Accessibility links

"Буран" ғарыш кемесін Кенесарының басына алмастыра ма?


Қазақ ССР-ы. "Энергия" зымыран-ғарыш көлік жүйесі. Байқоңыр ғарыш айлағында тұрған "Буран" орбиталық ғарыш кемесі.
Қазақ ССР-ы. "Энергия" зымыран-ғарыш көлік жүйесі. Байқоңыр ғарыш айлағында тұрған "Буран" орбиталық ғарыш кемесі.

Ресей федералдық ғарыш агенттігінің ("Роскосмос") басшысы Дмитрий Рогозин совет кезінен қалған жалғыз ғарыш кемесі – "Буранды" Ресей өз меншігіне қайтарғысы келеді деді. Ғарыш кемесі қазақстандық компанияға тиесілі, ал иесі оны қазақтың соңғы ханы – Кенесарының басына алмастыруға ниетті. Азаттықтың "Настоящее Время" арнасы осының ақ-қарасын анықтап көрді.

Көп мәрте қолданылатын "Буран" ғарыш кемесін құрастыру бағдарламасы - СССР-дың ақырғы жылдарындағы ең амбицилық жобалардың бірі болды. Сол арқылы Совет одағы Space Shuttle бағдарламасын іске асырып жатқан АҚШ-ты қуып жетпек болды. Алайда, "Буран" тек 1988 жылы жалғыз мәрте ғарышқа ұшты. Одақ тараған соң бағдарлама тоқтады, құрастырылған бес кеменің үшеуі сол мезетте талан-таражға түсті.

Екі кеме бұзылмай, аман қалған. Байқоңырда монтаж және сынақ корпусы құлаған 2002 жылғы 12 мамырда ғарышқа ұшып келген бір кеме қирады. Ал толық дайын болса да, ешқашан ғарышқа ұшпаған соңғы кеме Байқоңырда тұр. Ол "Байқоңыр" зымыран-ғарыш компаниясы" акционерлік қоғамының меншігінде, иесі – қазақстандық бизнесмен Дәурен Мұса.

"РОСКОСМОСТЫҢ" ТАЛАБЫ

2020 жылғы қарашада "Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин соңғы "Буранды" сақтау шарттары "қатты алаңдататынын" айтты. Ресей жағы кемені алып кетуге не сатып алуға әзір деген ол мүліктің иесі саналатын жеке тұлғаны таба алмай жүргенін жеткізді.

"Буранның" қожайыны бұл постқа бірден жауап берді. "Құрметті Дмитрий Олегович, "Буран 1.02" және ПМ "ОК-МТ 0.07" ғарыш кемелері жеке тұлғаға тиесілі емес, "Байқоңыр" зымыран-ғарыш компаниясы" акционерлік қоғамының балансында тұр. Біз ғарыштық мекемеміз бен бұл зымырандар бүлінбей қалуы үшін көп ресурс жұмсадық. Бұл – біздің ортақ тарихымыз" деп жазды Дәурен Мұса Тwitter-де.

Ол кемені 89 мың рубльге сатып алған. Оған дейін № 2 "Буран" "КРИСП Аэлита" Ресей-Қазақстан бірлескен кәсіпорнының балансында болған еді. Бірақ кейін қазақстандық бизнесмен ресейлік "Энергия" компаниясының 49,5 пайыз акциясын сатып алып, оның атауын өзгерткен әрі жалақы қарызы үшін оның тағы біраз акциясын алған. Соның арқасында ол компания акцияларының 80 пайызын және оның балансында болған "Буранды" (кеменің өзі мен оның макетін) иеленген.

Twitter-дегі әңгімеден көп өтпестен, Байқоңыр ғарыш айлағына петербургтік DobroCrew командасының суретшілері келіп, "Буранның" сыртына бірнеше сөз жазып кеткен. Олардың бірінде "Адам жұлдызға ұмтылмай тұрып, алдымен Жерде өмір сүруді үйреніп алсын" делінген. Жазу жылдам өшірілгенімен, олар Рогозиннің есінде қалып қойыпты. "Роскомостың" ашулы жетекшісі кеме тұрған тұрақ сыртына күзет қойып, "Буранды" тексеруге арнайы комиссия жіберді әрі кеменің мәселесін Байқоңыр бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының қарауына шығарамын деді.

2021 жылғы қыркүйектің басында Ресейдің "Молния" ғылыми-өндірістік бірлестігінің өкілдері "ел аумағына (Ресейге – ред.) алып кету мәселесін шешу мақсатында" "Буранды" тексеріп кеткен. СССР тарайтын тұста бұл ғарыш кемесін жасап шыққан да осы мекеме еді. Кейін "Молнияның" сайты бұл ақпаратты алып тастады.

Сарапшылар: "Лайықты күтім көрмей отырған орбиталық кеме бүлініп, вандалдар шабуылына жиі ұшырап жатыр, ал тұрақтың өзі апатты жағдайда тұр, ол кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін" деген қорытынды жасаған. Кейін бұл қорытынды да сайттан жоғалып кетті.

AN-225 ұшағы "Буран" ғарыш кемесін тасымалдап барады.
AN-225 ұшағы "Буран" ғарыш кемесін тасымалдап барады.

Кезінде ешкімге керек болмай қалған "Буранды" көп жыл күтіп ұстап, тарих үшін сақтап жүрмін деген Дәурен Мұса бұл айыптауға қатты ашуланған.

"Артық айтқаным емес, бұл "Бурандарға" ерекше қамқор болып, күтіп ұстадым, талан-таражға түсуден қорғадым. Бір кездері аты дардай болған суасты қайықтары, крейсерлер, ұшақтар қазір қайда? Олар зауытқа түсіп, бөлшектелмеді ме? Себебі билік басында құлқынның құлына айналған шенеуніктер болды. Олар бәрін сатып, ақша жасап, оны шетелге әкетіп, бала-шағасын жайғастыруды көкседі" деді Дәурен Мұса.

БИЗНЕСМЕННІҢ ШАРТЫ

Ол "Роскосмосқа" шарт қойды. Ресей қазақтың 19 ғасырда өмір сүрген соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің даңқты қолбасшысы Кенесары Қасымұлының бас сүйегін тапсырса, "Буранды" беремін деді бизнесмен. 2021 жылдың жазында Ресей президенті Владимир Путин орнынан кетсе де билік тетіктерін қолында ұстап отырған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Кенесары ханның бас сүйегін тауып беруге уәде еткен.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 30 маусым, 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мәскеу, 30 маусым, 2021 жыл.

Қазақстандықтардың көбі ханның басы Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада тұр деп санайды. Кенесарыны қолға түсірген қырғыз ханы Ормон Ресей патшалығына адалдығын паш ету үшін Сібір генерал-губернаторы Горчаковқа қазақ ханының басын тапсырған деген дерек бар. Алайда музей басшылығы 2004 жылы-ақ өздерінде "Кенесары Қасымұлының басы" деген жәдігердің жоқ екенін айтқан.

Қазақстан басшылығы да Ресейге "Бурандарды" қайтаруға уәде еткен. Бірақ бұл үшін оны алдымен мемлекет меншігіне алу керек. Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қазір осыған кіріскен тәрізді. Құзырлы орган "Байқоңыр" зымыран-ғарыш компаниясын" жою туралы арыз берген. Алайда биыл ақпанда Алматы соты Дәурен Мұсаның компаниясын жабуға негіз жоқ деген шешім шығарған.

"Бурандар" оның меншігінде қала ма, әлде "Роскосмостың" қолына өте ме, Дәурен Мұса оны әлі білмейді. Бірақ ол тарихи жәдігердің алдындағы тарихи миссиясын орындағанына разы. Жұрт "Буран" туралы айтып, оның болашағына алаңдап жүр дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG