Оппозиция қайраткерлеріне жұмыртқа лақтырып, тәуелсіз журналистке қол көтеруімен соңғы бір аптаның ішінде атышулы болып жатқан «Желтоқсан 86» қоғамдық ұйым өкілдері қазанның 4-і күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Ұйым белсендісі Гүлбаһрам Жүніс «Қазақстанның президенті – тек қана қазақ ұлтынан болуы тиіс» деген пікірін тағы да қайталап, осыдан бір күн бұрын өзіне әкімшілік айыппұл салған сот шешімімен келіспейтіндігін мәлімдеді.
«ӘДІЛЕТСІЗ ШЕШІМ»
«Желтоқсан 86 - Тәуелсіздік қырандары» қоғамдық ұйымының белсенділері «жұмыртқа лақтыру» оқиғасына байланысты өздеріне сот шығарған әкімшілік жазаға байланысты өз ұстанымдарын білдірді.
– Мен – Гүлбахрам Жүніс және 1986 жылы өмірі қыршыннан үзілген Қайрат Рысқұлбековтың інісі Талғат Рысқұлбеков екеуміз әкімшілік жазаға тартылдық. Қазір Талғат қамауда жатыр. Екеумізге екі түрлі жаза тағайындап билік «желтоқсандықтардың» арасына іріткі салуды көздеп отыр. Әрине, сот менің екінші топтағы мүгедек екенімді ескердім деді. Дегенмен бұл әділетсіз сот болды, – деді Гүлбаһрам Жүніс.
Ол қазанның 27-і күні өзі жұмыртққа лақтырған тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловты «президент қана емес, президентікке үміткер болуға да лайық емес» деп мәлімдеді.
– Халықтың арасына іріткі салуымен қоймай, ол өткен баспасөз мәслихатында қазақтың ұлдары мен қыздарына қандай көзқараста екендігін көрсетті. Бізді «көшедегі басбұзар» (уличная шпана) деп атап, тіпті желтоқсан оқиғасының қазақ тарихындағы қалдырған ізін жоққа шығармақ болды. Біз өз наразылығымыз арқылы Владимир Козловтың шынайы бет-әлпетін аштық. Ондай адам ешқашан Қазақстанды басқаруға жіберілмеуі керек, – деді Гүлбаһрам Жүніс.
«БИЛІКТІҢ ҰЙЫМЫ ЕМЕСПІЗ»
Қазіргі кезде бір ғана Алматының өзінде «желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ұйымымыз» деп таныстыратын бірнеше қоғамдық ұйым бар. Бейсенбі күні Алматыда өткен жиынға «Желтоқсан 86» қоғамдық ұйымынан өзге «Желтоқсан ақиқаты» мен «Желтоқсан» ұйымының өкілдері болды.
«Желтоқсан» ұйымының белсендісі Нұрлыбек Қуанаев сәрсенбі күні Талғат Рысқұлбековке шығарылған әкімшілік соттың шешімін сынға алды.
– Талғат Рысқұлбековты қамау – бүкіл «желтоқсандықтарды» қамау деп есептеймін. Түрмеге тоғыту – тәрбие емес. Жұмыртқа лақтырғандығы үшін өте қатаң жаза алды. Ол өзі «мені іссапарға кетті деңдер» дейді. Сонда оның жас балаларына, әйеліне, ауылда телеарналардан мән-жайды бақылап отырған қарт анасына не айтамыз? Алдық та қамап тастадық, – дейді Нұрлыбек Қуанаев.
Ол сондай-ақ жиынға келген журналистерден «Желтоқсан» ұйымын билікпен еш байланыстырмауды сұрады.
– «Желтоқсан» - оппозициялық иә болмаса биліктің ұйымы емес. «Желтоқсанның» өзіне сай жолы бар, бейресми ұйым. Біз кезінде «қазақстандық ұлт» дегенге өре түрегеліп, қарсы шыққанбыз. Осы жолы да қазақша білмейтін адам басшысы боламын дейді. Ол осы ісімен басқаларға жол ашып бермекші. Біз міне осыған тосқауыл қоймақшымыз, – деді Нұрлыбек Қуанаев.
Апта басынан бері өздерін «желтоқсаншылармыз» деп атағандардың қатысуымен өткен өзге жиындар сияқты бұл жолғы баспасөз мәслихаты да қызыл кеңірдек дауға ұласып кетті. Ақыр аяғы «Желтоқсан» ұйымының белсендісі Нұрлыбек Қуанаев әріптестерін сабыр сақтап, жағдайды ушықтырмауға шақырып, ырду-дырду басылғанша едәуір уақыт өтті.
Қазанның 27-сі күні Алматыда Ұлттық баспасөз клубында оппозициялық саясаткерлер Серікболсын Әбділдин, Ғазиз Алдамжаров және Владимир Козлов өткізбек болған баспасөз жиынының шырқы бұзылған еді. Өздерін «желтоқсаншылармыз» деген бір топ адам тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың президент сайлауына түсемін деген ойынан бас тартуын талап етіп жанжал шығарған болатын.
Сол жиында жұмыртқа лақтырып, шу шығарғандардың екеуін Алматының әкімшілік соты сейсенбі күні әкімшілік жауапқа тартты.