"ОҢТҮСТІК ДӘЛІЗ - ЕУРООДАҚТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ"
Прагада өткен “Оңтүстік дәліз - жаңа Жібек жолы” деп аталған саммитке Еуропа Одағы елдерінің министрлерімен қатар, Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Ирақ және Мысыр елдерінің министрлері қатысты.
Әзірбайжан мен Мысыр елі энергия көздерін тасымалдаушы Түркия, Грузиямен бірге Еуропаға Орталық Азия мен Таяу Шығыстан ұзақ мерзімдік газ құбыры және басқа да тасымал жолдары құрлыстарына саяси, техникалық, қаржылық қолдаулар жасауға келісім беріп отыр.
Прага саммиті аяқталысымен Еурокомиссия президенті Жосе Мануэл Баррозу форумды «өте маңызды» басқосу болды деп бағалады.
Баррозу: «Оңтүстік дәлізді» құру бастамасы- ЕуроОдақтың ең өзекті жобасына айналды. Біздің ойымыз осы стратегиялық жобаны әрі қарай саяси тұрғыдан ілгерілету болған еді, осы мақсатқа біз Прагадағы өте маңызды жиында қол жеткіздік» деп атап көрсетті.
Атап айтқанда саммит "Набукко" жобасын дамытуға жақсы демеу берді. Түркия президенті Абдулла Гүл Түркияның шығыс шекарасын Австриямен байланыстыратын газ құбыры тармағын жүргізетін келісімге қол қойды.
Келісімге қол қо үстінде президент Гүл Түркияның ЕуорОдаққа қосылуы бағытындағы келіссөздерде алға жылжушылық болады деген үмітін білдірді.
Өз кезегінде Түркия мен Грузия газ құбыры өз аумағынан өтетін елдер ретінде осы тасымалға қолдау көрсетіп, құбыр жұмысына тұрақтылықты қамтамасыз етуге міндеттенді.
Тек қана Прага саммитінің қорытынды декларациясына қол қоймаған Қазақстанның, Түркменстан мен Өзбекстанның жобаға қатысы турасындағы мәселе шешілмеген күйі қалды.
Дегенмен Еурокомиссия президенті Жосе Мануэл Баррозу келіссөздер оң бағытта өрбіп келеді, атап айтқанда, ЕуроОдақ пен Түркменстан арасындағы келіссөздерде жақсы нышандар байқалады деп хабарлады.
Баррозудың айтуынша, Түркменстан Сыртқы істер министрлігінің делегациясы Брюсселге маусымның 4-де энергия келіссөздерін өткізу мақсатында барады.
Өз кезегінде Түркменстанның жаңа құбыр жолдары кедергісіз іске қосылады деген сенім танытты Чех үкіметінің басшысы Мирек Тополанек.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ШЫНАЙЫ ТАҢДАУЫ БОЛАДЫ
Азат Еуропа/Азаттық радиосының Брюсселдегі тілшісі Ахто Лобякас «Еуропа Одағы бірінші рет Каспий газын Түркменстаннан Әзірбайжанға дейін жеткізетін газ құбыры жоспарына ашық қолдау танытты. Бұл жоба Түркменстан, Қазақстан және Өзбекстан елдеріне көгілдір отынды тікелей "Набукко" газ құбыры арқылы тасымалдауға жол ашады» деп атап көрсетеді.
Ахто Лобякастың айтуынша, Еуропа Одағы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказға тұңғыш рет жобаны саяси, экономикалық және қаржылай тұрғыдан қолдайтынын мәлімдеді.
Ресей газына тәуелділікті азайту мақсатында Еуропа Одағы Каспий теңізімен қатар Ирақтан да газ жеткізуге жол ашатын аймақтағы үш бірдей құбыржолының құрылысын тездетуге күш салып отыр.
Ол үш құбырдың бірі -Түркияның шығысынан Австрияға дейін тартылатын "Набукко" құбыржолы, Грузиядан қара теңіздің табаны арқылы Румынияға шығатын “Ақ ағыс” деп аталатын құбыр жобасы және Түркия мен Грекия, Италия арасындағы "Интерконнектор" құбыр жобасы болып отыр.
Осы үш құбыржолының қуаты 2020 жылға дейін Еуропа Одағы елдері сұранысының 10 пайызын (60 миллиард текше метр газ) қамтамасыз ете алады. Салыстырар болсақ, Ресей қазір Еуропаға жылына 150 миллиард текше метр газ беріп отыр.
Азаттық тілшісі Лобякас ендігі мәселе Еуропа Одағының Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерін Ресейді айналып өтетін осы баламалы бұл газқұбыры жобаларына Мәскеудің қарсылық саясаты мен әрекеттеріне назар аудармауға қаншалықты көндіре алатындығына байланысты болады дейді.
Ахто Лобякас Транскаспий газ құбыры салынғанда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өзінің табиғи отынын Ресейді айналып өтіп тасымалдауға болатын нақты мүмкіндік пен таңдауға ие болады деген ой түйеді.