Accessibility links

Ауған сайлауындағы Ашраф Ғанидің «тың» тәсілі


Ашраф Ғани суретінің алдында сөйлеп тұр. Ауғанстан, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ашраф Ғани суретінің алдында сөйлеп тұр. Ауғанстан, 16 ақпан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Адамды түрі мен киіміне қарап бағалама дейді. Бірақ Ауғанстан президенттігінен үміткер Ашраф Ғани сырт келбетін өзгерту арқылы сәуірде өтетін сайлауда жеңіске жетемін деп үміттенеді.

Ауғанстан президенті сайлауының кандидаты Ашраф Ғани халық назарын өзіне аударудың тәсілін тапқан сияқты. Ол костюм мен галстугын шешіп, дәстүрлі дамбал киіп, шалма тағып алды.

БАТЫСТЫҚ СТИЛЬДЕН БАС ТАРТТЫ

Сәуірдің 5-і күні өтетін сайлау қарсаңында имиджін жаңартып, түр-сипатын өзгерткен бұрынғы қаржы министрінің қазіргі бейнесі 2009 жылғы сайлаудағы келбетінен мүлде бөлек. Осы жолы Ғани барынша жанашыр әрі патриот кандидаттың кейпіне енді. Батысша стилін дәстүрлі киімге ауыстырған ол сақал қойды. Қазір көпшіліктің алдына тәспі ұстап шығатын Ғани енді есімін де өзгертіп, тайпалық аты «Ахмадзайға» көшіп алды.

Ашраф Ғани сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Кабул, 10 наурыз 2014 жыл.
Ашраф Ғани сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Кабул, 10 наурыз 2014 жыл.
Оның жүріс-тұрысынан басқа да өзгерістерді байқауға болады. Бұрынғы қызуқанды әрі паң Ғани қазір қарапайым, жайдары. Сайлау науқаны жиындарында журналистермен де, жұртпен де жиі әзілдеседі.

Кабулдегі «Ауғанстан сарапшылар желісі» тәуелсіз зерттеу ұйымының өкілі Кейт Кларк бұл өзгерістер «қолдаушыларын көбейту үшін жасалған» дейді.

2009 жылғы сайлау кезінде жаңашыл, технократ ретінде танылған Ғани небәрі үш пайыз дауыс жинады. Оны Кабул сияқты қалалардағы жастар мен әйелдер ғана қолдады, пуштундар көп тұратын елдің шығысы мен оңтүстігіндегі ауыл тұрғындары оған дауыс бермеді.

«Осы жолы оның пуштундарға және тайпалық дәстүрлерге назар аударғанын байқадық. Ауылдағы пуштундардың ықыласына бөленсем деп, солар сияқты киініп, соларша сөйлеп, барынша әрекет етіп-ақ жатыр» дейді Кларк.

«ЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАР ҚОЛДАСА ДЕЙДІ»

Ауғанстанның шығысындағы Логар провинциясынан шыққан Ғанидің де этникалық тегі – пуштун. Оның білімі мен тәжірибесі елдегі ең жоғарғы лауазымды атқаруға жетеді. Ахмадзай Дүниежүзілік банкте, БҰҰ-да қызмет етті, кенже қалған елдерді дамыту туралы кітап та жазды. Бірақ оған қарапайым халық қолдау көрсеткен емес.

Ғани ұзақ жылдар АҚШ-та тұрды. Сондықтан шығар, Ауғанстандағы халықтың тыныс-тіршілігінен бейхабар адам сияқты көрінеді. Төрт жылдан кейін түр-сипатын күрт өзгерткен Ғани сайлаушылар қолдауына ие болғысы келеді.

Ашраф Ғанидің бұрынғы кейпі. Кабул, 20 маусым 2009 жыл.
Ашраф Ғанидің бұрынғы кейпі. Кабул, 20 маусым 2009 жыл.
​Ауғанстанда жүргізілген сауалнамалар көрсеткендей, ол Абдулла Абдулладан ғана қалып келеді. Бірақ мұндай сауалнамаларға сене беруге де болмайды.

Ғани - сайлауға түсетін 10 кандидаттың ішінде нақты саяси жоспар жасап ұсынғандардың бірі және телеарналар өткізген пікірталастарда да көрерменге жақсы әсер қалдырды.

​Бірақ оның жаңа бейнесіне халықтың сеніп отырғаны шамалы. Ауғанстандағы онлайн форумдар мен Twitter және Facebook сияқты әлеуметтік желілерде тұрғындар оның батысшыл екенін айтып, сынап жатыр.

Өткен аптада Facebook-те Ғанидің әйелі Руланың ливандық христиан екені айтылды. Кейбір ауғандар «Ол жеңді делік, бірақ Ауғанстанның бірінші ханымы мұсылман болмай қалады ғой» деп ашуланады. Facebook-ке Ғанидің қызы Мириамның хиджапсыз жүрген суреті де шықты.

Кабулдегі стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Валиулла Рахмани «сайлау кезінде ол ел болашағы туралы жоспарларын түсіндіріп бағады» дейді. Оның айтуынша, «мен де сендер сияқтымын» деп сайлаушыларды сендіргісі келетін Ғани мәселені тіпті қиындатып алды.

«Ауғанстандағы өзі туралы көзқарасты өзгертпек болғаны оның басты проблемасына айналды. Ғани енді «менің пайдам мінез-құлқым мен өткен өміріме тәуелді емес, ел болашағын қалай жоспарлайтыныма байланысты» дегісі келеді» дейді Рахмани.

Ашраф Ғанидің сырт келбетін өзгертуі - оның сайлау стратегиясының бір бөлігі. Бірақ оны енді «бұрынғы дала командирлерімен араласпайтын, оларды қолдамайтын саясаткер» деуге келмей қалды.

Ауғанстанның қазіргі президенті Хамид Карзай дала командирі Абдул Рашид Достумның қолынан ұстап отыр. Ауғанстан, Мазари-Шариф, 21 наурыз 2002 жыл. (Көрнекі сурет)
Ауғанстанның қазіргі президенті Хамид Карзай дала командирі Абдул Рашид Достумның қолынан ұстап отыр. Ауғанстан, Мазари-Шариф, 21 наурыз 2002 жыл. (Көрнекі сурет)
Ол Ауғанстандағы бұрынғы өзбек жауынгерлерінің басшысы, генерал Абдул Рашид Достумды бірінші вице-президенті етіп таңдады. Достум адам құқықтарын бұзған әрекеттері үшін талай рет айыпталған. 2009 жылы «The London Times» газетіндегі мақалада Ғанидің өзі Достумды «белгілі кісі өлтіргіш» деп сипаттайды.

Енді Ғани «жүрегінде» болған өзгерістерді «Ауғанстанның қазіргі жағдайына байланысты» деп түсіндіріп жүр. Ал Достум өткен жылы Ауғанстандағы азамат соғысы кезінде жасаған әрекеттері үшін жария түрде кешірім сұрады.

Кларктың пікірінше, «Ғанидің Достумды таңдауы - көп дау тудырса да, бір жағынан алғанда, дұрыс шешім».

Ол «Ғани бұрынғы жақтастары – жастар мен әйелдердің қолдауынан айырылады. Бірақ басқа этникалық топтар оны қолдайды. 2009 жылы ол оңбай жеңілді. Ғани президент болу үшін Ауғанстандағы барлық саяси және қарулы күштермен бірлесіп жұмыс істеу керек екенін түсінді» дейді ол.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG