Accessibility links

"Отқа май құю". Ресей депутаттарының Қырғызстандағы оқиғаны дауға айналдыруы


Ресей мемлекеттік думасы төрағасы Вячеслав Володин (сол жақта) мен депутат Владимир Жириновский.
Ресей мемлекеттік думасы төрағасы Вячеслав Володин (сол жақта) мен депутат Владимир Жириновский.

Бішкекте орысша сөйлегені үшін кассирге тап берген тұрғынның қылығы Ресейде саяси мәлімдемеге себеп болды. Мемлекеттік дума депутаты Владимир Жириновский Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі алдына наразылық акциясына шығып, Ресейде жұмыс істейтін "барлық қырғызды" еліне қайтаруға шақырды. Бұл мәлімдеменің астарында не жатыр?

Ресей мемлекеттік думасы Қырғызстан парламенті төрағасына хат жолдап, Бішкектегі балаларға арналған ойын-сауық орталығында болған оқиғаны жеке бақылауына алуды сұрады. Мемлекеттік дума төрағасы Вячеслав Володин бұл туралы Telegram-дағы парағына жазды. Оның қырғызстандық әріптесіне үшбу хат жазуына Бішкектегі әлгі орталықта сатушыға орыс тілінде сөйлегені үшін тап беріп, оған кальулятор лақтырған тұрғынның қылығы ілік болды.

Володиннің жазбасында "Бұл – алғаш рет болған жайт емес. Мұндайға жол беруге болмайды. Өйткені Қырғызстанда орыс тілі ресми тілі екені Конституцияда бекітілген. Депутаттар мұндай оқиғаларға жауап ретінде шара қолдануды, оның ішінде орыс тілінде сөйлейтін тұрғындарға қарсы осындай әрекетке барған азаматтарға Ресейге кіруге тыйым салуды ұсынып отыр" делінген.

Қырғызстан парламентінің баспасөз хатшысы Индира Куралбекова әзірге Мемлекеттік думадан ешқандай хат келмегенін айтты.

10 тамызда Мемлекеттік дума депутаты, Ресей либерал-демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновский мен оның жақтастары Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі алдында акция өткізді.

– Бір орыстың бетінен ұрды ма, онда 10 мың қырғызды еліне қайтару керек. Сонда жұмыссыз, ақшасыз қалады. Бітті. Енді өздері ойлансын, – деді Жириновский Ресейде жүрген қырғыз еңбек мигранттарын меңзеп.

Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі алдында акция өткізген Ресей мемлекеттік думасы депутаты Владимир Жириновский (сол жақта) Ресейде жұмыс істейтін "барлық қырғызды" еліне қайтаруға шақырды. 10 тамыз 2021 жыл.
Қырғызстанның Мәскеудегі елшілігі алдында акция өткізген Ресей мемлекеттік думасы депутаты Владимир Жириновский (сол жақта) Ресейде жұмыс істейтін "барлық қырғызды" еліне қайтаруға шақырды. 10 тамыз 2021 жыл.

Митингіге дейін бұрын Жириновский Қырғызстандағы Ресей елшісін Мәскеуге шақырып алуды ұсынды.

– Украинадан бастап Орталық Азияға дейінгі постсоветтік кеңістікте қайдағы бір сілімтіктер орыстарды қорлап, өлтіріп жатыр! Бұған қашанғы төземіз?! – деді ол.

Жириновский орыстардың "Орталық Азияның басқа елдерінде де "қысым көріп, жергілікті ұлтшылдар оларды қуып жатқанын" айтты. Ресейлік саясаткердің бұл сөзі жаңалық емес, ол бұрын да осы тақылеттес мәлімдемелер жасаған.

Ресей депутаттары Жириновский, Володин мен оларды қолдаған Леонид Слуцкийдің мәлімдемесі 2 тамыз күні Бішкекте болған оқиғаға жауап реакция болды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Видеода сауда орталығы қызметкерімен сөзге келіп қалған тұрғынның үстел үстінде жатқан калькуляторды оған лақтырып жібергені көрінеді.

Бішкектегі Октябрь аудандық ішкі істер бөлімшесі бұл оқиғаға байланысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет (ҰҚМК) бұзақылық жасаған ер адамға ескерту жасаған.

"Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие болғандықтан, А.Алимбаевқа ресми ескерту жасалды. Ал адамдарды түр-түсіне, нәсіліне бола кемсітіп, этникалық және нәсілдік, ұлттық және діни өшпенділік немесе араздық қоздыру қылмысы үшін 10 жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған" деп хабарлады ҰҚМК.

Тәртіп бұзған азамат полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қос тараптан түсіндірме алынып, арыз берушіні денсаулығына қандай зақым келгенін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберген. Бірақ ол сараптамадан бас тартқан. Қазір тергеу амалы жүріп жатыр.

11 тамызда Ресей ішкі істер министрлігі сауда орталығы қызметкеріне тап берген ер адамның енді 10 жыл бойы Ресейге кіре алмайтынын хабарлады.

ҚЫРҒЫЗСТАН ЖАУАБЫ

10 тамызда Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Ресейдің Бішкектегі елшісі Николай Удовиченкомен кездесті. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, тараптар сауда орталығында болған жайтты талқылаған.

Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев (ортада) Ресейдің Бішкектегі елшісі Николай Удовиченкомен кездесіп отыр. Бішкек, 10 тамыз 2021 жыл.
Қырғызстан сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев (ортада) Ресейдің Бішкектегі елшісі Николай Удовиченкомен кездесіп отыр. Бішкек, 10 тамыз 2021 жыл.

Министрлік "Ресей билігі тұрмыста болған ұлтшылдықтың бірді-екілі оқиғасын Қырғызстандағы орыстардың құқықтары мен мүдделерін жүйелі түрде бұзу, азаматтарға ұлтына немесе діни ұстанымына бола қысым көрсету деп қабылдамауы керегін" атап өткен.

Қырғызстан мемлекеттік хатшысы Чолпонбек Абыкеев ресейлік саясаткерлер "орыстар қысым көріп жатыр" деген сөзді эмоцияға беріліп айтса керек деп топшылайды.

Қырғызстан мемлекеттік хатшысы Чолпонбек Абыкеев.
Қырғызстан мемлекеттік хатшысы Чолпонбек Абыкеев.

– Вячеслав Володин мен Владимир Жириновский оқиғаның эмоцияға ерік беріп, мән-жайын білмей тұрып мәлімдеме жасаған сияқты. Олардың қолына толық ақпарат тисе, пікірі өзгеретін шығар. Мұндай жайттар Қырғызстан-Ресей қарым-қатынасына әсер ете алмайды. Бізге де жауап ретінде өткір мәлімдеме жасаудың қажеті жоқ, өйткені бұл – тұрмыста болған оқиға. Эмоцияға берілуге болмайды. Қырғызстан – Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда барынша толерантты мемлекет, – деді Абыкеев.

Қырғызстан парламентіндегі халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Әбдіуақап Нұрбаев мұндай оқиғалар Қырғызстанның ішкі мәселесіне жататынын айтады.

– Ресей неге килігеді? Оның үстіне, Мемлекеттік дума төрағасының деңгейінде. Мұны Қырғызстан билігіне қысым көрсету деп қабылдаймын. Ресейде Қырғызстан азаматтарының құқығы бұзылған кезде біз үндемейміз. Ал олар басқа мемлекеттің азаматтары арасындағы оқиғаға пікір айтады. Сыртқы істер министрі Володинге де, Жириновскийге де "араласудың қажеті жоқ, ақ-қарасын өзіміз анықтаймыз" деп нақты айтуы керек, – дейді Нұрбаев.

Осы оқиғамен қатар, Ресейде Орталық Азиядан келген мигранттарды тексеру күшейгені белгілі болды. Ресми мәліметке сай, Ресей ішкі істер министрлігі 14 тамыздан бастап Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында шексіз мерзімге рейд жүргізе бастайды. Бұл жаңалық Мәскеуде такси айдайтын қырғыздарды абыржытып тастады.

Бұрын Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары болған Асқар Бешимов Вячеслав Володин мен Владимир Жириновский Кремльдің ресми саясаты аясында әрекет етіп отыр деген пікірде.

Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер вице-министрі Асқар Бешимов.
Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер вице-министрі Асқар Бешимов.

– Ресей Қырғызстанды тең дәрежелі серіктес санамайды. Жыл сайын Ресейден Қырғызстанға ондаған азаматтың сүйегін жеткізеді. Отандастарымыздың қудалау мен қысымға ұшырайтын кезі көп. Сонда да үндемей отырмыз ғой. Ресей билігі өз позициясын Мемлекеттік дума депутаттарына айтқызады. Осылайша бізді тәртіпке салып, кімнің кім екенін білдіріп қойғысы келеді. Ресей билігінің осындай реакциясы екі мемлекеттің арасы суығанын көрсетеді, – дейді Бешимов.

Ресми дерек бойынша, Ресейде 600 мыңнан астам қырғыз азаматы жұмыс істейді. Бейресми дерекке сәйкес, Қырғызстаннан барған еңбек мигранттарының саны миллионнан асады.

САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ PR

Кассир қызға қырғыз тілінде сөйлемегені үшін құқай көрсетуді полиция бұзақылық емес, ұлтаралық араздық қоздыру фактісі ретінде қарастыруы керек дейді интернеттегі кейбір қолданушы.

"Апрель" телеарнасы басшысы Дмитрий Ложниковтың пікірінше, Мемлекеттік думаның реакциясы мәселені шешуге көмектеспейді.

"Апрель" телеарнасы басшысы Дмитрий Ложников.
"Апрель" телеарнасы басшысы Дмитрий Ложников.

– Тараптардың ешқайсын қолдамаймын. Маған Ресей тұрмыстық сипаты бар оқиғаға тым қатты реакция білдіріп жатқандай көрінді... Тұрмыстағы дегенде, мұндай оқиғалардың сирек екенін айтқым келген: ондай іс-әрекетке ақымақ, білімсіз адамдар ғана барады. Ал жалпы алғанда бізде жағдай бірқалыпты, ешқандай бөтен мәселе жоқ. Қырғызстанда ондай жүйелі мәселе байқалмайды. Бірақ бұл реакция Қырғызстан мен Ресейдің қарым-қатынасы суығанын білдірсе керек. Бұл – тұрмыста болған ұлтшылдық, бірақ Қырғызстанда ондай көңіл-күйді ешкім қоздырмайды. Қазір Ресейдің өзі әлгіндей мәлімдемелерімен отқа май құйып отыр. Қырғызстанда тұратын орыс ретінде Ресейдің осындай мәлімдемелерінен аздап сескенемін, – дейді Ложников.

Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Ресей саясаткерлерінің мұндай іс-қимылын алда болатын мемлекеттік дума сайлауымен байланыстырады. Оның пікірінше, Вячеслав Володин мен Владимир Жириновскийдің мәлімдемесінде саяси астар басым.

Саясаттанушы Аркадий Дубнов.
Саясаттанушы Аркадий Дубнов.

– Бір айдан кейін Ресейде дума, парламент сайлауы болатынын ұмытпайық. Мұндайда жарнама (PR) жасап, жұрттың көзіне түсіп, арзан ұпай жинағысы келгендердің белсенділігі әдеттен тыс артады. Бұл – дәстүрлі түрде ксенофобиялық көңіл-күйді қолдайтын, еңбек мигранттарына қарсы, бір кезде баршаның зәре-құтын қашырған бұрынғы ұлы державаны аңсайтын, әлі күнге дейін Ресейді өзгелер сүйетін ел деп емес, бәрі жек көретін әрі қорқатын мемлекет санайтын ресейліктердің даусына таласып жасалған дүние, – дейді ол.

ҚЫРҒЫЗСТАН ЕЛШІСІНІҢ ЖИРИНОВСКИЙДІҢ КЕЗДЕСУІ

10 тамызда Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Гүлнара-Клара Самат ЛДПР партиясының басшысы Владимир Жириновскиймен және оның жақтастарымен кездесті. Елшілік баспасөз қызметінің дерегінше, тараптар Бішкектің сауда орталығында болған оқиғаны талқылаған.

Гүлнара-Клара Самат "мұндай оқиға мен арандатулар кез келген елде болатынын, Бішкектегі жағдай тұрмыстық деңгейдегі оқиға деп қарастырылатынын, құзырлы органдардың бұл мәселе бойынша тиісті шараларды қолға алғанын" айтты.

Баспасөз хабарламасында "тараптар бұл жағдайды екіжақты қарым-қатынасты тұрақсыздандыруға мүдделі тұлғалар пайдаланып кетуі мүмкін, сондықтан мұндай оқиғалар қос мемлекеттің қарым-қатынасын нашарлатуға негіз бола алмайды деген қорытындыға келгені" айтылған.

Кездесу барысында елші 19 тамызда Шолпан-Ата қаласында "Еуразия экономика одағындағы бизнес серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері" тақырыбында III Қырғызстан-Ресей бизнес-форумын өткізу жоспарланып отырғанын хабарлаған. Жириновский бұл шараға қызығушылық білдіріп, кездесуге қатысып отырған ЛДПР өкілдерін елдің экспорт әлеуетімен танысып, туризм, мал шаруашылығы және аграрлық сектор саласындағы бизнес қауымдастықпен кездесу үшін Қырғызстанға баруды ұсынған. Ол сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды дамыту үшін Шыңғыс Айтматов атындағы Ыстықкөл форумын қайта жалғастыру жайлы да ұсыныс жасаған.

2013 жылы Владимир Жириновский "қырғыздар сыртқы қарызын кешіргені үшін Ресейге Ыстықкөлді сыйға беруі керек" деген мәлімдемесі үшін Қырғызстанда нон грата тұлғасы болып жарияланған. Қазір ол тыйымның жойылғаны не әлі күшінде екені белгісіз.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG