Accessibility links

Қош бол, футбол, көргенше!


Испаниялық қақпашы Икер Касильяс ФИФА басшысы З.Блаттерден Әлем кубогын алып тұр. Йоханесбург, 11 шілде 2010 ж.
Испаниялық қақпашы Икер Касильяс ФИФА басшысы З.Блаттерден Әлем кубогын алып тұр. Йоханесбург, 11 шілде 2010 ж.

Сонымен, адамзат баласының ең сүйікті спорттық ойыны саналатын футболдан Оңтүстік Африка Республикасындағы кезекті 19-шы Әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл біріншіліктің ешқашан финалға шығып көрмеген Испанияның жеңіске жетуі сынды бір емес, бірнеше айрықша ерекшелігі болды.


Біріншіден - Әлем біріншілігінің финалы алғаш рет Африка құрлығында болып өтті.

Екіншіден - Әлем Кубогының Еуропа құрлығынан тыс елде өткен финалында алғаш рет Еуропа мемлекеті жеңіске жетті.
Оңтүстік африкалық жанкүйер әуежайда Чили құрамасын қарсы алып тұр. Нельспрут, 6 маусым 2010 ж.

Үшіншіден - Әлем кубогын тұңғыш рет Испания құрамасы жеңіп алды.

Төртіншіден - Испания құрамасы Әлем біріншіліктерінде жеңіске жеткен елдердің қатарын 8-ге жеткізді.

Бесіншіден - Әлем біріншіліктеріндегі жеңіс саны бойынша Латын Америкасы мен Еуропа құрылықтарының арасында бейресми бәсекелестік жалғасып келеді. Оңтүстік Африка Республикасындағы біріншілікке дейін таразы басы тең болып келсе, енді Испанияның жеңісінен кейін Еуропа құрлығының елдері алға шықты.

Барлық 19 Әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген сегіз ұлттық команданың ішінен Бразилия – бес рет, Италия – төрт рет, Германия – үш рет, Аргентина мен Уругвай – екі реттен, Англия, Франция, енді міне Испания – бір-бірден жеңіске жетті. Яғни, Латын Америкасы елдері Әлем кубогін тоғыз рет, ал Еуропа елдері он мәрте жеңіп алды.

Ал соңғы біріншіліктің қорытындыларына келсек, Уругвай құрамасының ойыншысы Диего Форлан 19-ыншы Әлем біріншілігінің үздік футболшысы болып, оған халықаралық футбол федерациясы – ФИФА-ның «алтын добы» берілді. Баспасөз құралдары арасында өткізілген сауалнамада Форлан 23,4 % дауыс жинады.
Уругвайлық шабуылшы Диего Форлан өз командасының жартылай финалдағы бірінші голын соғудың алдында. 6 шілді 2010 жыл.

Біріншіліктің «мерген» шабуылшысы болып танылған Германия құрамасының футболшысы Томас Мюллерге «алтын бутсы» сыйлығымен қоса турнирдің «үздік жас ойыншысы» сыйлығы тапсырылды. Ол қақпаға 5 доп салып, тағы 3 доп соғуға себепкер болды.

«Алтын қолғап» сыйлығы - Әлем біріншілігінің ең үздік қақпашысы испаниялық Икер Касильястың үлесіне тиді.

Тұңғыш рет Әлем чемпионы атағын жеңіп алған Испания құрамасына адал ойыны үшін ФИФА-ның Fair Play сыйлығы берілді.

Испания ақтық бәсекеде Голландия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

Кезекті 20-шы Әлем Кубогы 2014-ші жылы футбол патшасы атанған әйгілі Пеле немесе Эдсон Арантес до Носиментоның отаны – Бразилияда өтеді.
XS
SM
MD
LG