Accessibility links

АҚШ санкциялары олигархтар бизнесін күйретті


Ресейлік миллиардер Олег Дерипаска
Ресейлік миллиардер Олег Дерипаска

АҚШ ресейлік бизнесмендер мен компанияларға қарсы жаңа санкциялар салғаннан кейінгі алғашқы жұмыс аптасының басы олар үшін шынымен қаралы күнге айналды. "Ведомости" басылымының жазуынша, дүйсенбіде ұлттық акциялар нарығы бірден 2,7 триллион рубльден көп жоғалтып, капиталдандыру қоры жеті пайызға кеміді. Бұған қоса, Ресейдің жетекші компанияларының құнды қағаздары да құлдырады. Forbes журналының есебінше, ең бай 50 ресейліктің байлығы бір күннің ішінде шамамен 12 миллиард долларға кеміген. АҚШ санкциясынан бәрінен де Олег Дерипасканың бизнесі қатты зардап шекті. Өйткені онымен байланысты сегіз компания бірден санкцияға ілікті. Қазір Дерипасканың бизнес-империясы қандай күйде және оның қандай бөлімшелеріне ерекше қатер төніп тұр?

Forbes журналының 2017 жылдың ең бай ресейлік бизнесмендер рейтингінде 23-орында тұрған Олег Дерипасканың байлығы 5,1 миллиард доллар деп бағаланған еді. Бірақ, АҚШ Дерипаска мен оның негізгі активтерін санкциялық тізімге енгізгеннен кейін миллиардердің компанияларының акциялары күрт арзандап кетті. Forbes дерегінше, 9 сәуірдің өзінде ғана Дерипасканың байлығы бірден 1,6 миллиард долларға азайған.

Олег Дерипаска – "Базовый элемент"("Базэл") өнеркәсіп тобының негізін қалаушы әрі жалғыз қожайыны. Оның құрамында "энергетика, тау-кен өндірісі, металлургия, машина жасау, авиация, қаржы, ауыл шаруашылығы және өзге салаларда жұмыс істейтін 100 шақты ресейлік және халықаралық кәсіпорын бар".

En+ Group – "Базэлге" кіретін ірі компаниялардың бірі. Компания Олег Дерипасканың энергетика, түрлі-түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі, логистика салаларындағы және олармен стратегиялық тұрғыдан байланысты салалардағы активтерін бақылайды. Дерипасканың өзге де көптеген активтері тәрізді En+ Group компаниясы да "жеңілдетілген салық айлағы" - Джерси аралында тіркелген. Ресейлік "ЕвроСибЭнерго" ірі жеке меншік энергия компаниясының 100 пайыз акциясы, әлемдегі ең ірі ферромолибден өндірушілердің бірі – SMR компаниясының 100 пайыз акциясы және әлемдегі ең ірі алюминий өндірушілердің бірі – "РусАл"(UC Rusal) біріккен компаниясының 48 пайыз акциясы En+ Group компаниясына тиесілі.

"РусАл" компаниясы өнімдері
"РусАл" компаниясы өнімдері

2018 жылғы ақпанның 23-інде Олег Дерипаска En+ Group президенті және "РусАл" алюминий компаниясы президенті қызметінен кеткен. Ол кезде "Коммерсант" басылымы сұхбат алған сарапшылар миллиардердің бұл қадамы оны санкциялық тізімге енгізу ықтималдығына байланысты болуы мүмкін деп болжаған. Бірақ мұндай сақтық шаралары Олег Дерипасканың өзін де, оның негізгі активтері "РусАл", En+ және "Базовый элемент" компанияларын да санкциядан аман алып қала алмады.

"ҚАРА" ДҮЙСЕНБІ

Сәуірдің 9-ы, дүйсенбі күні таңертең "РусАл" компаниясы техникалық дефолт қаупі төнгенін жариялады. Бұл хабардан кейін Гонконг қор биржасында компания акцияларының бағасы 50 пайыздан көп құлдырап, компания капиталының 3,6 миллиард долларын жоғалтты. Бұған қоса, Олег Дерипасканың активтерінің құны Лондон мен Мәскеу қор нарығында да күрт құлдырады. Ресейлік бизнесменнің алюминий саласындағы қазіргі активтері және әлемдік металл өндірісіндегі үлесі қандай?

Сергей Елкиннің карикатурасы
Сергей Елкиннің карикатурасы

– Әлемдегі ең ірі алюминий өндіруші компания болмағанымен, оның ірі компания екеніне дау жоқ. Компания 13 елді, бес құрлықты қамтиды, бүкіл әлем бойынша 40-тан астам өндіріс орны бар. Сондықтан оның ахуалы алюминий нарығындағы барынша үлкен сегментке әсер етері түсінікті. "РусАл" компаниясының әлемдік нарықтағы үлесіне келсек, оның үлесі әлемде өндірілетін алюминийдің шамамен алты пайызын құрайды. Ал сан жүзінде айтсақ, шамамен төрт миллион тонна. Әлемде бар-жоғы 50-56 миллион тонна өндіріледі. Бұған қоса, "РусАл" - аса ірі фольга өндірушілердің бірі, жылына шамамен 90 мың тонна фольга шығарады, - дейді "Риком-траст" инвестициялық компаниясы сараптама бөлімінің бастығы Олег Абелев.

Компания банкрот болады деп айтпаймыз, бірақ оған жаңа нарық көздерін іздеуге тура келетіні түсінікті

АҚШ енгізген шектеулерге сәйкес, санкциялық тізімге енген компаниялармен АҚШ территориясында жұмыс істейтін компаниялардың тікелей жұмыс істеуіне, олардың акцияларын ұстауға, ал банктерге – оларға несие беруге және төлемдік операциялар жүргізуге тыйым салынды. Бұған қоса, АҚШ қаржы министрлігі америкалық инвесторлар Олег Дерипаскаға тиесілі компаниялардың акцияларын мамырдың 7-іне дейін сатып құтылуы, ал олармен бекітілген барлық келісімдердің күшін маусымның 5-іне дейін жоюы тиіс деп түсіндірді. Олег Абелевтің сөзінше, ресейлік бизнесмен осылайша АҚШ нарығынан бүтіндей айырылды.

– 2017 жылы "РусАл" компаниясы түсімінің 15 пайызы АҚШ нарығынан түскен. Сондықтан компанияның америкалық нарықпен әлдебір байланысы бар көптеген контрагенттері енді "РусАл" компаниясымен бекітілген мәмілелердің бәрінен бас тартуы мүмкін. Компания банкрот болады деп айтпаймыз, бірақ АҚШ нарығынан айырылғаннан кейін 15 пайыздың орнын толтыратын жаңа нарық көздерін іздеуге тура келетіні түсінікті.


Тағы бір проблема – қаржы мәселесі. Санкцияға іліккен компания енді Батыста қаржы ала алмайды, оған ешкім доллар бермейді. Ал "РусАл" компаниясының қазіргі қарызы – шамамен 8,9 миллиард доллар. Сондықтан оны Ресей нарығында ресейлік банктерден ғана қайта қаржыландыруға тура келеді. Бірақ олар орталық банк валюталық РЕПО берсе ғана қайта қаржыландыра алады.

Онда "РусАл" акциясы бағасы ғана емес, Ресейдің бүкіл металлургиялық секторы құлдырайды

Үшіншіден, "РусАл" еуробондтарына қатысты проблемалар. "РусАл" бұған дейін еуробондтар шығарған еді ғой. Сондықтан олар бойынша доллармен төлеуі тиіс. Ал доллар ешкім бермесе, қайта қаржыландыру қиындаса, еурооблигациялар бойынша бірден техникалық дефолт қатері төнеді. Онда "РусАл" акциясы бағасы ғана емес, Ресейдің бүкіл металлургиялық секторы құлдырайды. Дүйсенбі күні Гонконг биржасы сайтында техникалық тұрғыдан бұлай болуы әбден ықтимал деген хабарлама жарияланды. Яғни компания өз инвесторларын жағдайдың олайша өрбуіне даярлауға аздап тырысып жатыр. Бұлай болады деп кесімді түрде айта алмаймын, әрі солай болғанын қаламаймын, бірақ ондай қатер бар.

"РусАл" болашағына қатысты Мәскеу халықаралық валюта қауымдастығы кеңесінің төрағасы Кирилл Тремасовтың да болжамы шамамен осындай пессимистік сарында шықты.

"Компанияны оттегінен айырып тастады деуге болады. Ол америкалық нарықтан (2017 жылғы бүкіл түсімнің 1,44 миллиард доллары немесе 14,4 пайызы) айырылғаны аздай, енді ол өзге елдерде де проблемаларға тап болары анық. Әрине, схемалар да, контрагенттер де табылады, бірақ сатылым көлемі қысқарып, шығындары көбейетін сыңайлы.

Оның қатарына өзге компаниялар қосыла бастаса, мұндай сценарийд іске қосуы әбден мүмкін

2017 жылдың аяғындағы есеп бойынша, "РусАл" компаниясының жалпы қарызы 8,5 миллиард доллар, таза қарызы 7,6 миллиард доллар болған. Қарыздың негізгі бөлігі 2021-2024 жылдары төленуі тиіс. Енді компания бұл қарыздарды Батыс банктерінде қайта қаржыландыра алмайды. Бірақ теориялық тұрғыдан алғанда, орталық банк валюталық РЕПО схемасын қайтару арқылы (дағдарыс жағдайында мұндай опция сақталатыны айтылған) көмектесе алатын мемлекеттік банктеріміз бар. Жалғыз "РусАл" үшін орталық банктің ондай қадамға баруы екіталай, бірақ оның қатарына өзге компаниялар қосыла бастаса, мұндай сценарийд іске қосуы әбден мүмкін.

Қарыздың негізгі бөлігі – АҚШ долларымен алынған несиелер және доллармен есептелетін еуробондтар. Доллармен есеп айырысу жағы не болатыны әзірше түсініксіз. Теорияға сүйенсек, "РусАл" енді доллармен есеп айырыса алмайды. Ал іс жүзінде қалай болатынын тап басып айту қиын. Бұл мәселе бұлыңғыр, сондықтан "РусАл" еуробонд купондары бойынша төлей алмай, техникалық дефолтқа ұшырауы әбден мүмкін", - деп жазған Тремасов Телеграм-каналында.

Райффайзенбанк сарапшыларының пікірінше, жаңа санкциялар салдарынан, "РусАл" компаниясымен есеп айырысуда АҚШ долларын пайдалану тоқтайтын тәрізді. Ал бұл еуробондтар мен өзге операциялар бойынша дефолт дегенді білдіреді. Трейдерлерге алюминий сатуда іркілістер пайда болып, бұл да санкцияның тағы бір зардабына айналады. Өйткені АҚШ-тың ірі компаниялары "РусАл" компаниясынан алюминий сатып алудан бас тартатын болады деп болжайды олар.

Менеджмент ықтимал қатерлерді барынша азайту үшін жұмыс істеп жатыр. Қиын, бірақ жеңіп шығамыз

Америка санкция салғаны жайлы хабарға іле-шала компания акцияларының бағасы құлдырап кеткеннен кейін халықаралық сауда үйлері "РусАл" компаниясынан алюминий сатып алуды дүйсенбінің кешінде-ақ тоқтатқан болатын. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, олар өз банктері мен заңгерлерінен осындай кеңес алған. "РусАл" қиын жағдайдан шығуға уәде етті. Интерфакс агенттігі "РусАл" компаниясының "Жағдай оңай емес. Жұмыс көп, компания оқиғаның өрбуін бақылап, бизнестің, акционерлер мен инвесторлардың және үзбей хабарласып отырған серіктестеріміздің мүддесі үшін ұтымды болатын іс-қимыл нұсқаларын қарастырып жатыр. Менеджмент ықтимал қатерлерді барынша азайту үшін жұмыс істеп жатыр. Қиын, бірақ жеңіп шығамыз" деген хабарламасына сілтеме жасаған болатын. Бірақ сейсенбі күні таңертең бұл пост ашылмай қалды.

"Қазір Олег Дерипаска мен "РусАлдың" қолында қандай амалдар бар?" деген сауалға сарапшы Олег Абелев мынадай пікір білдірді:

– Меніңше, "РусАл" нарық көздерін іздеп, өзге елдерге бет бұруға тырысатын болады. Азия, Африка, мүмкін Латын Америкасы, Ресейдің өз ішінде сатуға тырысатын болады. Сосын түсімді долларға ауыстырып, еуробондтар бойынша дивиденд төлеп, техникалық дефолтқа жеткізбейді. Әйтпесе банкрот болмаса да, компанияның акционерлік құны мүлде құлдырайды. Бірақ егер компания бұлай істемесе немесе тырыспаса, ықтимал акционерлерін үркітіп алуы мүмкін.

– Ал Азия нарығы "РусАл" өнімдерін қабылдауға әзір деп санайсыз ба?

Жапонияға сату қиынға түсуі мүмкін, өйткені әдетте Жапония да АҚШ тәрізді саясат ұстанады

– Иә, өйткені олар мұндай көлемде болмаса да, қазір де қабылдап жатыр ғой. Ол жаққа бұрын да сатылып жатқан, енді көлемі ғана ұлғаятын шығар. Өйткені компанияның негізгі нарық көзі бұрын Ресейдің өзі мен Солтүстік Американы санамағанда, Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапония, Корея, ТМД елдері, Еуропа да болған. Еуропалық сатылымның әлдебір бөлігі қалатын шығар. ТМД елдерінің, Оңтүстік-Шығыс Азия, Жапония, Кореяның позициясы да қалады. Енді осы елдерге көбірек сататын болады. Бұлардың ішінде Жапонияға сату қиынға түсуі мүмкін, өйткені әдетте Жапония да АҚШ тәрізді саясат ұстанады.

– Қазір Олег Дерипаска енді активтерін сатуға мәжбүр болады деген сөз тарап жатыр. Бұл мына қиын жағдайдан шығудың амалы бола ала ма?

– Бұл кімге сататынына байланысты. Енді оның өз активтерін Батысқа сата алуы екіталай. Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Қытайға сататын шығар, мүмкін әлдебір ресейлік сатып алушылар шығып қалар. Бұл сатып алушының Дерипасканың ұсынған бағасына келісуіне байланысты болады. Бұл – үлкен мәселе, сондықтан әзірше дөп басып айту қиын. Қазір керісінше, капиталдың құны апатты деңгейде құлдырап барады, ал баға түскен кезде сату меншік иесіне қаншалықты тиімді болатынын білмеймін.

– Дүйсенбі күні "РусАл", En+ құлдырап жатқан тұста металлургиялық саланың өзге компанияларының акциялары да едәуір арзандап кетті. Бұл немен байланасты деп ойлайсыз? Әлде инвесторлар бұл саладан мүлде теріс айналып жатыр ма?

Санкциядан кейін ірі қорлардың көпшілігі Ресейдегі позицияларын біржола жабуды ұйғарған тәрізді

– Өйткені бұл сектордың бірқатар компанияларында "РусАл" компаниясының үлесі бар. Мысалы, "Норильский никель" тау-кен металлургиялық комбинатындағы "РусАл" компаниясының үлесі – 30 пайызға жуық. Сондықтан оның акцияларының құлдырауы заңды. Бұдан бөлек, жұрт жаппай сатып, мұндай дүрбелең басталған кезде бүкіл нарық құлдырайды. РТС биржасы индексі бір күнде 12 пайыздан артық, ал Мәскеу биржасы индексі тоғыз пайызға дейін түсті, сондықтан бұл жерде басқаша болуы мүмкін емес қой. Дүйсенбі күні "РусАл" 25 пайыздан көпке құлдыраған сәт болды. Сондықтан бұл жерде мұндай жаппай сатылым кезінде болатын дүрбелең факторы да белгілі бір рөл ойнайды. Бұған қоса, санкциядан кейін ірі қорлардың көпшілігі Ресейдегі позицияларын біржола жабуды ұйғарған тәрізді. Бұған таңданатыны жоқ, - дейді Абелев.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев үкіметке АҚШ санкциясына іліккен ресейлік компанияларды қолдау мәселесі мен қарымта шараларды пысықтауды тапсырды.

"Ал мына санкцияларға іліккен компанияларымызға келсек, оларға қолдау көрсету жағын қарастыру қажет. Бұл металлургтерге де, энергетика саласына да, қорғаныс-өнеркәсіп өнімдері саудасы саласына да қатысты. Жиынға қатысушылардан және ведомство министрлерінен компанияларға нақты қандай қолдау көмек көрсетуге болатыны туралы нақты ұсыныстар әзірлеуін өтінер едім", - деп мәлімдеді Медведев дүйсенбіде.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев орынбасарларымен кеңес өткізіп отыр. Мәскеу, 9 сәуір 2018 жыл
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев орынбасарларымен кеңес өткізіп отыр. Мәскеу, 9 сәуір 2018 жыл

БКС (ресейлік қаржы компаниясы – ред.) бас экономисі Владимир Тихомировтің РБК сайтына айтуынша, санкцияға іліккен компанияларға несие мемлекеттік банктер арқылы да, ұлттық әл-ауқат қоры қаржысы есебінен ВЭБ (Внешэкономбанк – ред.) арқылы да берілуі мүмкін. Ол несие кепіл мүлікке, яғни акциялардың бақылау пакеттерін кепілге алып берілетін шығар деп топшылайды. "Фридом Финанс" Ресей қор нарығындағы операциялар басшысы Георгий Ващенконың айтуынша, егер мемлекетке Дерипаска кәсіпорындарының қарызын толық қайта қаржыландыруға тура келсе, бұл үшін 13 миллиард доллар немесе қазіргі бағам бойынша шамамен 800 миллиард рубль қажет болмақ.

ДЕРИПАСКАНЫҢ ӨЗГЕ АКТИВТЕРІ

Қазір Олег Дерипасканың "РусАл" компаниясына ресейлік "Норникель" тау-кен-металлургиялық компаниясының шамамен 28 пайыз акциясы тиесілі. Бұдан бөлек, автомобиль шығару ("Группа ГАЗ"), автобөлшектер шығару (RM Systems), темір жол машиналарын шығару (RM Rail), құрылыс-жол техникасын шығару (RM Terex) және ұшақ жасау ("Авиакор" авиациялық зауыты) кіретін "Русские машины" холдингі сияқты активтері де "Базэл" бақылауында.

Ресей президенті Владимир Путин ГАЗ зауытында. Нижний Новгород, 6 желтоқсан, 2017 жыл
Ресей президенті Владимир Путин ГАЗ зауытында. Нижний Новгород, 6 желтоқсан, 2017 жыл

Краснодар өлкесі территориясындағы, нақты айтқанда, Сочи, Краснодар, Анапа және Геленджиктегі әуежайлар операторы "Базэл Аэро" компаниясы да "Базовый элемент" компаниясына тиесілі.

Олег Дерипаска – екі сүт мегафермасы, 16 мың бас шошқа өсіруге арналып салынған кешен, "Свобода" қант зауыты, үш астық элеваторы, үш тұқым шығаратын және өңдеу зауыты және "Восход" жылқы зауыты кіретін "Кубань" агрохолдингінің дара қожайыны.

Бұдан бөлек, "Базэл" құрамына жылжымайтын мүлік саласындағы компаниялар (мысалы, 2014 жылғы Сочи олимпиадасының бірқатар нысандарын салған "Главстрой девелопмент" компаниясы), медиаиндустрия ("Фор Медиа") және қаржылық қызмет көрсету саласындағы компаниялар да кіреді. Ресейдегі ең ірі сақтандыру компанияларының бірі "Ингосстрахтың" 10 пайыз акциясы да Олег Дерипаскаға тиесілі.

1998 жылдан бері "Вольное дело" қайырымдылық қорын Олег Дерипаска қаржыландырады. Ұйым "РобоФест" робот техникасы фестиваліне, бүкілресейлік "Мектеп директоры" конкурсына, Сочидегі "ПовоДог" деп аталатын иттерге арналған жекеменшік паналау орнына және білім, ғылым мен өнер саласындағы өзге де жобаларға демеушілік етеді.

ДЕРИПАСКАҒА ҚАТЫСТЫ ЖАНЖАЛ, ИНТРИГА, ЗЕРТТЕУЛЕР

2001 жылы Олег Дерипаска Борис Ельцин әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Валентин Юмашевтің бірінші некеден туған қызы Полинамен бірге шаңырақ көтерген. Юмашевтің өзі 2002 жылы Ельциннің қызы Татьяна Дьяченкоға үйленген. Осылайша, Олег Дерипаска "Отбасымен" - Ресей Федерациясы тұңғыш президентінің жақын адамдарымен байланысты.

2017 жылғы қыркүйекте баспасөзде АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың сайлауалды штабының бастығы Пол Манафорт пен Олег Дерипаска екеуінің ықтимал байланысы туралы ақпарат тарады. 2016 жылы Трамп президенттікке сайланардан екі апта бұрын Манафорт Дерипаскаға АҚШ-тағы сайлау барысы туралы электронды пошта арқылы жеке консультация берген деп мәлімделген. Associated Press агенттігі Дерипаска Ресей президенті Владимир Путиннің мүддесіне лобби жасағаны үшін Манафортқа төлем жасаған деп жазған.

Пол Манафорт
Пол Манафорт

2018 жылғы ақпанда Олег Дерипаска Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының жұртты шулатқан зерттеуінің негізгі кейіпкеріне айналды. Навальныйдың видеоролигінде Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Сергей Приходько 2016 жылғы тамызда үш күнді Норвегия суларында Олег Дерипасканың яхтасында "эксорт-агенттік бикештерімен" бірге өткізген делінеді. Бұл әлгі қыздардың өзін Настя Рыбка деп атаған біреуінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парағы мен кітабынан мәлім болған. Бұған қоса, Навальный ол кезде Приходько мен Дерипаска екеуі АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал ету амалдарын талқылаған деп топшылайды.

Сергей Приходько (сол жақта) мен Олег Дерипасканың суреттерінен коллаж
Сергей Приходько (сол жақта) мен Олег Дерипасканың суреттерінен коллаж

2018 жылғы сәуірде Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин 2017 жылғы наурызда Олег Дерипасканың ұлы Петр оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ұйымдастырған коррупцияға қарсы акцияға қатысты деп мәлімдеген. Бастрыкиннің хабарлауынша, бизнесменнің ұлы Мәскеудегі Пушкин ескерткіші түбіндегі шам ілінген бағанға шығып, "Коррупция жойылсын!" деп айқайлаған. Тергеу комитеті басшысының пікірінше, Олег Дерипасканың өзі де коррупциялық істердің ықтимал фигуранты саналады.

Былтыр Ресейдегі ең бай мұрагерлер рейтингін түзген Forbes журналы Олег Дерипасканың балалары – ұлы Петр мен қызы Марияның байлығын 2,55 миллиард доллар деп бағалаған.

2018 жылғы наурыздың 3-і күні Олег Дерипасканың өкілдері бизнесмен Кипр экономикасына ірі сомада инвестиция құйып, "Алтын виза" бағдарламасы бойынша осы елдің азаматтығын алғаны туралы деректі растаған.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшілері Светлана Павлова мен Иван Трефиловтің мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG