Accessibility links

Гонконг полициясы политехника университетін наразылардан босатуға тырысты


Гонконг университеті қасындағы баррикаданы бұзып жатқан адамдар мен сол жерде отырған үкіметке наразылар. 16 қараша 2019 жыл.
Гонконг университеті қасындағы баррикаданы бұзып жатқан адамдар мен сол жерде отырған үкіметке наразылар. 16 қараша 2019 жыл.

Гонконг полициясы 18 қарашада осы қаладағы үкіметке қарсы демонстранттар бекініп алған политехника университетінен оларды ығыстырып шығаруға кірісті. Демонстранттар өздеріне қарай бет алған полицияға жанармай құйылған бөтелкелер лақтырып, салдарынан ғимараттың кіреберісінде өрт шыққан. Екі күнге жуық жалғасқан қарсыласудан кейін өз дегенінен қайтпай отырған екі жақтың арасындағы қақтығыс қантөгіске ұласуы мүмкін деген қауіп күшейген.

Қаланың өзге аудандарында демонстранттардың аралды Коулун түбегімен жалғастыратын негізгі жол – Кросс-Харбор туннелін жауып тастағанына аптаға таяған. Жексенбі күні Гонконгтің орталығында қозғалысты қолдаушылар шағын бейбіт акция өткізді.

Политехника университетіндегі кампусты полиция қоршап, наразыларға жас ағызатын газ бен су шашты. Бұған қоса полиция егер «тәртіпсіздікке қатысушылар» адам өміріне қауіпті қару пайдалануды доғармаса, онда қарудан оқ атуға мәжбүр болатыны туралы ескерткен. Билікке қарсылық танытып жатқан наразылардың атқан жебесі полиция қызметкерінің аяғына тиген.

Соңғы бес айдың ішінде үкіметке қарсы шерулер, наразылардың айтуынша, биліктегі Қытай коммунистік партиясы тарапынан Гонконгтегі азаматтық бостандықтарға төнетін қауіпке қарсы қозғалысқа ұласқан. 1997 жылдан бері автономиялық аумаққа алғаш рет табан тіреген Қытай әскері 16 қарашада демонстранттар бекінген Гонконг баптистер университеті қасындағы баррикадаларды бұзып жатқандарға қосылған болатын.


Гонконг – 1997 жылы Қытайдың қоластына өткен, алайда автономиялық мәртебеге ие бұрынғы британ колониясы. Гонконг тұрғындары Қытайдың құрлықтағы бөлігінде тұратындардың қолы жетпейтін азаматтық бостандықтарды пайдаланады. Қарсылық шеруіне қатысушылар Қытай билігі осы еркіндіктерді біржола жояды деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG