Accessibility links

Ресей мен Беларусь арасында газға байланысты жанжал өршіп барады


Минск маңындағы табиғи газ құбыры. 22 маусым 2010 жыл.
Минск маңындағы табиғи газ құбыры. 22 маусым 2010 жыл.

Ресейлік «Газпром» компаниясы бүгіннен бастап Беларусқа жеткізілетін табиғи газ көлемін 60 пайызға қысқартатындығын хабарлады. Көршілес екі ел арасындағы жанжалдың шешілетін түрі көрінбейді, бұл уақытта Еуропа Одағының бірқатар мемлекеттері газ тапшылығын сезіне бастады.


Көгілдір отынның жүздеген миллион қарызына байланысты туындаған жанжал барысында Ресей де, Беларусь та ортақ шешімге келгісі жоқ сыңай танытып отыр.

Кремль Минск өзіне Беларустің ішкі желілері бойынша тасымалданған газ үшін шамамен 200 миллион доллар қарыз дегенді айтады. Ал, Беларусь болса оған қарсы талап қойып, Еуро Одағы елдеріне жеткізілетін ресей газы транзитіне қатысты салықты алға тартып отыр.

Сәрсенбі күні «Газпром» басшысы Алексей Миллер Беларусқа тасымалданатын газ көлемінің шектелетіндігі туралы мәлімдеді.
Ресейдің «Газпром» компаниясының басшысы Алексей Миллер. Петербор, 20 маусым 2010 жыл.


«Жаңалық жақсы емес. Беларусь ресейлік газ үшін қордаланған қарызды өтегісі келмей отыр. Соған байланысты, 2010 жылы 23 маусымда сағат 10-да ресейлік газдың Беларусқа тасымалына 60 пайыздық шектеу енгізіледі», – деді Алексей Миллер жергілікті телеарнадан берілген хабарда.

«Газпром» осымен үшінші мәрте шектеу енгізіп отыр. Ресей компаниясы әуелі газ тасымалын 15 пайызға, сейсенбі күні тағы 15 пайызға шектейтіндігін хабарлаған еді. Ресей көрші елге қарыз өтелмеген жағдайда шектеу деңгейі 85 пайызға дейін жететіндігін ескертті.

Беларусь бұл ескертулерге құлақ аспағандай сыңай танытты, бірақ сейсенбі күні президент Александр Лукашенко Еуропалық Одаққа тасымалданатын ресейлік газдың жолын бөгеу туралы нұсқау берді. Сәрсенбі күні Минскде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа Лукашенко былай деді:

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 4 мамыр 2010 жыл.
«Мен сізге министр ретінде хабарлаймын, қазіргі күні «Газпром» газ транзиті үшін, мамыр айын қоса есептегенде, 260 милион доллар қарыз. Мен қазір «Газпром» қарызды өтемейінше Беларусь арқылы өтетін транзиті жабуды үкіметке тапсырдым».

Дегемен жоғарыда айтылған тапсырмаға қатысты түсініксіз жағдай қалыптасып отыр. «Газпром» басшысы Миллер сәрсенбі күні газ транзиті Беларусь арқылы толық көлемде жүзеге асып отыр деп мәлімдеді.

«Беларусь аумағы арқылы өтетін транзитпен Ресей газы толық көлемде беріліп жатыр. Ресейлік көгілдір отынды тұтынушылар ешқандай қиындық көріп отырған жоқ», – деді Алексей Миллер.

Десе де, Еуропалық парламенттің президенті Ежи Бузек сейсенбі күні газ жанжалы Литва, Польша және Германияның шығыс өңірлеріне кері әсер етеді деп мәлімдеді.

Мәскеуде Ресейдің энергетика министрі Сергей Шматкомен бірге журналистердің алдында сөз сөйлеген Ежи Бузек қауіпсіздікке аса сақ Еуропа Одағы тұрғындары үшін бұл «өте жаман белгі» деп атап көрсетті.

«Біз сенімді энергиямен қамтамасыз ету мәселесінде тұрақтылықты қалаймыз және қиындықтар туындамайтындығына сенімді болғымыз келеді», – деді Ежи Бузек.

Бұған дейін Еуропа Одағы Ресей мен Украина арасындағы «газ жанжалының» зардабын шеккен еді. 2009 жылы қаңтарда кәрі құрлықтың тұрғындары шамамен екі апта бойы көгілдір отынсыз қалған болатын.

Ресей басшылары егер Беларусь өз аумағындағы желіні жауып тастайтын болса, онда Украина арқылы өтетін газ құбырын пайдаланатындығын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG