Accessibility links

Семейлік қаңғыбастар баспананы өздері жасап алды


Үйсіздерге арналған баспана. Семей, 9 ықркүйек 2010.
Үйсіздерге арналған баспана. Семей, 9 ықркүйек 2010.

Семейде баспанасыз қаңғыбастар үшін бас сауғалайтын орын табылды. Бұл – мемлекеттік мекеме емес, кәдуілгі үй. Мұнда моншаға түсу, түнеп шығу, таза киім – барлығы да тегін. Мұнда келем деушілер екі ережені бұзбаулары керек: ішімдік ішуге және темекі шегуге болмайды.

«Возрождение» орталығының директоры Любовь Ксенофонтова өзін «он бес жыл өтілі бар маскүнем», қаңғыбас адам деп атайды.Ол бір кезде өзінің бар өмірін ішімдікпен біткен шығар деп есептейтін. Бірақ бір жолы дінбасы кеңес бергеннен кейін оның өмірі өзгеріп сала берді.

Ол сұхбат беруден біраз уақыт бас тартты. Ал бұған келіскен соң оның өзіне көп назар аудармауымызды өтінді.

Любовь Ксенофонтова басқаратын маскүнемдер, нашақорлар, баспанасыз қалғандар мен бұрынғы сотталғандарды өмірге бейімдеу жөніндегі «Возрождение» орталығы осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын.

«Мен ол кезде шаруасы біткен маскүнем едім. Күйеуім мені тастап, балаларды алып кетті. Екі жыл бойы қоқыстарды жағалап жүрдім. Содан реті келген уақытта қайырымды адамдар менің өзіме кім екенімді, адасып жүргенімді түсінуіме жәрдем берді. Қазір мен басқалардың өмірлерін жаңадан бастауларына көмектескім келеді. Маған не түрлі адамдар келеді. Негізінен баспанасы, жатар орыны жоқтар келеді. Біреулері қалады, ал екінші біреулері кетіп қалады», - дейді Любовь Ксенофонтова.

Бүгінде «Возрождение» орталығында үш үй бар. Оның біреуінде - әйелдер, екіншісінде - ерлер, ал үшіншісінде - директор тұрады. Мұнда қайтадан жөнделген монша, он сегіз сотық жерде бақша бар. Директордың айтуынша, адамдар мұнда жұмыс істеп, көкөніс өсіреді. Ал еңбек адамды жаман ойлардан арашалайды.

«Адам жұмыс істей бастаған кезде өз нанын өзі тауып жей алатынын, кәдімгідей адам екендігін түсінеді. Оның үстіне өткен өмірін де естен шығара тұрады. Осылайша кейбіреулер қазір ішімдіктен, есірткіден бас тартып, адамша өмір сүруде», - дейді Любовь Ксенофонтова.

«СЕМЕЙДЕ ӘДІЛДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАДЫМ»

Орталыққа көбінесе еркектер келетін көрінеді. Қаңғыбастардың арасында тек маскүнемдер ғана емес, нашақорлар да жеткілікті. Оқыстан қиын жағдайға тап болғандар да бар.

58 жастағы Галина Марьясова – көзі нашар көретін бірінші топтағы мүгедек. Оның айтуынша бұдан екі жыл бұрын ол қатты алданып қалған. Сондықтан бүгінде оның пәтерінде мүлдем бөгде адамдар тұрып жатыр.
Үйсіз қалған Галина Марьясова. Семей, 9 қыркүйек 2010 жыл.

«2008 жылы мен пәтерімнен айрылып қалдым. Алаяқтар менің көзімнің мүлдем көрмейтіндігін, жалғыз тұратынымды біліп алған. Бір сөзбен айтқанда мені үйімнен қуып шықты. Олар үйімнің терезесін сындырып, қоқан лоқы жасады. Кейінірек белгілі болғанындай, менің пәтерімді бөтен бір адам жекешелендіріп алыпты. Тіпті оның қолында жылжымайтын мүлік орталығынан берілген құжаты да бар болып шықты. Мені үйден қуып шығып, құжаттарды алып қойды. Осы уақытқа дейін ешнәрсені дәлелдей алмай келемін», -дейді Галина Марьясова.

Өзінің айтуынша ол көрінген жерде түнеп, жер асты өткелдерінде қайыр сұрап күн көрген. Кейінірек ауырып қалған соң оны Қызыл Креске жіберген. Шіркеуге келіп тұратын әйелдердің бірі оған «Возрождение» орталығына баруға кеңес береді. Қазір ол осында тұрып жатыр.

«Өте қиын болды. Қазір денсаулығымның нашарлығына қарамастан Астанадағы Жоғарғы сотқа шағымданбақпын. Ол жерде әділдікке қол жеткізетіндігіме сенімдімін. Өйткені Семейде әділдікке қол жеткізе алмадым», - дейді Азаттық радиосының тілшісіне Галина Марьясова.

ТАҢДАУ ЕРКІ АДАМНЫҢ ӨЗІНДЕ

Орталыққа келетіндер де, кететіндер де көп. Любовь Ксенофонтованың айтуынша, ішімдік ішпей, темекі шекпей жүруге екінің бірі шыдай бермейді. Егер олардың жаңа өмір бастағылары келсе, онда орталық оларға жұмыс іздейді, дейді ол.

«Жұмыс істегісі келетіндер жұмыс істейді. Қазір еркектердің көпшілігі маусымдық жұмыстарға кетті. Олар телефон шалып тұрады. Қайтып келген соң пәтер жалдамақ ойлары бар. Кейбіреулері осында қалғанды жөн көрді. Жұмыс барлығына да табылады. Ең бастысы сол адамның жұмыс істеуге құлқы болса болғаны», -дейді ол.

Орталық мұқтаждар үшін бөлмелерді тегін береді екен. Әлгі адам жұмыс істеп, ақша таба бастаған кезде орталыққа электр энергиясы үшін ақы төлеуге көмектеседі. Бір адамға айына шамамен бір мың теңгеден айналады. Адамдар кез-келген уақытта өз қалауымен орталықтан кете алады.

Любовь Ксенофонтованың айтуынша, адамдардың көпшілігі орталықтың ережелеріне көндіге алмай, ақырында қаңғыбастық өміріне қайта оралады.

Орталықта Галина Марьясовамен бір бөлмеде тұрған әйел күйеуімен татуласып, жақында үйіне қайтты. Екінші бір әйел жұмыс тапқан соң отбасына қайтып оралды. Галина көп ұзамай пәтерін өзіне қайтарып алып, өз үйінде ұйықтайтындығына сенімді.

«Басқа барар жерім жоқ. Осында қыстап шығамын, -дейді ол. - Бұл жерде жылы, менің тұратын жерім бар. Түрлі-түсті теледидардың барлығы да жақсы. Бір әйел маған тон сыйлады. Енді етік пен бас киім тапсам болғаны. Астанаға құжаттар даярлап жатырмын, өз пәтерімді қайтарып аларыма сенімдімін», -дейді Галина.
XS
SM
MD
LG