Accessibility links

Қырғызстанда балағатқа жазаны күшейтпек


Қызмет көлігі жанында тұрған милиция өкілі. (Көрнекі сурет.)
Қызмет көлігі жанында тұрған милиция өкілі. (Көрнекі сурет.)

Қырғызстан парламенті әкімшілік жауапкершілік кодексіне қоғамдық орындарда балағаттағаны, ұсақ бұзақылық жасап, алкогольді ішімдік ішкені үшін қолданылатын жазаны күшейту туралы түзетулер енгізуді мақұлдады.

Кодекске енгізілетін түзетулерге сәйкес, жоғарыда аталған заң бұзушылықтар үшін 1000-3000 сом көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Егер азамат айыппұлды төлей алмаса, оны сегіз сағатқа қоғамдық жұмысқа жібереді немесе бес тәулікке қамайды. Ертеректе мұндай заң нормасын бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі 200 сом болатын. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл норманы бұзғаны үшін жауапқа тартылған азаматтар жоқ.

Бішкек тұрғыны Хашимжан Абдраманов кейінгі кезде қырғызстандықтар бір-біріне өрескел дөрекілік танытатын болды деп санайды.

- Жұртты осындай шаралар арқылы тәртіпке шақыру керек, әйтпесе адамдар мүлде бұзылып барады. Азаматтардың қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениеті де төмен. Этика, эстетика нормалары дегенді мүлде ұмытты, - дейді ол.

Бірақ кей тұрғындар әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске мұндай түзетулер енгізуді құптамайды. Қырғызстан астанасының келесі бір тұрғыны Талант Сапаровтың пікірінше, бұл шара коррупцияның тағы бір көзіне айналады.

- Милицияның құзырына мұндай міндеттерді беру онша дұрыс емес. Меніңше, милиция азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға көмектесумен айналысуы тиіс. Балағаттағаны үшін адамды көшеде ұстап алып, тінтіп, ақшасын тартып алу милицияның мақсаты болмауы тиіс. Азаматтардың көшеде балағаттауына жол бермеу үшін тәртіпке шақырудың өзге тәсілдерін қолданған жөн. Балағаттаған адамды бес тәулікке қамап, бес мың сом айыппұл салу сияқты шаралардың түбі жақсы болмайды. Меніңше, бұл шаралар коррупция үшін жаңа табыс көзіне айналады, - дейді ол.

Бішкек көшесі. (Көрнекі сурет.)
Бішкек көшесі. (Көрнекі сурет.)

Заң жобасына енгізілетін түзетулер авторы, депутат Мирлан Жээнчороев заң жобасына қатысты былай дейді:

- Заң жобасының басты мақсаты - қоғамдық орындардағы мінез-құлқы үшін кәмелетке толмағандардың жауапкершілігін арттыру. Айыппұл сомасы өскеннен кейін олар заңға қайшы әрекеті үшін айыппұл төлеуге тура келетінін түсініп, мінез-құлқын түзей бастайды, - дейді ол.

Бұған қоса, Жээнчороевтің айтуынша, ұсақ бұзақылық әрекеттері, оның ішінде алкоголь өнімдері немесе адам психикасына әсер ететін өзге де заттарды қолданғаны үшін кәмелетке толмағандарға салынатын айыппұл олардың әке-шешесінен өндірілетін болады.

Сот жүйесінде 50 жылдан артық еңбек еткен Сұлтанқазы Қасымов «қоғамдық орында балағаттағаны немесе біреуді кемсітіп, қорлағаны үшін біреуді жауапқа тартқаным есімде жоқ» дейді. Оның пікірінше, айыппұлды өсіру азаматтардың мінез-құлқын жақсартып, мәдениетін арттыруға көмектесе алмайды.

- Айыппұлды өсірді екен деп жұрттың қоғамдық орында балағаттауды доғара қоюы екіталай. Әкімшілік заң бұзушылықтар статистикасына қарасақ, бұл норманы бұзғаны үшін іс жүзінде осы күнге дейін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Меніңше, заң жобасын өздерін көрсетіп қалу үшін қабылдаған сияқты. Оның өзге пайдасы жоқ. Кей заң жобаларын тиісті нормаларды сақтамай қабылдай салады. Айыппұлды өсіру арқылы жұртты тәртіпке шақыру мүмкін емес екенін маман ретінде айта аламын, - ол.

Қасымовтың айтуынша, заң жобасында заң нормаларын бұзғандарды жауапкершілікке тартудың нақты тетіктері көрсетілмеген. «Мысалы, айыпталушы адамның шынымен балағаттағанын қайтіп дәлелдейсің?» дейді ол.

Қырғызстан астанасындағы орталық көшелердің бірі. (Көрнекі сурет.)
Қырғызстан астанасындағы орталық көшелердің бірі. (Көрнекі сурет.)

Заңгер Мукар Чолпонбаев қоғам мен мамандардың пікіріне қарамастан, парламент қабылдаған заң жобасы - уақыт талабы деп санайды.

- Әрине, жұртты қорқыту-үркіту арқылы, әкімшілік жазамен тәрбиелеуге тырысу - утопия. Балаларға жауапкершілік дегеннің не екенін балабақша, мектептегі кезінен түсіндіру қажет еді. Осылай істеу керек еді. Бірақ бұл мүмкіндіктен айырылып қалдық. Енді әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге тура келеді. Меніңше, бұл - жағдайды түзетудің амалы емес, бірақ енгізілген өзгерістерден әлдебір нәтиже бәрібір шығады.

Бұған қоса, заң жобасында кәмелетке толмағандардың алкоголь өнімдерін немесе еліткіш заттарды қолдану мәселелеріне көңіл бөлінген. Мұндай әрекеттері үшін жасөспірімдердің әке-шешесінен екі мыңнан үш мың сомға дейін (қазір 100-200 сом) айыппұл өндірілетін болады. Бұдан бөлек, заң жобасында кәмелетке толмағандарды қоғамға жат қылықтарға еліктіргені үшін жазаны күшейту қарастырылған. Мұндай жағдайда айыппұл сомасы қазіргі 1000-2000 сомнан 5000-10000 сомға дейін көбейеді.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.)

XS
SM
MD
LG