Accessibility links

Ресей базасы Орта Азияға тұрақтылық әкеле ме, әлде тұрақсыздық тудыра ма?


Қырғызстандағы Манас әуе базасы, 12 ақпан, 2009 жыл.
Қырғызстандағы Манас әуе базасы, 12 ақпан, 2009 жыл.

Ресей Қырғызстанда екінші әскери базасын орнататыны жөнінде таяуда мәлімдеді. Келісімге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының өткен аптадағы саммитінде қол қойылған болатын. Осыған қатысты аймақта түрлі пікірлер туындатып отыр.

Ресей аталған екінші базасын Қырғызстанның Ош, Баткен қалалары маңына орнатуды көздеген болатын. Бұл жер халық тығыз орналасқан Ферғана жазығының бір пұшпағы боп табылады.

Аталған келісімге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының өткен аптадағы саммитінде қол қойылған болатын.

Бұл қалалар Өзбекстанмен шекараға жақын орналасқандықтан, Ресейдің екінші базасы туралы хабар өзбек тарапының бірден қарсылығын туындатып отыр.

Ресми Ташкент аталған Ресей базасының ірге тебуі аймақтағы діни және экстремистік топтарды арандата түспекші деп алаң болуда.

Ферғана жазығында Орта Азия мемлекеттерінде тыйым салынған бірнеше топтар бар. Солардың қатарында Өзбекстанның Ислам қозғалысы мен Хизб-ут-Тахрир ұйымдары да бар.

Ферғана жазығында 2005 жылдың мамыр айында Әндіжан оқиғасы орын алды. Өзбек үкіметтік әскері бірнеше жүздеген қарапайым азаматты өлтіріп, тағы бірнеше жүздегенін жаралаған болатын.

Аймақта этникалық қақтығыстар да орын алып тұрады. Мысалы, 1990 жылы Ошта болған қырғыз-өзбек өкілдерінің қақтығысында 300-дей адам қаза болды.

Қақтығыстар қазір де жалғасуда. Белгісіз топ тарапынан биылғы жылдың 26 мамырында, өзбек-қырғыз шекарасында болған үш дүркін шабуылдар да-соның дәлелі.

Дей тұрғанмен, аймақтық кейбір сарапшылардың айтуынша, Орта Азия төрінде Ресей ықпалының күшеюі - өзін аймақтағы ықпалды ел деп есептейтін Өзбекстан үшін қажетсіз жайт.

Оған қоса Ресей қауіпсіздік заңына өзгерістер енгізілуінің мүмкіндігі де ресми Ташкенттің тынышын алуда.

"Терроризммен күрес" деп аталатын ол заңға өзгерістер қабылданған жағдайда орыс әскерінің шетелдерге қажет жағдайда шоғырландырылуына ресми түрде мүмкіндік беріледі.

Ондайда ресми түрде бетке ұсталатын себеп- шабуыл жасалған сәтте Ресей және оның шетелдердегі әскери бөлімшелерінің мүдделерін қорғау деп аталады.

ТМД елдері атты ұйымның Орта Азия бойынша сарапшысы Андрей Грозныйдың айтуынша, аймаққа Ресей базасы орналасатын болса, ресми Ташкенттің ресми Бішкек пен Душанбеге қысым көрсетуі қиындап қалмақшы.

Бұған дейін ресми Ташкент аймақтық әріптестік, аймақтық келісімдер тұсында өз-өзін тұйықтаумен келеді.

Ал, Лондонда орналасқан Экономика институтының сарапшысы Анна Матвееваның пікірінше, Ресей базасы Ферғана жазығындағы қарулы қақтығыстарды үдетеді деген Өзбекстанның ескертуі - негізсіз.

Өзбекстанның осы пікіріне керісінше, Қырғыз елінің пайымдауынша, Ресей базасының орналасуы аймақтағы тұрақтылық кепілі болмақшы.

Қырғыз билігі қауіпсіздікке негізгі қатер елдің Өзбекстанмен шекарасы жағынан туындауда деп бірнеше жылдардан бері ескертіп келеді.

Сарапшы Грозныйдың айтуынша, Ресей базасының ашылуынан аймақтағы тараптар зардап шекпейді.
Бар болғаны ресми Мәскеу Орта Азияда кімнің негізгі күш екенін көрсеткісі келеді дейді сарапшы.
XS
SM
MD
LG