Accessibility links

Құрманғазы консерваториясының жас музыканттары Американы қазақ өнерімен таныстырады


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері дайындық кезінде. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері дайындық кезінде. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.

12 қарашада Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрі Америкаға аттанды. Оркестр Нью-Йорктегі «Карнеги Холда», Вашингтондағы Кеннеди орталығында, сондай-ақ, Лос-Анжелес, Сан-Франциско және Бостон қалаларының ең үлкен залдарында концерт береді.


БОРАТТЫҢ КЕЛЕМЕЖІМЕН ӨНЕР АРҚЫЛЫ КҮРЕСУ

Пласидо Доминго, Лучано Паваротти, Анна Нетребко, Валерий Георгиев сияқты өнер тарландарына продюсерлік еткен «IMG Artists» продюсерлік орталығы осыдан бір жарым жыл бұрын Қазақ ұлттық консервоториясына концерттік сапар ұйымдастыруды ұсынған екен. Мұны қазақстандық өнерпаздар қазақ өнеріне деген қызығушылықтың өсуінен деп біледі.

Жалпы Құрманғазы атындағы Ұлттық консервоториясының бұл мұхиттың арғы жағына алғашқы сапары емес. Сондай сапарлар консерватория жастарының өнерпаздарын танымал ете түсті дейді Қазақ ұлттық консервоториясының проректоры Ақтоты Райымқұлова:

– New York Times, Gerold tribune сияқты басылымдарға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консервоториясын мадақтаған мақалалар көп шыққан еді. Соларды Американың концерттік агенттіктерінің жауапты қызметкерлері оқып, Қазақстанда осындай оркестр, осындай консервотория бар екен деп, өздері бізге хабарласты. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені біз концерттік агенттік емеспіз, жоғарғы оқу орнымыз. Бізде оқитын балалардың өнерлері ұшталып, дүниежүзілік деңгейге көтерілуіне біз бар күшімізді саламыз.
Ақтоты Райымқұлова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.



АҚШ-тың бірнеше ірі қалаларында өтетін концерт екі бөлімнен тұрады: Бірінші бөлімде С. Рахманинов, П.Чайковский және тағы басқа әйгілі композиторлардың шығармалары орындалса, екінші бөлімде Е. Рахмадиев, Т. Қажығалиев сияқты Қазақстан композиторларының туындылары қамтылады.

– Шетелдерде Қазақстанның жағымсыз бейнесін жасап жүрген адамдар да бар. Айталық, Бораттың фильмдері. Американың қарапайым азаматтары қазақтың өте бай, әрі әлемдік деңгейдегі шығармалармен иықтаса алатын музыкасы бар екенін және оны асқан шеберлікпен жеріне жеткізе орындайтын жас өнерпаздардың да бар екенін білмеуі мүмкін. Біз сондықтанда, екінші бөлімге қазақ композиторларының туындыларын енгіздік, – деді Америка сапары алдында Ақтоты Райымқұлова.

АМЕРИКА САПАРЫНА АРНАЛЫП "ЖӘМИЛА" СИМФОНИЯСЫ ЖАЗЫЛДЫ

Қазақ ұлттық консервоториясының проректоры Ақтоты Райымқұлова осы сапарға арнайы Ш. Айтматовқы арналған «Жәмилә» атты симфониялық шығарма жазған. Бұл симфонияның алғашқы тыңдарманы америкалық көрермендер болмақ. Композитор жаңа аталған симфонияда қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық, адами бүкіл болмыс-бітімін көрсетуге талпындым дейді.
Бауыржан Бекманбетов, «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мүшесі. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.


Қазақ музыкасының Америкаға сапары барысында симфониялық оркестрдің құрамында «Тұран» этнографиялық-фольклорлық ансамблі «Қазақ елі» деген жеке туындылары мен ансамбльдің өңдеуіндегі Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін орындамақ. Домбырашы Бауыржан Бекманбетов бұл сапарға қазақтың дәстүрлі өнерін шетелге насихаттау үшін бара жатқанын айтады.

– Біздің АҚШ-та атқаратын басты міндетіміз, сол жақтағы көптен күткен қандастарымызға қазақтың көне музыкалық өнерін паш ету. Және америка халқы үшін қазақтың дәстүрлі ән-күй өнері ашылмаған құрлық сияқты екені рас. Осы жолы сәтін салса, америкалық тыңдарманның қазақтың көне күйлерімен жете танысады, – деді Бауыржан Бекманбетов.

Қазақ Ұлттық консервоториясының 4 курс студенті Абзал Әлікбаевтың мақсат- мұраты кәсіби деңгейін көтеру.

– Әрбір музыкантқа мұндай концерттердің тигізетін пайдасы өте көп. Өйткені музыкант әрқашан дайындықта жүреді. Және сол арқылы өз ұлтының дәстүрі мен музыкасын өзге жұрттың назарына ұсынады, насихаттайды, – дейді Абзал Әлікбаев.
Абзал Әлікбаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті. Алматы, 11 қараша 2009 жыл.


Жас музыканттардың айтуынша, мұндай концерттер жастардың кәсіби деңгейін шыңдап қана қоймайды, патриоттық сезімдерін де оятады. Өйткені, бұрын жастар мұндай концерттерге жасқаншақтап шықса, қазір олар алдымен Қазақстанның абыройын асқақтатуды басты мақсат етіп, үлкен патриоттық сезіммен шығады екен.

Нью-Йоркте «Қазақстан - Америка инвестициялық форумы - 2009» деген тақырыпта өтетін жиыннан кейін қазақ консерваториясының симфониялық оркестрі қорытынды концерт береді. Ал, Кеннеди атындағы орталықта өтетін үлкен концертті АҚШ телеарналары түсіріп, көрсетпекші екен.

Қазақстандық консерватория жастары концертінің жарнамасы екі айдан бері жүріп жатыр екен. Өнерпаздардың айтуларынша, Америка жұртшылығы қазақ музыкасына қызығушылық танытып отырған көрінеді. Өйткені, Қазақ ұлттық консерваториясы симфониялық оркестрінің коцертін ұйымдастырушылар билеттердің жақсы сатылып, тым тез таралып жатқандығын хабарлаған.
XS
SM
MD
LG