Accessibility links

Global Witness: Асад туыстары Мәскеуде 40 млн доллардың мүлкін сатып алған


Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей, 17 мамыр 2018 жыл.
Сирия президенті Башар Асад (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, Ресей, 17 мамыр 2018 жыл.

Жемқорлықты әшкерелеумен айналысатын Global Witness үкіметтік емес ұйымы Сирия президенті Башар Асадтың туыстары Ресей астанасынан жалпы құны 40 млн доллар тұратын жылжымайтын мүлік сатып алған деп хабарлады. Асад отбасы бұл жайлы пікір білдірген жоқ.

Жемқорлыққа қарсы күреспен айналысатын Global Witness үкіметтік емес ұйымы мен Financial Times басылымы Сирия президенті Башар Асадтың туыстары "Мәскеу-Сити" тұрғын үй кешенінен 19 пәтер сатып алғаны туралы хабарлады. Сарапшылар Сирия президенті туыстарының Мәскеуден сатып алған пәтерлерінің жалпы құнын 40 миллион доллар деп бағалаған. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль бұл жайттан хабарсыз екенін және мұндай ақпаратты "білуге міндетті емесін" айтты.

"Ресей – еркін нарық. Мұнда тек ресейліктер ғана емес, көп шетел азаматы да жылжымайтын мүлік сатып алады. Бұл бүкіл әлемде кеңінен таралған тәжірибе" деді Песков.

Зерттеу авторларының қолына түскен құжаттарға сәйкес, "Мәскеу-Сити" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді 2013 жылдан бастап Башар Асадтың анасының туысы Мохаммад Махлуфтың отбасы сатып ала бастаған. 13 нысан Сирия президентінің немере ағасы Хафиз Махлуфқа (оны Сирияда азаптау жүргізді деп айыптаған) немесе оның қол астындағы компанияларға тиесілі. Тағы екі пәтерге Асадтың басқа немере ағасы, сириялық белгілі кәсіпкер Рами Маклуфтың әйелі иелік етеді.

Мәскеу тұрғын үй кешеніндегі тағы үш нысанды Асадтың Маклуф тегіндегі басқа ағалары сатып алған. Кемінде төрт пәтерді тұрғын үй ретінде пайдаланып отыр деп жазады басылым.

Асадтың Мәскеуден үй сатып алған ағаларына қарсы Еуропа мемлекеттері мен АҚШ санкция салған.

Financial Times басылымының дерегінше, жылжымайтын мүлікті негізінен Ливанда тіркелген офшорлық компаниялар арқылы сатып алған. Офшорлық компания өкілдері мен Сирия президентінің туыстары басылым сұрақтарына жауап бермеген. Global Witness берген ақпаратқа сәйкес, бұрын Махлуфтар отбасына тиесілі болған бір компанияға (Briana SAL Offshore) кезінде Ресейдің Сбербанкі қызмет көрсеткен.

2012 және 2013 жылдары Reuters және Wall Street Journal Башар Асад режимінің Ресейдің Газпромбанк пен ВТБ банктерінде шоты барын жазған.

Global Witness өкілінің пікірінше, жылжымайтын мүлік саудасы Сириядағы соғыс кезінде Мәскеуде тұрып, сән-салтанатпен өмір сүріп жатқан Башар Асадтың отбасы өкілдері мен режим жақтастарына Ресейдің қалай қолдау көрсетіп отырғанын дәлелдейді. Батыс елдері "адам құқығын жаппай бұзды, қантөгіс жасады" деп айыптайтын Асадты Ресей қолдайды. 2015 жылдан бері Кремль Асадқа әскери жәрдем беріп отыр. Сириядағы қарулы жанжал барысында Асад режимі әскери көмек ретінде түрлі жекеменшік компаниялардың жалдамалы жауынгерлерін де пайдаланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG