Accessibility links

«Ауған проблемасын қарумен ғана шешу мүмкін емес»


Ауғанстанның Нангархар провинциясында 11 содыр қаруларын өткізіп, өз еріктерімен үкіметке берілді. 27 қазан 2013 жыл.
Ауғанстанның Нангархар провинциясында 11 содыр қаруларын өткізіп, өз еріктерімен үкіметке берілді. 27 қазан 2013 жыл.

Келесі жылы Батыс коалициясы әскері Ауғанстаннан кетуі тиіс. Бұдан Қазақстанға келер қандай қауіп бар? Қазақстанның Кабулдағы елшісі Өміртай Бітімов осы жайында Азаттыққа сұхбат берді.

Азаттық: – Елші мырза, келесі жылы коалиция әскері Ауғанстаннан шығарылады деп жоспарланған. Сіз елдің қазіргі қауіпсіздік жағдайына қандай баға берер едіңіз? НАТО әскері кеткен соң Ауғанстанның қарулы күштері мен полициясы елдегі тұрақтылықты сақтап тұра ала ма?

Өміртай Бітімов: – Жағдай бұрын да қиын болған. Бірақ қазір тіпті қиындап кетті деп айтуға болмайды. Жалпы, әскердің кетуі де, президент сайлауы да, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігін ауғандарға беру де – бұрыннан болжанған жайттар. Халықаралық коалиция қарулы топтар мен бандалық топтарды басуға белсенді араласып, террористермен күреске күші мен қаражатын көп жұмсап келді. Қазір, яғни биылғы маусым айынан бастап жағдай толығымен ауған күштерінің бақылауына өтті. Шығынмен болса да, олар бүкіл
Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Өміртай Бітімов.
Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Өміртай Бітімов.
елді бақылауында ұстап отыр. Осы тұрғыдан алғанда тұрақтылық бар.

​Қарулы қақтығыстар мен террористік актілер 2014 жылы да жалғасады деген болжам бар. Бірақ біз билік күшпен басып алу арқылы толық ауысады, елдің ішкі және сыртқы саясаты өзгере қояды деп айта алмаймыз.

Азаттық: – Сіздің пікіріңізше, НАТО әскерлерін шығару Ауғанстандағы инвестициялық климатқа, оның ішінде Астананың Кабулға көрсетіп отырған экономикалық және гуманитарлық көмегіне қаншалықты әсер етуі мүмкін?

Өміртай Бітімов: – Өткен жылдары қолайлы инвестициялық климат құруға соғыс мүмкіндік бермеді. Бірақ бұл салада біраз қадамдар жасалды. Атап айтқанда, әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының бірін Қытай алып, инвестиция құйып жатыр. Бұл – ірі инвестициялық жоба. Ал бірнеше темір кен орнын Үндістан қаржыландырады. Ірі-ірі екі мұнай-газ бассейнін игеруге араб елдері келді, онда Түркия мен Қытайдың да үлесі бар. Бұлар да – ірі инвестициялық жобалар. Қазір Түркіменстан, Ауғанстан және Тәжікстанның арасында темір жол тарту жобасы басталды.

Инвестициялық климаттың қиын екені рас. Бәрі қауіпсіздікке тіреледі. Қазір Ауғанстан инвестициядан гөрі қайтарымсыз гуманитарлық және басқалай көмекті
Қазақстан мен Ауғанстан өкілдері келісімге қол қойып жатыр. Кабул, 17 қыркүйек 2013 жыл.
Қазақстан мен Ауғанстан өкілдері келісімге қол қойып жатыр. Кабул, 17 қыркүйек 2013 жыл.
көп алып отыр. Қазақстан да экономикалық көмек көрсетіп отыр. Айтарлықтай өзгеріс бола қояды деп айтуға болмайды. Көп нәрсе ішкі саяси жағдайдың беталысына, билікке таластың немен аяқталатынына қарай өрбиді. Халықаралық қоғамдастықтың Бонн, Чикаго, Токиода алған міндеттемелерін қалай орындайтынына да көп нәрсе байланысты.

Қазақстанға келсек, біздің бірнеше компаниямыз қазір тендерлерге қатысып жүр. Бұл бағытта үлкен жетістігіміз жоқ. Бірақ гуманитарлық көмекті үзбей көрсетіп келеміз. Алдағы уақытта да көмек көрсету жалғасады деп ойлаймыз.

Азаттық: – Демек, Қазақстан қазір Ауғанстанға инвестор ел емес, гуманитарлық көмек көрсетуші донор ретінде келіп отыр ғой. Сізді дұрыс түсіндім бе?

Өміртай Бітімов: – Әлемдік державалар сияқты ірі донор деуге болмайды. Бірақ бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан аймақта жетекші рөл атқарып отыр. Біздің гуманитарлық көмегіміз негізінен білім беру саласына бағытталған. 2009 жылы түрлі сала бойынша мыңдаған ауған мамандарын дайындау туралы Ауғанстанмен келісімге қол қойдық. Бұл қысқа мерзімді курстар емес. Ауған студенттері университеттер, медицина академиясы, полиция академиясы сияқты алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарымызда оқып жатыр. Шекарашыларды да даярлаймыз. Теміржол транспорты инженерлерін даярлау үшін биыл алғашқы студенттерді қабылдадық. Мұнда теміржол әлі дами қоймағанымен, келешекте осы салада жұмыс істейтін мамандарды ауған үкіметінің өтініші бойынша даярлай бастадық.

Қазақстан өкілі Қанат Саудабаев (сол жақта) Ауғанстан өкілі Рангину Спантемен ауған студенттерін Қазақстанда оқыту туралы құжатқа қол қойып отыр. Кабул, 22 қараша 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан өкілі Қанат Саудабаев (сол жақта) Ауғанстан өкілі Рангину Спантемен ауған студенттерін Қазақстанда оқыту туралы құжатқа қол қойып отыр. Кабул, 22 қараша 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Біз көрсетіп отырған гуманитарлық көмектің басым бөлігі білім беру бағдарламаларына арналған. Маңызды болғандықтан, бұл бағдарламалар ауған тарапынан жақсы қабылданып отыр. Оны жалғастыру, кеңейту жөнінде қазір көп ұсыныстар түсіп жатыр.

Ауғанстан - белгілі себептерге байланысты білім беру саласы мүлде артта қалған елдердің бірі. Түрлі есеп бойынша, халықтың 60 пайызға жуығы – мүлде сауатсыз.

Бұдан бөлек Қазақстан қайтарымсыз негізде астық, май, қант сияқты азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек те көрсетеді. Біздің ел мектеп, аурухана салуға, автомобиль жолдарын жөндеуге қаржы бөлді.

Азаттық: – Өзара экономикалық байланыс тұрғысынан алғанда, Қазақстан тағы қандай шаруаларға араласты? Қазақстан бизнесі Ауғанстан экономикасының қандай салаларында жұмыс істейді?
Қазақстан бұл елге әдетте астық, ұн, май өнімдерін, металл конструкцияларын беретін. Жанар-жағармай жағынан да қараса алады.

Өміртай Бітімов: – Ауғанстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға Қазақстанның әлеуеті жетеді. Қазақстан бұл елге әдетте астық, ұн, май өнімдерін, металл конструкцияларын беретін. Жанар-жағармай жағынан да қараса алады. Нарықтан отыз жылдай шеттеп қалған Ауғанстанның біздің аймақпен қарым-қатынасы мүлде үзіліп қалған. Білім беру деңгейін, экономиканы, халықтың әл-ауқатын көтеру арқылы ғана елде тұрақтылық орнатуға болатынын көріп отырмыз. Бұл - өзара байланысты процестер. Мұнсыз тұрақтылық орнамайды. Ауған проблемасын қарудың көмегімен ғана шешу мүмкін емес.

Азаттық: – «Ауғанстан 2014 жылдан кейін тағы да тұрақсыздық ошағына айналуы мүмкін» дейтіндер бар. Орталық Азия елдері үшін бұл қауіптің қандай салдары болуы мүмкін? Астана нақты қандай қатер күтеді?

Өміртай Бітімов: – Ауғанстан қаупі бұрын да болған. Бұл елдің аймақтағы тұрақсыздық ошағына айналғанына көп болды. Меніңше, бұл ауғандардың ғана кінәсі емес. Сондықтан әлем қауымдастығы ауған мәселесін реттеуге қазір көп күш салып жатыр. Бұл процеске Қазақстан да қатысады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ауған мәселесін реттеуге әлем жұртшылығының назарын үнемі аударып келеді. Ауған мәселесі біздің елдің бастамасымен 2010 жылдың желтоқсанында өткен ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібіне енді. Кейінірек, 2011 жылдың мамыр айында Шанхай ұйымының саммиті де Астанада өтті. Ауған мәселесі қызу талқыланған бұл саммитке президент Карзай қатысты. Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңестің 2012 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен жиынына да Ауғанстан қатысты.

Қазір Қазақстан Стамбул процесіне белсенді қатысып жүр. Сыртқы істер министрлерінің 2013 жылдың сәуірінде Алматыда өткен кездесуінде президент
"Талибан" қозғалысының бұрынғы мүшелері бейбітшілікке арналған шараға қатысып тұр. Ауғанстан, Герат, 23 қазан 2013 жыл.
"Талибан" қозғалысының бұрынғы мүшелері бейбітшілікке арналған шараға қатысып тұр. Ауғанстан, Герат, 23 қазан 2013 жыл.
Назарбаев сөз сөйледі. Біз бұл мәселеге ерекше мән береміз. Нәтижесі де ойдағыдай болады деп ойлаймын. Қол қусырып отырған жоқпыз, жағдайды реттеуге барынша көмектесіп жатырмыз.

Экстремизм, терроризм және есірткі таралу қаупі әлі де бар. Тұрақсыздық ошағы жайылып кетпес үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер алдын-ала қам жасап жатыр. ҰҚШҰ-ның тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі жуырдағы шешімі – осының дәлелі.

Азаттық: – Елші мырза, Ауғанстан мәселесіне Орталық Азия аймағына қатысты қайта оралсақ. Елдегі жағдайларға байланысты Ауғанстан біраз уақыт аймақтан шеттеп қалды дедіңіз. Сіздің пікіріңізше, Орталық Азия елдерінің аймақтық қауіпсіздігі және келешектегі дамуы үшін Ауғанстанның маңызы бар ма?

Өміртай Бітімов: – Оны Орталық Азия елдерінің қатарына тартып, интеграциялау қазір маңызды факторлардың бірі болып отыр. Стамбул процесі де, жаңа Жібек жолы да, БҰҰ мен аймақтық ұйымдардың барлық халықаралық бастамалары да осы мақсатты көздейді. Көп іс атқарылып жатыр. Көршілес елдердің барлығы үшін Ауғанстанның маңызы бар.

Түркіменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанның қатысуымен ірі газ жобалары басталды. Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістанды қамтитын электр желісін тарту жөнінде CASA-1000 деп аталатын жоба бар. Ауғанстанға Түркіменстан, Өзбекстан арқылы тартылып жатқан темір жол желісі – аса қуатты инфрақұрылымдық жоба. Келешекке жоспарланып отырған Тәжікстан-Ауғанстан темір жолы Орталық Азия елдерінің жылы теңіздерге жақындай түсуіне мүмкіндік ашады. Бұл – аса ірі транзиттік ел, бәрімізге үлкен нарық көзі.

Әртүрлі есеп бойынша қазір Ауғанстанда 30 миллионнан аса халық тұрады. Біз үшін бұл – үлкен рынок. Қойнауы бай, инвестициялық жағынан тартымды ел. Қазіргі тұрақсыздыққа қарамастан бұл жұмыстар рет-ретімен жүріп жатыр. Қазірдің өзінде қыруар қаржы құйылды.

Азаттық: – Елші мырза, сұхбат бергеніңізге көп рахмет.
XS
SM
MD
LG