Ауғанстан халқы қазір инфляция өсімі мен кедейлік қысымына тап болып, болашағы бұлыңғыр жағдайда отыр. АҚШ-тың Ауғанстан активтерін бұғаттауы, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің көмек көрсетуді тоқтатуы экономиканың жағдайын нашарлата түсті, себебі донорлар "Талибан" үкіметінің ендігі іс-әрекеті қалай боларын күтіп, аңысын аңдып отыр.
Экономикалық проблемалар көз ілеспес жылдамдықпен дағдарысқа ұласып барады. Халық дүние-мүлкін сатып, елден кетуге тырысып, банк алдында кезекте тұр. Ал банктер қолма-қол ақша беруді азайтып жатыр.
Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар қаласында тұратын Сана Улла қаланы тәліптер басып алған соң үйін тастап босып кеткен. Содан бері елде тамақ бағасы қатты өскенін айтады.
– Бәрі қымбаттап жатыр. Негізгі азық-түлік бағасы, бидай, ұн, қант пен май қатты қымбаттады. Жаңа биліктің осыған көбірек мән бергенін қалар едім, – дейді ол Азаттық радиосына.
ЖҰМЫС ЖОҚ, ТАУАР ҚЫМБАТ
Мыңдаған мемлекеттік қызметкер бірнеше ай бойы жалақы алмаған. Болашағы бұлыңғыр елде жұмыссыздық та көбейген.
Мемлекеттік қызметкерлер, қауіпсіздік органдары мен әлеуметтік көмек саласында істейтіндер мен БАҚ өкілдері жұмыссыз қалған.
Екі апта бойы жұмыс істемеген банктер әр адамға аптасына 200 доллар ғана қолма-қол ақша алуға рұқсат берген. Азық-түлік қымбаттап жатқандықтан, үлкен отбасыларға бұл ақшаны күнделікті қажетіне жеткізудің өзі қиынға соғып жатыр.
Қандағардағы Хазаржи Баба ауданында дүкені бар Мохиб Улла азық-түлік пен басқа да тауар Пәкістан мен басқа да елдерден әкелінетіндіктен, Ауғанстанның ұлттық валютасы – ауғанидің девальвациясы инфляцияға түрткі болды дейді.
Тәліптер билікке келген соң доллар бағамы 100 ауғаниге дейін күрт өсіп, кейін 86 ауғаниге түскен. Осылайша күрт құбылғанға дейін бір доллар 80 ауғани шамасында болған еді. Ұлттық валюта құнсызданғандықтан, елдегі ең ірі валюта нарығы Сараи Шахзада "Талибан" Кабулды басып алған 15 тамыздан бері ашылмаған.
– Импорт бойынша операциялардың көбі Пәкістан рупиясы және АҚШ долларымен жүріп жатыр. Жылдам құнсызданған ауғанимен салыстырғанда бұл валюталардың бағамы өскен, – дейді Сараи Шахзада өкілдері.
"Талибан" елдегі экономикалық жағдайдың мүшкіл екенін мойындайды.
– Саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді экономикалық тәуелсіздікті алу керек, – деді "Талибанның" ресми өкілі Забиолла Муджахид 31 тамызда өткен жиында.
– [Экономикалық тәуелсіздікке] қол жеткізу үшін бізге көмек қажет. Сауда саласы мамандары, инвесторлар мен экономика сарапшылары экономиканың қайта жанданып, аяққа тұруына көмектесуі керек. Ислам әмірлігі оларға жағдай жасайды, – деді ол тәліптер басып алған елді осылай атап. – Көптеген ел Ауғанстанға инвестиция салып, жоба жасауға қызығушылық танытты.
Алайда "Талибанның" экономикалық саясаты қандай болары белгісіз.
Тәліптердің кейбір жетекшілері бұрынғы үкіметтің жұмысын жалғастыратынын айтты, бірақ жаңа үкіметте қаржы саясатына жауапты адам ретінде бұған дейін БҰҰ санкция салған Гүл Аға тағайындалуы мүмкін деген сыбыс көңілге сенім ұялатпайды.
Гүл Ағаны жақсы танитын ауған журналисі оның экономика немесе қаржы саласынан білімі жоқ дейді. Бұл күрделі макроэкономикалық саясат жүргізу ісінде қиындық туғызуы мүмкін.
1990-ЖЫЛДАРДЫҢ ЕЛЕСІ
Қазір "Талибан" жаңа үкіметтің құрамын пысықтап жатыр. Бірақ 1996-2001 жылдары тәліптер билікте болған кезде жағдай мәз емес еді. Ол жылдары ауғандар экономикалық ауыртпалыққа тап болып, соғыс пен қуаңшылықтан қатты зардап шеккен. Ауыл шаруашылығы немесе саудадан табыс табу қиындап, қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық пен табиғи апаттан зардап шеккен соң миллиондаған адам елден кетуге мәжбүр болған.
Ауғанстанға төніп келе жатқан гуманитарлық дағдарыс экономикалық дауылды үлкен апатқа айналдыруы бек мүмкін.
БҰҰ дерегінше, 38 миллион халықтың жартысына жуығы ашқұрсақ тірлік кешіп, тамаққа жарымай отыр. Көбі үйінен кеткен, ал көпке созылған қуаңшылық кесірінен егіс көлемі екі есе қысқарған.
"Талибанның" жаңа үкіметінде экономикалық және гуманитарлық дағдарыспен күресетін ресурс жоқ. Вашингтон Ауғанстан Орталық банкінің 9 миллионнан астам доллар активін бұғаттап, Халықаралық валюта қорынан 450 миллион доллардан астам қаржы алуына тыйым салды. Дүниежүзілік банк те Ауғанстанға көмек беруін тоқтатты.
– Ауғанстан ұзақ мерзімді қуаңшылықпен ғана емес, қаржы және экономика коллапсымен бетпе-бет келуі мүмкін, – дейді Ауғанстан үкіметіне инвестиция беруге көмектесу бөлімінің бұрынғы басшысы Атта Нәсіп. – Орын ауыстырған адамдарға дереу көмек қажет, ал азық-түлік жетпейді. Жағдайды ертерек бақылауға алмаса, аштық пен шиеленіс өршіп кетуі мүмкін. Күн суытқан соң жұртқа отын, тамақ, су, тұратын жер, медициналық көмек қажет болады.
Нәсіптің сөзінше, экономиканы қайта қалпына келтіру үшін тәліптерге жылдам әрекет ету керек.
– Орталық банк пен қаржы министрлігінде техникалық білім жоқ. Донорлар билікке келген тәліптерге бойкот жариялады, қаржы ұйымдары көмектесе алмайды. Донорлардың қолдауын қайтарып, ақша-несие саясатын жүзеге асыруға көмектесетін сарапшыларды тарту үшін "Талибан" бағытының өзгергенін дәлелдеуі керек, – дейді Атта Нәсіп.
Британдық Эксетер университетінің Ауғанстан жөніндегі сарапшысы Вида Мехран "Талибан" билігі кезінде экономикалық дағдарыс күшейе түсетінін айтады. Оның сөзінше, "Талибан" мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа шығуға болатынын айтқанымен, оларға жалақы төленетініне кепілдік бермейді.
– Ауғанстанның бір жылдық бюджетінің 75 пайызын, яғни, шамамен 5,5 миллиард доллар халықаралық көмектен түседі. 2002-2012 жылдары Ауғанстанда экономиканың жылдық өсімі 9,4 пайыз болды. 2015-2020 жылдары 2,5 пайызға дейін түсті, – деп түсіндірді ол Азаттыққа.
Мехран осы уақытқа дейін ұлттық экономика халықаралық көмектің арқасында өскенін, Кабул шетел инвестициясын тартып, ішкі табысын арттыруға күш салғанын айтады.
Мехранның сөзінше, халықаралық көмектің тыйылуы Ауғанстанға сөзсіз әсер етеді. Халық таза ауыз судан, азық-түліктен, медициналық жәрдемнен қағылады.
– Егер "Талибан" үкіметіне санкция салса, елге көмек келмесе, халық сорлайды, – дейді ол.
Ауғанстанда көп адам соның салдарын қазірдің өзінде сезіп те жатыр.
Бір күндік жұмысқа жалданатын 38 жастағы Абдул Латиф отбасындағы тоғыз адамды асырап отыр. Бұрын ол күніне 5 доллар тапса, қазір табысы екі долларға да жетпейді.
– Менде ештеңе жоқ. Жұмыс та жоқ, – дейді ол Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР