Accessibility links

Қытайларға Украинадан қалыңдық іздеуді ұсынады


Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Юли округінде күйеу жігіттер қалыңдықтары отырған түйелерді жетектеп келеді. Қытай, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы Юли округінде күйеу жігіттер қалыңдықтары отырған түйелерді жетектеп келеді. Қытай, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Пекин Қытайдың бойдақ жігіттеріне қалыңдықты шетелден, оның ішінде Украинадан іздеуді ұсынып, әйел тапшылығы проблемасын шешуге тырысып отыр.

Қаңтардың 30-ында Австралияның News.com сайты «Ол сені ұнатпайды: әйел заты тапшы Қытай бойдақтарының дағдарысы» атты мақаласында 2014 жылдың аяғындағы есеп бойынша, Қытайда ер адамдарға қарағанда әйелдер 34 миллионға аз болғанын хабарлады. Сайттың жазуынша, Қытайда әр 100 әйелге 120 ер адамнан келеді әрі әйел тапшылығы проблемасы жыл өткен сайын ушығып барады. Сайт дерегінше, жеті жылдан кейін Қытайда жұп таба алмаған ер адамдар саны 12-15 пайызға жетіп, бала-шағасы жоқ, қамқорлыққа зәру қарт адамдар саны көбейеді.

Қытайдағы әйел тапшылығының негізгі себебі – 1978 жылы енгізілген «бір отбасы – бір бала» саясаты. Бұл саясаттың салдарынан қыз баладан бас тарту немесе болашақ нәрестенің қыз болатынын алдын ала білсе, жасанды түсік жасату арқылы ұлды болғысы келетін ерлі-зайыптылар көбейген. Австралия сайтының жазуынша, 1995 жылдан бастап Қытай дәрігерлеріне құрсақтағы баланың жынысын анықтауға тыйым салынған, бірақ ерлі-зайыпты жұптар тесті заңсыз немесе шетелде жасатады.

ШЕТЕЛДЕН ҚАЛЫҢДЫҚ ІЗДЕУ

Қытай билігі әйел тапшылығы дағдарысын кез келген жолмен шешуге тырысып отыр. Жуырда Қытайдың мемлекеттік Beijing News жаңалықтар агенттігі Қытай бойдақтарына жұп табуға болатын елдер тізімін ұсынып, арнайы бағдарлама шығарды. Қытайлық күйеу жігіттерге ұсынылған елдердің ішінде Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен бірге Украина да бар. Американың Foreign Policy журналы бұл туралы қаңтардың 28-і күні «Қытай ақпарат құралдарының болжамынша, Қытайдың гендерлік дисбаланс проблемасын украиналық қалыңдықтар шешуі мүмкін» деген мақаласында жазады.

Донецк қаласының орталығында баррикада жанында сүйісіп тұрған жас жұбайлар. 2 мамыр 2014 жыл.
Донецк қаласының орталығында баррикада жанында сүйісіп тұрған жас жұбайлар. 2 мамыр 2014 жыл.

Қытайдың жаңалықтар және мәдениет тақырыбында шығатын СhinaTopix онлайн-журналы қаңтардың 30-ы күні жариялаған «Қытай бойдақтары үшін Пекин Украинадан қалыңдық іздей бастады» деген мақаласында украиналық қыз-келіншектер Азия жігіттеріне мүмкіндік беруі ықтимал деп жазады. Өйткені қазір Ресеймен арадағы шиеленіске байланысты Украинадағы жағдай нашарлап, ал Қытай жігіттері «өркендеп» барады.

СhinaTopix журналы «Украина қыз-келіншектері Қытай жігіттерінің талғамына сай келеді» деп жазады. Мақала авторының жазуынша, Украина мен Ресей арасындағы жанжалға қатысты 2014 жылдың наурызында өткен баспасөз жиынында жұртқа танылған Қырымның өрімдей жас әрі тартымды прокуроры Наталья Поклонскаяға кезінде Азия жігіттерінің көзі түсіпті.

XS
SM
MD
LG