Газетке ақпарат берген тараптардың мәлімдеуінше, Флиннің адвокаттары "Трамп заңгерлерімен ақпарат алмасуды тоқтатқан". Бұған дейін олар ортақ қорғаныс саясатын ұстану үшін өзара ақпарат алмасып отыруға келіскен еді. New York Times газеті мұны Флиннің тергеу орындарымен ынтымақтаса бастауының, я болмаса ынтымақтастық шарттары туралы келіссөз жүргізіп жатқанының белгісі санайды. Мұндай жағдайда күдіктіге қорғану тәсілдерін өзге фигуранттармен келісудің қажеті болмайды.
Егер New York Times болжамдары дұрыс шықса, Флиннің бұл шешімі алты айдан бері арнайы прокурор Роберт Мюллер жүргізіп келе жатқан тексеру ісіндегі бетбұрысқа айналуы мүмкін. Флинн тергеуге арнайы прокурор тағайындалмай тұрып іліккен. Ол - Трамптың бүкіл командасы ішінен Ресейдің лауазымды тұлғаларымен ең ұзақ байланыста болған адам. Мысалы, Флинн мен Ресейдің АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Сергей Кисляктің таныстығы оның Дональд Трамппен таныстығынан әлдеқайда бұрын басталған. Генерал (Флиннді айтады - ред.) мен елші 2013 жылы, Флинн АҚШ қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы бастығы ретінде Мәскеуге барғанда танысқан. Ал Владимир Путинмен Майкл Флинн 2015 жылғы желтоқсаннан бері таныс – екеуі RT телеарнасының (Ресей қаржыландыратын Russia Today телеарнасы – ред.) 10 жылдығына арналған банкетте дастархандас болған.
Ол кезге қарай Флинн отставкаға шығып, Вашингтонда консалтинг қызметін көрсетумен айналысатын фирма ашып, телеарнаға жиі қонаққа барып жүрген. Флинн кеңес берген клиенттер ішінде "Волга-Днепр" әуе компаниясы мен "Касперский лабораториясы" да болған.
Былтыр желтоқсанның 29-ы күні АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей елшісі Кислякті шақырып алып, «Ресейге қарсы санкциялар күшейтіліп», «35 ресейлік дипломат елден шығарылатынын» хабарлаған. Әлгі кездесуден кейін елші ескі досына, яғни жаңадан сайланған президенттің (Трамптың - ред.) ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болуы тиіс Флиннге телефон соққан. Сол күні Кисляк пен Флинн телефон арқылы бес мәрте сөйлескен. Сол күндері Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ санкцияларына симметриялық қарымта қайтаруға уәде еткен еді. Бірақ ертеңінде президент Путин «қарымта санкция болмайды» деп мәлімдеп, АҚШ дипломаттарының балаларын тіпті Кремльдегі шырша мерекесіне шақырған.
Дональд Трамп Twitter-де Путиннің бұл шешімін мақтап: «Кідіріп барып жасалған тамаша жүріс (В.Путин жасаған). Оның өте ақылды адам екенін әрдайым білгенмін!» деп жазған еді.
Флинн мен елшінің телефон арқылы сөйлескені қаңтардың 12-сі күні, яғни инаугурация өтпей жатып анықталған кезде генерал «бар болғаны, ескі танысымды Рождество мерекесімен құттықтадым» деп мәлімдеген. Флинн өзін тергеген Федералдық тергеу бюросы (ФБР) агенттеріне де осылай деген. Түсініксіз алаңғасарлығы кесірінен барлау басқармасының бұрынғы бастығы ФБР-дың елшіліктегі бүкіл телефонды құпия түрде тыңдайтынын ұмытып кеткен сияқты. Екеуінің арасында болған әңгіменің мәтіні ФБР директоры Джеймс Коми мен әділет министрінің бірінші орынбасары Салли Йейтске жолданып, ол оқиға лауазымды қызметке тағайындалғанына 25 күн болған Флиннің отставкаға кетуіне себеп болған.
Джеймс Коми әлгі эпизод бойынша тергеу бастаған. Бұл жағдай президент Трамптың мазасын қашырғаны соншалық, ол Комиді түскі асты оңаша отырып ішуге шақырып, бөлмеден даяшы шығып кеткен кезде бұрынғы кеңесшісі жайлы «Оны жайына қалдырудың амалын табарсыз деп үміттенемін. Ол тамаша адам» деген. Коми оның өтінішіне құлақ аспаған, сол себепті қызметінен айырылған.
Арнайы прокурор Мюллер президент әрекетінен сот төрелігіне кедергі жасау белгілерін көреді.
Флиннің ісіне қатысты бұдан өзге де көптеген эпизодтар анықталды. Ол Ресей елшілігімен АҚШ президенті сайлауы кезінде де, билік ауысатын өтпелі кезеңде де үнемі байланыста болған. Желтоқсанның басында генерал Флинн Trump Tower ғимаратында Кислякті Трамптың күйеубаласы әрі жақын кеңесшісі Джаред Кушнермен таныстырған. Ол жерде Сирия жайлы әңгіме қозғалған. Елші «ресейлік генералдар жаңадан сайланған президент командасына өз ойларын ашық айта алатын қауіпсіз байланыс желісі жоқ па?» деп сұраған. Кушнер мұндай канал жоқ екенін айтқан, бірақ ол елшіден «ондай желіні елшіліктің техникалық базасында ұйымдастыруға болмас па екен?» деген.
Осылайша технология біткеннің бәріне бір-екі айдан кейін ие болатын команда Ресей елшілігінен Ресей басшылығымен байланысқа шығып тұратын әрі америкалық арнайы қызмет тыңдауынан қорғалған құпия канал құруды өтінген. Негізі, АҚШ-тың арнайы қызметі әлгі әңгімені құпия тыңдамаған, оны ФБР мұндай оғаштау өтінішті Мәскеуге жеткізген Сергей Кисляктің хабарламасынан білген.
Бірақ арнайы прокурор Майкл Флиннге тағуға дайындап жатқан айыптардың Ресейге қатысы жоқ. Олар - Флиннің Түркия үкіметі пайдасына лобби жасау әрекеттері мен сол қызметіне алған ақшаға қатысты айыптар. Кезінде ол Анкараның жауларын аямай әшкерелеп, Түркиядағы режимнің басты жауы - АҚШ-та саяси баспана алған клирик Фетхуллах Гүленді экстрадициялауды талап еткен. Бұл кезде Флинн Трамп штабында жұмыс істеп жүрген, бірақ шетел агенті ретінде тіркелуді ұмытып кеткен. Түркияға көрсеткен қызметі үшін оның жарты миллион доллар алғаны биыл наурызда анықталды. Сол кезде, яғни наурызда Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы директоры Джеймс Вулси "Гүленді ұрлап әкетіп, Түркия билігінің қолына тапсыру үшін генерал мен оның ұлы (кіші Майкл Флиннді айтады - ред.) екеуі 15 миллион долларға келіскен" деген сенсациялық мәлімдеме жасады.
Флинн Конгресс пен ФБР-ге "қылмыстық қудалаудан иммунитет берсеңдер, Ресейге қатысты куәлік етуге әзірмін" деген ұсыныс жасаған. Оның бұл ұсынысы қабылданбай, орнына сенаттың барлау істері жөніндегі комитеті оған шақырту қағазын жіберген, бірақ Флинн өзіне қарсы куәлік ете алмайтынын ескертіп, сенат тыңдауына бармаған. Енді міне іс түйіні шешілуге таяп келе жатқан сияқты.
Егер ол куәлік етуге шынымен құлық танытса, оның айтқандары АҚШ-тағы президент сайлауы нәтижесіне ықпал ету мақсатында Трамптың сайлау штабы мен Ресей үкіметі арасында құпия келісім болды ма, жоқ па деген басты сұрақты тексеріп жатқан істе негізгі куәліктерге айналуы мүмкін.
(Владимир Абариновтің мақаласы орыс тілінен аударылды)