ШНИДЕРГЕ ҚАРСЫ
Бұл кездесуде швейцариялық теннисшінің жеңісіне тігілген бәс басымырақ еді: Патти Шнидер WTA рейтингінде 56–шы орында болса, бұл тізімде Зарина екінші жүздіктің аяқ жағында болатын. Бірақ жанкүйерлер қазақ қызы тәжірибелі қарсыласына тойтарыс береді деп үміттенді, өйткені Зарина өткен жылы дәл осы турнирде ширек финалға дейін жеткен еді.
Матч басталғанда 32 жасар Патти Шнидер басымдық таныта алған жоқ, Зарина үнемі шабуыл шебінде болды, дей тұрғанмен қателіктер де жетерлік еді. Алтыншы геймде Заринаның қимылы сәтсіздеу шығып, бақталасы есеп айырмасын ұлғайтты. 5:3 есебімен Шнидер бірінші сетті алу үшін доп беруге шыққан еді, бірақ осы сәтте Зарина табандылық танытып қарсыласының добын еншілеп кетті. Бойын қуаныш кернеген қазақ теннисшісі есепті теңестірді. Бірінші сеттің нәтижесі бай-брейкте айқындалды: Зарина мұнда 7:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетті тәжірибелі Патти Шнидер брейкпен ашып, есеп 5:3 болғанда сет алуға шыққан еді. Бірақ Зарина тағы да бәсекелесінің добын өз пайдасына қоса білді. Дегенмен ойын бірінші сеттегідей қайталанған жоқ – оныншы геймде Зарина өз добын беріп қойды да, Шнидер 6:4 есебімен жеңді.
Жеңіске бір табан жақындаған сәтте жіберген қателіктері үшін күйінген Зарина үшінші – шешуші сетте қайта-қайта қателесумен болды. Сол себепті қарсыласынан тақыр-таза ұтыла жаздады. Бастапқыда 5:0 есебімен есе жіберіп алған Зарина екі матч-болл қайтарып, геймді өз пайдасына бұрып алды. Ал Патти төртінші мат-боллды жеңіс ұпайына айналдырды. Теннисшілер кортта шамамен екі жарым сағат сайысты.
«ЖЕҢІСТІ ҚОЛДАН БЕРІП ҚОЙДЫМ»
Матчтан кейін Зарина бұл ойында Патти Шнидерді жеңу мүмкін болғандығын, сол себепті ол өзіне ашулы екендігін айтты.
«Мен көп шабуылдадым, ойынды тез аяқтағым келді, содан көп қателестім. Паттимен ойнау өте қиын болды. Оның допты шиіретіндігі мені тығырыққа тіреді, мұндай әдіс өте қолайсыз келеді. Оның үстіне корт бүгін тегіс болмады. Әрине, мен оны жеңетін едім. Жеңісті қолдан беріп қойдым», – деп бағалады өз ойынын Зарина.
Қазақ теннисшісі бұл жолы Патти Шнидерге қарсы ойында өз жарақаттарымен де күресуге тура келгендігін жасырмады. Заринаның айтуынша, ол сәуір айында Ханты-Мансийскдегі турнирде аяғының басын қайырып алған. Сол турнирде Зарина финалда ойнаған еді.
«Төрт айдан бері тобығым ауырады, бұған қоса иығым да толық жазылып кете қоймады», – дейді ол.
Соған қарамастан Зарина жарысқа қатысу үшін Қазақстанға жолға шықты. Туған жерінде ол екі турнирде бақ сынап көрмекші.
«Қазір біз Қазақстанға барамыз. Мен US Open турниріне жол ашуым керек. Былтыр Прагада ширек финалға шыққан едім, қазір соның 70 ұпайын алып тастайды. Сондықтан ұпай жинау қажет», – деді қазақ теннисшісі.
«МЕН ЖЮСТИНДІ ЖЕҢДІМ»
Заринаны қазір чех Петр Павлу уақытша жаттықтырады. Анасы Аида Әуелбекованың айтуынша, Заринаның ата–анасы әйгілі жаттықтырушы Карлос Родригеспен әріптестікті үзуге мәжбүр болған. Бұндай шешімге Жюстин Эненнің үлкен спортқа қайта оралуы түрткі болыпты. Үлкен Шлем турнирінің жетеуін, бұған қоса Олимпиада ойындарын жеңіп алған Энен биыл кортқа қайта оралған еді.
«Мен ұзақ уақыт бойы Жюстинмен бірге жаттықтым, әуелі Америкада, сосын – Бельгияда. Біз дене жаттығуларын бірге өткіздік. Сосын есепке ойнадық. Тіпті, мен оны жеңіп тастадым. Маған онымен ойнаған қатты ұнады», – деп жымиды Зарина.
Дегенмен, Заринаның айтуынша, тәжірибелі теннисші өз шеберлігінің сырларын онымен бөліспепті. «Ол аса көп сөйлемейді, сондай қатал. Мен онымен көп сөйлеспедім, ол мені өзінің қарсыласы деп біледі», – деді Зарина.