Түрік баспасөзі де «Түркия Ресейге Инжирлик әуе базасын пайдалануға береді» деген ақпаратты жаппай таратып жатыр. Түрік билігі шынымен қатты кеткен сияқты. Мұны Мәскеу қуана құптаса, түрік билігінің Анкарадағы (бәлкім Батыстағы) қарсыластары баррикада құра бастады.
Чавушоглу тым асығыс мәлімдеме жасап жіберген жоқ па? Оның айтқандары көп ұзамай интернеттегі ақпараттардан алынып тасталды.
Чавушоглу жалма-жан «Түркия Ресейге әскери базасын береді» деген сөзді жоққа шығаруға көшті. «Инжирлик туралы айтқаным жоқ. Тек президенттің сөзін қайталап, террорға қарсы соғыста Ресеймен ынтымақтасуға әзірміз деген мәлімдеме жасадым» деді ол.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жұртты таңғалдырып, Израильмен және Ресеймен мәмілеге келген 10 күн ішінде қарсыластары оны оңынан да, солынан да төпелеп сынап жатыр.
«Табан астында кілт бұрылатындай не өзгерді?»
«Кешегі жиһадшы «бауырлар» бүгін терроршыға айналды»
«Израильмен мәмілелесу үшін Газаны сатып жібердің»
Бұл наразылық Ердоғанға әсер етпейтін сыңайлы. Ол жақтастарын «Біз ешқашан жолымыздан таймаймыз. Біз тек Ресеймен және Израильмен арадағы қолдан жасалған қайшылықтардың кесірінен бүлінген қарым-қатынасты жөнге салдық» деп сендірді.
Түрік баспасөзінің жазуына қарағанда, Анкара өтпелі кезеңде Сирия президенті Башар Асадпен де жақындасуы мүмкін.
Дегенмен менімен тілдескен ешқандай астыртын топқа да, идеологияға да жатпайтын әрбір түрік азаматы «Түркияның іші-тысындағы алауыздық атаулыны бір сәтке неге ұмытпасқа?» дейді.
PKK («Күрдістан жұмысшылар партиясы») терроршыларымен арадағы 32 жылдан астам уақыт бойы жүріп келе жатқан қанды соғыс Түркияға тым қымбатқа түсті және әділін айтсақ, [Түркия әрекеттері] сол зұлымдықтың түп негізін жоя да алған жоқ. Ал ИМ болса, оп-оңай күйреген немесе қапелімде құлаған Таяу Шығыстағы диктаторлық режимдердің орнына келген фундаменталистер мен экстремистік топтардың кесірінен жылдам тараған жаңа індет.
2010 жылдардың басында «Араб көктемінен» шабыттанған исламшыл Ердоған бұл режимдерді біртіндеп өзіне жақын адамдар алмастырады деген үмітпен іргелес Сирия мен Ирактағы, тіпті Египеттегі әлгіндей топтарға қолдау көрсете бастаған. Ердоғанның бұл ойы жүзеге аса қоймады, ал оның көпшілігі іс-әрекеті жағынан да, ой-санасы жағынан да зорлық-зомбылыққа бейім тұратын исламшыл «ағайындары» Түркияның өзіне тіс батыра бастады.
Акшехирден Анкараға қоныс аударған, өмір бойы консерваторларға дауыс беріп келе жатқан Ахмет Ұста «Жеңілуді тоқтатқан тұстан бастап жеңе бастайсың» деген түрік мәтелін есіме салды. Ал зайырлылықты қолдайтын, Ердоғанды жақтырмайтын зейнеттегі заңгер Нұргүл ханым соңғы бір жыл төңірегінде Түркияның әр түкпірінен естіп жүрген пікірді қайталады. «Туған елімізден айырылып қаламыз ба, жеріміз бөлшектеніп кете ме деп қорқушы едік, енді жақындарымызға, Түркияның азаматтарының өміріне алаңдай бастадық» дейді ол.
Арпер есімді жасы 30-дар шамасындағы жоғары технология маманы «Ердоған мен оның АКР («Әділет және даму») партиясы көп қателіктері үшін жауап береді. Қазір Түркия үшін өте ауыр кезең басталды. Кілт бұрылыстар да керек, әрі мұны бұл қойыртпақты жасағандардың өздері жақсы орындай алады, дегенмен, ашығын айтсақ, соңғы 10 жылда экономика мен әлеуметтік салада өте үлкен жетістікке жеткізген де солар» деді.
Аббас Джавадидің блогы ағылшын тілінен аударылды.