынан естіген хикаяттар, жер, су аттары мен өсімдіктің аттарына дейін бар, әрине, бір өзім бәрін қамти алмаспын, бірақ осы кітапты шығару арқылы тамшыдай болса да халықтың тарихына үлес қоссам деген ниетім бар.
Мысалы, Алаштың ардақтылары Мұхтар Әуезовке сен кейінгіге бүгінгіні жеткізуің керек, сол үшін аман қалуға тырыс деп оны сақтап қалған дегенді естіп жүрміз ғой, сол сияқты қиын-қыстаудан аман қалып, ел мен ел ішінің тұтастығына мұрындық болған азаматтар жергілікті жерлерде де бар, оларды Мұхаң сияқты атақты болмаған соң біле бермейміз.
Ашаршылықтан бір ауылды аман алып қалған түйе туралы да, көпшіліктің хабары аздау Қордайдың қоңыр самалы, Ырғайтының желі, Арыстанды-Қарабас желі сияқты табиғат құбылыстары жайында да менің осы болашақ кітабымда жазылады», – деген саяхатшы жазушы әңгімесінің соңын жүрекжарды тілегімен түйіндеді:
«Алла адамзат баласының бәрінің көңіліне нұр егіп, тәубе берсін! Қасиетті қазақ жері аман болсын! Осы ұланғайыр жерімізді Қажымұқан сияқты мықты, Мұхтар, Бибігүл сияқты талантты ұл-қыздарымызбен толтыра берейік! Алла осы тілегімізге жеткізсін!»