Accessibility links

Украина ЕуроОдақтың арағайындық етуімен газ тасымалын бақылау келісіміне қол қойды


Ресей премьер министрі Владимир Путин(оң жақта) мен Чехия премьер министрі Мирек Тополанектің кездесуі. 10 қаңтар 2009
Ресей премьер министрі Владимир Путин(оң жақта) мен Чехия премьер министрі Мирек Тополанектің кездесуі. 10 қаңтар 2009

Ресей газын Еуропаға қайта айдайтын келісімге Украина, Ресей және Еуропа Одағы қол қойды. Бұл келісімге ЕуроОдақ төрағалығындағы Чехия премьер министрі Мирек Тополанек тараптармен жеке-жеке келіссөз өткізгеннен кейін қол жетіп, Ресей газы Украина арқылы тек еуропалық тұтынушыларға жеткізілетін болды.

Сенбі күні кешкісін келісімге Ресейдің қолын қойдырып алған Мирек Тополанек қайтадан Киевке ұшып барып, сол түндегі келіссөздерінде Украинаны өз елі арқылы өтетін газ тасымалына еуропалық, украиндік және ресейлік бақылаушыларды жіберуге көндірді.

Сөйтіп, бұл келісім Ресейдің "Еуропаға бағытталған газды Украина ұрлап жатыр" деген қаупін азайту үшін жасалды. Ал Украина ол айыптауларды қабылдамады.

Мәскеуде Ресей премьер министрі Владимир Путин Еуропаға газ тасымалы Украина келісімге қол қойып, бақылау орнатылғанда ғана қайта жалғасады деп айтқан болатын.
Киевте келісімге қол жеткізген Тополанек Еуропаға газ тасымалын тезірек қайта бастауға жол ашылды, бақылаушылар бір-екі күннің ішінде орналасып қалады деді:

“Украина Ресей Федерациясы үшін газ жөнелтуге қажетті барлық нәрсені жасады”

Ресей газының 80 пайызы Еуропаға Украина арқылы жетеді.
Киев пен Ресейдің Газпром компаниясы арасындағы газ бағасына байланысты даудан кейін орталық еуропалық және Балқан елдеріне газ берілу тоқтап қалды.
Украина премьер министрі Юлия Тимощенко бұл келісімге қол қою арқылы Киев өзінің ЕуроОдаққа сенімді әріптес екенін көрсетті деген:

“Біз бүгін хаттамаға қол қойдық, енді онда Ресейдің Еуропа Одағына газ тасымалдауына Украина кедергі жасап отыр деген сияқты Украинаға қарсы еш шағымдар болмауы керек.
Біз мемлекет ретінде Еуропа Одағына жақсы әріптес бола алатындай ынтымағымызды таныттық”

Бірақ бұл келісім Украинаның газ қажеттілігін шеше алмайды.

Мәскеу мен Киев арасындағы қарым-қатынас Украинаның НАТО-ға қосылуына қарсылық танытқаннан бері нашарлап, газ дауына байланысты ушығып отыр.

Ресей Украинаны газ ұрлады деп айыптайды, Киев болса Мәскеуді тым жоғары қойылған газ бағасын төлету үшін бопсалап отыр дегенді айтады.

Украинаның мемлекеттік "Нафтогаз" энергетикалық компаниясының атқарушы директоры Олех Дубына, Ресей ресмилерімен Украинаның өз базарына Ресей газын қайта жеткізу жөніндегі келіссөздер сәтсіз аяқталды деп отыр.
Оның айтуынша, 2009 жылға Украинаға газ жеткізу жөніндегі "Газпроммен" жүргізілген сенбі күнгі келіссөздер нәтиже бермеді. "Нафтогаз" басшысының сөзіне қарағанда, "Газпром" қайтадан 1,000 текше метр газ үшін 450 доллар төлеуді талап еткен. Киев оны төлей алмайды дейді ол. Оның алдында "Нафтогаз" 2008 жылғы 179,50 доллар газ бағасын 201 долларға дейін ғана көтеруді сұраған.

Ресей газын Украинаға қайта беру жөніндегі келіссөздер, Ресей газын Украина арқылы Еуропаға жеткізу мақсатындағы келіссөздерінен екі бөлек жүргізілді.

Бұл арада газсыз қалған еуропалық елдердің бірі Словакия Ресей -Украина газ дауына байланысты туындаған газ дағдарысынан кейін өзінің атом электр стансасын қайта ашатынын айтты. Словакия Еуропа Одағына қосылу келісімі бойынша өздеріндегі “Ясловске Бохунице” электр стансасын 2008 жылы жауып тастаған болатын. Енді словак үкіметі Ресей газының берілуі тоқтап қалған соң, оны қайта іске қосу қажеттігін көтеріп отыр. Словакия премьер министрі бұл үкіметтің одаққа қосылғандағы келісімді бұзу екенін түсінеді, бірақ елдегі жағдай соған мәжбүрлеп отыр деп айтты.

XS
SM
MD
LG