1 желтоқсанда жарияланған айыптау актісін АҚШ-тың арнайы өкілі Роберт Мюллер басқаратын тергеу тобы даярлаған. Бұл топ президент Дональд Трамптың 2016 жылғы сайлау штабы мен Ресейдің ықтимал байланысын тексеріп жатыр.
Вашингтондағы федералдық сотқа 30 қарашада түскен құжатта Флиннің ФБР-ге "әдейі және біле тұра" өтірік айтқаны, яғни сол кездегі Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларын талқыламадым дегені жазылған. Құжатқа сәйкес бұл екі адам 2016 жылғы 8 қараша мен 2017 жылғы 20 қаңтар арасында, өтпелі кезеңде сөйлескен.
Вашингтондағы федералдық сот ғимаратына келген Флинн журналистердің сұрақтарына жауап бермеді. АҚШ әскерінің отставкадағы генерал-лейтенанты Барак Обаманың үкіметінде лауазымды барлау қызметкері болған. Биылғы ақпан айында Флинн вице-президент Майк Пенске Ресейдің елшісімен кездесуі туралы қате ақпарат берді деген негізбен қызметінен босатылған.
Бүгін сотта растаған әрекеттерімнің қате екенін мойындаймын. Құдайға деген сеніміме сүйеніп, түзетуге тырысып жатырмын. Кінәмді мойындауым мен арнайы өкілдің тергеу тобына жәрдемдесуім отбасым мен елімнің мүддесі үшін жасаған шешімімді айғақтайды.Майкл Флинн
Флиннің заңгерлері оның атынан 1 желтоқсанда мәлімдеме таратты. Құжатта: "Бүгін сотта растаған әрекеттерімнің қате екенін мойындаймын. Құдайға деген сеніміме сүйеніп, түзетуге тырысып жатырмын. Кінәмді мойындауым мен арнайы өкілдің тергеу тобына жәрдемдесуім отбасым мен елімнің мүддесі үшін жасаған шешімімді айғақтайды" деп жазылған.
Трамптың заңгері Тай Кобб Флиннің кінәсін мойындауы одан өзге ешкімге әсер етпейді деген мәлімдеме жариялады.
Обаманың үкіметінде бас этика заңгері болған Норм Эйсеннің Азаттыққа берген пікіріне сәйкес Флинге тағылған айып салыстырмалы түрде жеңіл. Демек Флинн тергеу тобына барынша көмектесуге бейіл.
Оқи отырыңыз: Флинн Ресейден түскен кірісін жасырып қалған
Эйсен Азаттыққа берген жауабында: "Іс жүзінде, мұның мағынасы - ол (Флинн - ред.) өзінен гөрі маңыздырақ бір адамға қарсы [тергеу ісіне] болысады деген сөз" деп жазды. Заңгердің тұспалдауынша, Флинн Ақ үйде аса лауазымды қызмет атқарғандықтан өзге маңызды тұлғаларға айып тағуға негіз болатындай мәлімет беруі мүмкін. Заңгер ондай тұлғалардың бірі президент Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болып шығуы ықтимал деп ойлайды.
Флинн Ақ үйде аса лауазымды қызмет атқарғандықтан өзге маңызды тұлғаларға айып тағуға негіз болатындай мәлімет беруі мүмкін.
ФБР-дің бұрынғы директоры Роберт Мюллер АҚШ Әділет министрлігінің Трамп пен оның серіктерінің Ресей үкіметінің агенттерімен қатысын тексеру тобын басқарып отыр. Флинн - бұл тексеру кезінде айып тағылған төртініш адам. Мұның алдында Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт, оның бизнес серігі Рик Гейтс және бұрынғы сыртқы істер кеңесшісі Джордж Пападопулосқа да осындай айыптар тағылған. Пападопулос кінәсін мойындаған.
Биылғы қаңтарда АҚШ-тың барлау қызметтері Ресей билігінің АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауының нәтижесіне ықпал ету кампаниясын ұйымдастырғанын мәлімеп, арнайы зерттеу жариялаған еді. Президент Трамп пен Ақ үй бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып келеді.