2014 жылы қос қорқынышты індет туралы жаңалық әлем халқын шошытқан еді. Екеуі де тиген жерін жапырып, адамдарды қырып салды. Кейбір елдерде жергілікті тұрғындар қатты зардап шекті. Індет оларға көмектесуге келген шетелдіктерді де аямады.
Екі індет те шекарадан асып, тұтас қала халқын жұтады, үлкен оқиғаларға ықпал етеді деген қауіп тез тарады. Теледидар шулап, саясаткерлер мен сарапшылар байбалам салып, шекараны жабу керектігін немесе жапа шеккен елдерге адамдарды саяхатқа жібермеу туралы дауласып жатты.
ҚОС ІНДЕТ
Індеттің бірі – Эбола вирусы еді. Бұл вирус белгілі бір аумаққа тарады. Бірақ індет тиісті шаралар қабылданып, нұсқаулықтар берілген соң басты тақырып болудан қалды. 1976 жылы анықталған вирус содан бері 15 мың адамның өмірін қиған.
Бірақ 1981 жылы ашылып, 3 миллионнан астам адамның ажалына себеп болған ВИЧ/СПИД немесе жыл сайын жүздеген мың адамды сұлататын безгекпен салыстырғанда Эболаның зардабы аздау көрінеді.
Екінші індет – ИМ-нің экстремистік идеологиясы болды. Оны Эболамен салыстыруға тұрарлық. Эбола құрбандары өлгенге дейін қансыраса, ИМ адамдарды азаптап, басын шауып, тірідей өртеді және басқа да сұмдық әдістерді қолданды.
Бірақ санға жүгінсек, ИМ әлем бойынша салыстырмалы түрде көп адамды қырған жоқ. Терроризмді зерттейтін және терроризмге қарсы күрес шараларын қабылдау жөніндегі Мэриленд ұлттық консорциум университетінің дерегі бойынша, 2002 – 2013 жылдар аралығында ИМ мен басқа да террорлық топтардан 33 мыңнан астам адам қаза тапқан.
2011-2016 жылдар аралығында Сириядағы соғыс кезінде 1 миллионға жуық адам өлсе, соның азғантай бөлігін ИМ өлтірген деп есептеледі. Эбола соңғы жылы көпшілік назарынан таса болды, ИМ де бір жылдан соң басты тақырып болудан қалуы мүмкін. Бірақ жаңа қауіп төнсе, екеуі де қайтадан баспасөз бетінде тәулік бойы қайталанатын тақырыпқа айналуы ғажап емес.
Бірақ ИМ-нен төнген қауіп азайды деп өзін жұбатқандар "әл-Қаиданың" күш жинай бастағанын ұмытты, соңғы жылдағы оқиғалар оның пайдасына шешілді.
ИМ әскерилері бақылауға алған, өздері «дәула» немесе «мемлекет» деп атайтын аумақ бір кезде Ирактың батысында – Бағдад пен Сирияның шығысында Алеппо арасын ғана қамтитын. Бұл аймақ квази мемлекет ретінде тіршілік етті, экстремистер жергілікті басқару орнатып, салық, өндіріс, заң мен нормалар, шекара және тағы басқа барлау аппараттарын бекітті, әскері де бар. Қазіргі таңда «дәуланың» тас-талқаны шыққанын көруге болады.
«ДӘУЛАНЫҢ» ТАЛҚАНДАЛУЫ
Шығыс майданда АҚШ қолдайтын ирактық шииттердің жасағы, күрдтердің "пешмерга" әскері, Ирак үкіметі, Халықаралық әуе-әскери күштерінің құрамы, АҚШ арнайы күштері Ирактағы ИМ-ді құрту үшін жұмыс істеп жатыр.
Рамади мен Фаллуджаны осы одақ талқандады. Одақ әскері енді Мосулға бет бұрды. Ирактың солтүстігі алынған соң ИМ Ирактағы де-факто астанасын жоғалтты. Ендігіде ИМ жасағының әлсіз бөлігі ғана қалды. ИМ орталығында АҚШ қолдайтын Сирия қорғаныс күштері (СҚК) Сирияның солтүстігінен төмен жатқан, ИМ-нің жүрегі саналатын солтүстік Раккаға қанжар сұқты.
Негізгі күрд күштері Күрд халықтық қорғау отрядына (ХҚО) бірікті (Түркияда террорлық топ саналады), СҚК соңғы екі жылда ИМ-нен үлкен аумақты босатып алды. Жаз бойы СҚК Евфрат өзенінің батыс бөлігін, Түркия мен Сирия арасындағы шекараны тазартты.
СҚК-нің табысы басқа елді – Түркияны батыс майданға араласуға итермелесе керек. Түрік үкіметі ХҚО-ны түрік мемлекетінің жауы санайды, шекараны күрд отрядына беруді түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанның қаламағаны анық.
Шілденің 15-і күні Түркияда мемлекеттік төңкеріс болмай қалған соң Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұдан соң, тамыздың 24-і күні түрік әскери бөлімшесі ИМ бақылайтын аумаққа өтіп, шекараға жақын аумақтағы қалаларды алды.
Қазан айында түрік әскері Дабик қаласына шабуылдады. Әскери тұрғыда маңызды болмаса да, ИМ-нің ағылшын тіліндегі насихат журналы осы қаланың құрметіне аталады.
Хадис бойынша діндарлар мен дінсіздер арасындағы ірі шешуші шайқас сол қалада өтуі керек екен. Қазір ИМ жасағы қаланы соғыссыз тастап шықты, бұны біреулер «мемлекеттің» құлайтын кезі жақындады деп қабылдады.
Қазіргі кезде түрік күштері мен Сирия бүлікшілері ИМ бақылап тұрған Әл-Баб қаласын қоршауға алды. Бір кездері ол қала Сирия президенті Башар Асадқа қарсы көтеріліс символы болған еді. Түркия мен АҚШ қолдаған әсіредіншіл емес бүлікшілер орналасқан бұл қаланы ИМ 2013 жылдың жазында басып алды.
ИМ басып алған аумақ 2017 жылдың соңына қарай тұтас тазаланады деген болжам бар. Мәселе шынында да осылай ма?
БЕН ЛАДЕН МЕН ЗАРКАВИ
Сарапшылар Ирак пен Сирия аумағынан ИМ-ді ығыстыру топты жояды дегенге сенбейді. Оның себебі қарапайым: ИМ бұрын да талай рет басқа атаумен талқандалған еді – бірақ бұл жолы бұрынғыдан өткен жауыз болып оралды.
Зерттеушілер Майкл Вайс пен Хассан Хассан «ИМ Әбу Мусаб әл-Заркавиден бастау алады» деп жазады. Заркави АҚШ-тағы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасы алдында "әл-Қаида" басшысы Усама бен Ладеннің одақтасы болғанымен онымен келіспейтін тұстары да бар еді.
Өздері құрған ұйым тәрізді әр жетекші жиһадшыл радикалдық идеологияны насихаттады. Лондондағы Корольдік колледждің аға ғылыми қызметкері, радикалдануды зерттейтін халықаралық орталық өкілі Шираз Махер діннің бастапқы кезеңі саналатын "таза ислам" "әл-Қаида" мен ИМ-нің мақсаты екенін айтады.
Махер осы идеологияның бүгінде салафит-жиһадшылар ұстанымына айналғанына назар аударған. Оның ойынша, жиһад арқылы бүгінгі салафит-жиһадшылар қалыптасқан әлемдік тәртіпті жойып, утопия орнатқысы келеді.
Ислам дінін либералды түрде түсіндірушілер жиһадты адамның ішкі күресі, өзін жеңуі дейді. Бірақ салафит-жиһадшылар үшін бұл - әскери әрекет, діни сенімі бар адам орындауға тиіс міндет және ол жер бетінде тіршілік тоқтағанша жалғаса бермек.
Бен Ладен мен Заркави (қазіргі "әл-Қаида" мен ИМ) өздерін ислам жауларымен соғысқан қасиетті жауынгерлер ретінде көрсетті. Олардың жаулары советтік кезеңде Ауғанстанға әскер кіргізген Ресей және 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Талибанды қудалаған АҚШ саналды.
Бірақ Бен Ладен мен Заркавидің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Бен Ладен негізінен ислам дінін ұстанбайтын «алыс жауларды», «шетелдік басқыншыларды» құртқысы келді.
Заркави болса, такфири, тәкпіршілдер ислам дінін құртушыларды (оның ішінде мұсылмандар да бар) жоюды көздеді. Заркави АҚШ-пен одақтас болған мұсылман елдерін де жау санады. Заркавидің пікірінше «ислам дінін сатқан жолдан таюшыларды» да қасиетті соғыста қырып-жою керек.
Оларды «муртад» (діннен безген еретик) деп атайды, бұл санатқа өздерін мұсылман санайтын Батыстың одақтастары ғана емес, сондай-ақ Заркави таза ислам діні емес деп баға берген – сунниттік емес мемлекеттердің бәрі кіреді.
Бен Ладен бұлай әрекет етпеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден – Бен Ладеннің анасы сириялық алавит – шииттік ислам сектасынан шыққан еді. Екіншіден, Бен Ладен теориядан көрі тәжірибеге сүйенді.
Бен Ладеннің басты нысанасы – мұсылман емес шетелдіктер болды, оларды мұсылман жерінен қуып жіберуді көздеді. Бұл тұрғыдан алғанда Бен Ладенді жанкештілер халифат құруға жол ашқан адам деп сипаттауы мүмкін. Ол бұл қозғалыстың соңы Ислам мемлекетін құруға ықпал етеді деп шабыттандырды, ол үшін шетел мемлекеттерін, ең алдымен АҚШ-ты күйрету қажет деді.
Заркави мен оның ұйымы идеологиялық тазалықты көздейді, физикалық және рухани тұрғыда идеологиялық тазалаудан өткен халифат құрғысы келеді. Бұл идеяға сенбейтін және «таза емес» мұсылмандарды өлтіру олардың мақсаты саналды. Тәкпіршілдік – бір діндегілердің жолдан таюы – алдымен Иракта, кейін Сирияда жақсы қолдау тапты. Заркави 2002 жылдың қазанында Иракқа кетті. Бұл кезде АҚШ Саддам Хусейнді биліктен тайдырған еді.
Бен Ладен Иракты АҚШ-пен соғысудың жаңа мүмкіндігі деп танып, Ауғанстан мен Пәкістандағы ұйымдарына қысымды азайтты.
СҮННИТТЕР МЕН ШИИТТЕРДІ ҚАРСЫ ҚОЮ
Бірінші дүниежүзілік соғыс біткен соң Иракты сүнниттер басқарды. Бірақ халықтың жартысынан астамы шииттер еді. Заркави сүнниттер мен шииттер арасына от салып, бір-біріне қарсы қойды, террорлық шабуылдар шиеленісті күшейтті.
Ол осылайша сүнниттерді мемлекеттің үлкен аумағын өзіне қаратып, шетелдік басқыншылар мен Хусейн кеткен соң билікке келген жергілікті шиит үкіметіне қарсы қойды. Нәтижесі белгілі: Ирак "әл-Қаидасы" (ИӘК) ақырында Ирактағы Ислам мемлекетіне айналып, 2006 жылы елдің үлкен бөлігін қамтыды. Олар халифат құруға болады деп сенді.
Бірақ олай болмады. 2006-2008 жылдары АҚШ әскерінің санын көбейтіп, жергілікті сүннит топтардың басын қосып, радикал ұйымды жеңуге күш салды. АҚШ лауазымды тұлғалары ИӘК радикалдық ұйым деп сүнниттерді көндіре алды. Бұл ұйымның идеологиялық тазалық туралы пікірін қабылдай алмаған адамдар ұйымнан құтылуға тырысты.
Сирия көтерілісі басталған кезде көшеге шыққан шерушілер режимді ауыстырайық дегенге бармады. Олар билікте 40 жыл отырған Асад үкіметінен бар болғаны реформа талап етті.
Ирактағы соғыста қаза тапқан бейтін тұрғындарды санайтын ұйым 2006 жылы бір айда 3 мың адам өлсе, 2009 жылы айына 500-ден аз адам қаза болды дейді. Обама әкімшілігі Буш әкімшілігі кезіндегі келісім бойынша 2009-2011 аралығында Ирактағы АҚШ әскерін қайтарып алды.
Отставкадағы полковник Петр Мансур NPR басылымына «Біз жинаған барлық ақпарат, барлық барлау жұмыстары, қолға түскен тұтқындар Ирактағы "әл-Қаиданың" жеңілгенін дәлелдеді» деді. Бірақ Ирактағы Әл-Каида жеңілмеген екен. Олар ендігі майданды Сирияда жалғастыруға кіріскен болатын,
Эбола тәрізді індеттің ошағы жойылды, бірақ ол індетті тудырған жағдайлар 2011-2013 жылдары асқына берді. 2013 жылы қазір ИМ "Ирак пен Шам Ислам мемлекеті" деп аталды, ақыр аяғында "Ислам мемлекеті" деген атауға тоқтады. Сирия көтерілісі басталған кезде көшеге шыққан шерушілер режимді ауыстырайық дегенге бармады. Олар билікте 40 жыл отырған Асад үкіметінен бар болғаны реформа талап етті.
Одан кейінгі оқиғаның қалай өрбігені белгілі. Асадқа қарсы шерушілерді полиция күшпен басатын болды.
2011 жылдың жазында Асадтың қауіпсіздік аппараты шерушілерге оқ жаудырды, Хомс сияқты қалаларда бронотехника қойылды. Уақыт өте келе Асадтың көп солдаты бейбіт тұрғындарға оқ атудан бас тартты. Кейін олардың өздері атылып кетті.
Бастапқы уақытта діни ағымдар Сириядағы оқиғада басты рөл атқармады. Бірақ 40 жыл бойы шиит басышлар басқарып келген сүнниттік Сирияда сектанттықтың шегінен шыққан Асадқа риза еместер көбейді.
Оппозициялық қозғалыс – төменгі бұқара халықтан бастап 2011 жылдың тамызынан бері қудалауда жүрген Сирия ұлттық кеңесіне дейін – сектанттық пікірлер таратпады. Бірақ Асад режимі олай жасай алмады. Режим әу бастан өзіне қарсылардың бәрін "сүнниттік терроршылар" деп атады.
Осындайда жағдайда Заркави мен оның ізбасарлары Сирияға назар аудара бастады. Қайта тірілген феникс тәрізді ИӘК идеологиясы Ирактағы жеңілістен соң енді Сирияда қайта пайда болды. ИМ түрінде пайда болған бұл топ Сирияның шығысында қатаң шариғат заңын орнатты.
Осы аралықта шиитік Ирак, Иран және Ливандағы Хезболла әскері мен әлемдегі өзге де экстремистер сектанттық мақсаттарын жүзеге асыру үшін Сирияға ағылып жатты.
Сирия мен Йеменде сүнниттік Парсы шығанағы елдеріне қарсы соғыста шииттердің Иранға арқа сүйейтіні белгілі. Сүннит экстремистер бұ ретте шииттік мұсылмандарға қарсы соғыста оқшауланып қалды. ИМ-ге қарсы шыққан сүннит бүлікшілер болса, шииттік Иранның революциялық корпусы (ИРК) қолдайтын Сирия режимінің нысанансына айналды. Ол аздай, енді Сирия режиміне Ресей әскері қолдау көрсетіп жатыр.
Басым көпшілігі сүннит болып келетін бейбіт тұрғындар осы соғыстың құрбанына айналды. Алеппо мен Сирияның басқа аумағында оларды асадшыл күштер аңдып жүр.
ИМ НЕГЕ АРҚА СҮЙЕЙДІ?
ИМ-нің өзі халифат деп атайтын аумақты құруына ықпал еткен жағдайлар осындай болды. Террорға қарсы күрес сарапшылары мен үкіметтік шенеуніктер ИМ-нен әлі көп сұмдық күтеді. Біріншіден, оның идеялогиясы Әл-Каидаға қарағанда барынша радикалды әрі жойқын.
Екіншіден, ИМ үлкен аумақты басып алды. Солайша квази мемлекеттің экономикалық мүмкіндігін қолданды, көзбен ұстап, қолмен көруге болатын мемлекетпіз деген идеологиясын бекітті.
Мұнай құбырлары мен өзгелерден тартып алған қаруларына қарағанда олар 2001 жылға дейін Ауғанстанды билеген Талибаннан да ықпалды. Үшіншіден, ИМ басқа елдердегі радикалдарды Таяу Шығысқа келуге ынталандырды, немесе оларға өз елінде террорлық шабуыл жасауды үйретті.
Назар аударатын мәселе – ИМ үшін азаптануға дайын адамдардың саны мен күш көрсету аумағы аса ауқымды болып шықты.
ИМ шабыт берген бүлікшілер кейінірек Египет пен Ливанда да бой көрсетті. Олардың белсенділігі Сахараның оңтүстігінен Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі аумақты қамтыды. ИМ-ге адал болуға ант берген терроршылар АҚШ, Франция, Бельгия, Түркия, Ұлыбритания және басқа елдерде шабуыл жасады.
Сайып келгенде, ИМ өзі қанатының астынан шыққан "әл-Қаидаға" қарағанда әлдеқайда қауіпті әрі ықпалды болып шықты. ИМ ондаған жылдар бойы тараған салафизмнің ең радикалды, зорлықшыл түрін тарататын ұйымға айналды.
Азаттыққа сұхбат берген сарапшылардың біразы биыл ИМ-нің жаппай жеңіліс табатынын болжаған еді. Бірақ Эбола індеті тәрізді ол кез-келген уақытта қайтадан өршуі мүмкін.Әбу-Дабиде шығатын The National газетінің шолушысы Хассан Хассан ИМ-нің Палмирадағы жеңісі оның күйрей қоймағанын көрсетеді дейді.
«ӘЛ-КАИДА ҚАЙТА КҮШ КӨРСЕТУІ МҮМКІН»
Эбола індеті сияқты "ИМ вирусын" жұқтырған салафиттік жиһадшылық та тез өледі. ИМ-нің жауыздық әрекеті сүннит мұсылмандарды өзінен алыстатты, басқа да көптеген мұсылмандар мен ұлттарды шошытып, оған қарсы күресуге мәжбүрледі. Ал "әл-Қаиданың" әрекетін мұндайда СПИД-пен салыстыруға болады.
Бір қызығы, ИМ "әл-Қаиданың" мақсатын жетілдірген тәрізді. Салафизмге көнбегендердің көбі Таяу Шығыстан кетті. Әлемдік державалар аймақтың ісіне араласудан сақтанатын болды.
Осы аралықта "Әл-Қаида" Сирия қоғамындағы радикал емес топтармен де күш біріктіріп үлгерді.
Алеппоны қоршауға алғанда асадшыл коалиция адамдарды қырып-жойды, газет біткен оған Ресейдің қатысқанын жазып жатты. "Әл-Қаида" осы кезде адамдарға қаланың қоршауын бұзып жол шаып берді. Жаз бойы "әл-Қаида" жанкештілері 2012 жылдан бері бүлікшілер қоршауға алған әскери базаларды жарды.
Ислам дініндегі радикализмге қарсы күресетін және өмірінің көп уақытын Сирияда өткізген ғалым әрі белсенді Нассер Уеддадидің айтуынша, "әл-Қаида" сириялықтарды өзінен алыстатып алмауға тырысады.
Сириялықтардың көбі "әл-Қаидаға" қатысы бар бүлікші топтарды «құтқарушылар» деп таниды, Батыс елдері болса, бұған кеңшілік жасап отыр. «Өркениетті әлем – Америка, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі қайда қарады?» дейді Уеддади.
Оның айтуынша, сириялықтар "әл-Қаидаға" сенбесе де, бұл ұйымды үйді өрт алған кезде жетіп келетін өрт сөндірушілерге ұқсатады. Айтуынша, оларды жек көріп тұрсаң да, өртке су шашпа деп айта алмайсың ғой.
- Тағдыр "әл-Қаидаға" сыйлық жасады. Бұл ұйым қажет кезінде адамдарды құтқарып жатыр, - дейді Уеддади.
Атлантикалық кеңестегі Рафик Харири орталығының Таяу Шығыс ісі бойынша аға ғылыми қызметкері Фейсал Итани оның айтқанымен келіседі.
Итани ИМ-ге қарсы әскери науқанның сектанттық сипаты ИМ идеологиясына қарсы күресті қауіпті ететіні туралы көп жазған. «Жақында ИМ-нің үнін өшіретін шығармыз, бірақ басқалардың мүддесін қолдамау керек» дейді ол.
- Тыныш әрекет етіп жатқан "Әл-Қаида" ИМ-нен де қауіпті. Сирия соғысы адамдарға көп қиындық әкелді, бірақ басқалар оны ұқпауы мүмкін, - дейді ол.
Джеймс Миллердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.