Accessibility links

Пентагон өкілі АҚШ-тың Қазақстанда әскери база орналастыру ойы жоқ деп мәлімдеді


АҚШ Орталық әскер қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус
АҚШ Орталық әскер қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус

АҚШ Орталық әскер қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус Астанаға сапары барысында екі бірдей ақпаратты жоққа шығарды. Біріншісі – АҚШ Қазақстан жерінде әскери база құруы мүмкін деген әңгімені жоққа шығарды, екіншісі –Қырғызстандағы әскери базаның жабылуы туралы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін АҚШ Орталық әскери қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус Ресей баспасөзінде соңғы кездері жарық көрген Америка Қазақстанда әкери база орналастырғысы келеді деген деректерге түсініктеме берді."Мен ол жөнінде ешнәрсе естіген емеспін. Бұл жалған." деді ол журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп.

Сондай-ақ генерал Петреус Қазақстан территориясы арқылы Ауғанстанға әскери емес мақсаттағы жүк пен тауарларды тасымалдау туралы келісімге келдік деді

- Мен жақында Қазақстан арқылы Ауғанстанға жүктер мен тауарларды тасу келісіміне қол қойылғаны үшін президентке алғыс айттым,- деп атап көрсетті ол.

Бұл ретте Петреус осындай келісімнің Ресеймен де жасалғанына назар аударды.
Құрама Штаттардың Орталық әскер қолбасшысы, генерал Дэвид Петреус сонымен қатар Қазақстан президентіне коалицияға мүше елдердің ұшақтарының елдің әуе кеңістігі арқылы Ауғанстанға ұшып өтуіне мұрсат етілгені үшін ризашылығын білдіргенін жеткізді. Қазақстан парламентінің НАТО операциясы шеңберінде республиканың аэродромдарын пайдалану турасындағы келісімді ратификациялағаны жөнінде Азаттық радиосының бұдан бұрынғы хабарларында жазылған болатын.

Генерал Петреус Қырғызстанның американдық әскерлерді "Манас" әуе базасынан шығару ниеті жоқ екенін мәлімдеді дей келе: "Біз үшін бұл маңызды база,-" деп атап көрсетті.

Генерал Дэвид Петреус Ирақтағы одақтас күштер құрамында қызмет етіп қайтқан қазақстандық “Қазбаттың” әскерилерін марапаттады. Ол жайында "ҚазТаг" ақпарат агентігіне Қазақстанның Қорғаныс министрлігі хабарлаған.

Генерал Дэвид Петреус АҚШ Қорғаныс министрлігінің «Meritorious Service Medal» ерекше қызметі үшін деген медалін АҚШ-тың орталық қолбасшылығы жанындағы Қазақстан қарулы күштерінің ұлттық аға өкілі болған Ерлан Таласбаевқа тапсырған. Американдық мақтау белгілерін тағы 24 қазақстандық бітімгершіл күш алды.

Генерал Петреус Ирақ тұрғындарының бейбіт өмірге оралуына көмектесу арқылы өз қызметтерін лайықты орындаған қазақстандық бітімгершілік күштеріне жоғары бағасын берді.
Ирақтағы миссиясының бастапқы кезінде қазақстандық күштер 4 млн жарылғыш затты жойып, 6 718 текше метр суды тазартқан. 2005 жылы тәжірибе алмасу шеңберінде Қазақстан қарулы күштерінің нұсқауларымен Ирақ әскери академиясының 572 курсанты минадан тазалау жұмысын үйренді.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, 2003 жылдан бері қорғаныс саласындағы қазақ-американ ынтымақтастығы жаңа жоғарғы деңгейге көтерілді. 2008 жылы осындай әскери саладағы ынтымақтастықтың - Қазақстанның қарулы күштерінің бітімгершілік басымдылығын арттыру және Қазақстандағы әскери құрылым жүйесін жетілдіру мен өзара жаттығуға қатысу сияқты маңызды бағыттары бар 5 жылдық жоспар жасалынып, 2008 жылдың ақпан айында ол 2008-2012 жылдарға арналған жаңа жоспарға қол қойылған.
"IMET" білім беру бағдарламасы аясында Қазақстанның қарулы күштері АҚШ-тың Вест-Пойнт академиясы сияқты беделді әскери оқу орындарында білім алу мүмкіндігі бар. Осындай ынтымақтастық барысында АҚШ-тың әскери білім беру мекемелеріне Қазақстан қарулы күштерінің 300-ге жуық әскері оқуға кеткен.

Дэвид Петреус АҚШ Орталық әскер қолбасшылығына 2008 жылдың қазан айында келген болатын.
Генерал Дэвид Петреус бастаған делегация Орта Азия аймағына сапары барысында бірінші болып Қазақстанға аялдады. Пентагон өкілі Астанада Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембиновпен және Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божкомен кездесті.
XS
SM
MD
LG