Accessibility links

Ішімдік алатын балалар «ата-анамыз жұмсады» дейді


Дүкен сөресіндегі арақ-шарап. (Көрнекі сурет)
Дүкен сөресіндегі арақ-шарап. (Көрнекі сурет)

Қазақстан алкогольді ішімдікті сату мен тұтынуға байланысты заңдарын қатаңдатып жатыр. Бірақ соған қарамастан тіпті балаларға да арақ-шарап сата беретін дүкендер бар.

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылындағы азық-түлік дүкендерінің біріне кіргенімізде сыра сатып алып тұрған тоғыз-он жасар шамасындағы балаға көзіміз түсті. Баланы жайлап әңгімеге тартқан едік:

– Мамам жұмсады. Құрылыста істейтін папам кешке жұмыстан шаршап келгенде ішеді, – деп жасқаншақтай түсіндірді спиртті ішімдік сатып алғанын.

Ол балаларға алкогольді ішімдік сатып алуға болмайтынын естімегенін айтады.

Дүкеннен спирттік ішімдік сатып алып жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Дүкеннен спирттік ішімдік сатып алып жатқан адам. (Көрнекі сурет)

Ал дүкен сатушысы ол тыйымды білетінін, «балаларға алкогольді ішімдікті олардың ата-аналарының рұқсатымен ғана сататынын» мәлімдеді.

– Жаңағы баланың анасын жақсы танимын. Жолдасы ауылдағы үй салушыларға жалданып жұмыс істейді. Бесікте балалары бар. Сондықтан кейде баласын жұмсап жібереді. Тек бұл бала ғана емес, осы ауылда тұратындардың көбісі балаларын жұмсап жібереді. Кейде ата-анасына звандап сұраймын. Кейбіреулері записка жазып жібереді, – деп тілімдей қағазға жазылған тілхатты көрсетті сатушы.

«ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҚАЖЕТ»

Қазақстанда «Әкімшілік құқық бұзу туралы» кодексі бойынша, алкогольді сусындарды кәмелетке толмағандарға сатқандарға айыппұл салынады. Статистика агенттігінің мәліметінше, жасөспірімдерге алкогольді ішімдік сатуға байланысты 2011 жылы – 1894, 2012 жылы – 1925, 2013 жылы 2 108 дерек тіркелген.

Әлеуметтанушы Шора Халықұлының пікірінше, «жасөспірімдерге ішімдік сатпауды қадағалап қана қоймай, отбасындағы балалардың алкогольді ішімдік сатып алуға мәжбүрлейтін әлеуметтік мәселелерді де шешу керек».

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

– Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдер алкогольді ішімдікке әуес болады. Мұндай балалар негізінен делинквентті мінез-құлқы бар, яғни «жасөспірімдердің бұзақылық ауытқушылығы» дейтін топқа жатады. Жасөспірімдердің 20-30 пайызы ондайға бейім болады, – дейді әлеуметтанушы.

Алайда оның әріптесі, өзін «білім беру ісінің құрметті қызметкерімін» деп таныстырған Жарылқасын Боранбаев Шора Халықұлының пікірімен келіспейді.

– Мәселе балаларға ішімдік сатуда емес. Балалардың дүкеннен барып арақ-шарап сатып алуында тұрған ештеңе жоқ. Одан бала ішімдікке әуес болмайды. Керісінше, қоғамды рухани сауықтыру керек, – дейді ол.

Жарылқасын Боранбаевтың пікірінше, «әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдер ішімдікке әуес болады дейтін тұжырым – жалған, керісінше, ондай отбасыдан шыққан балалар алкогольді ішімдікке жаны қас болып өседі».

АРАҚ ІШУДЕН БЕСІНШІ ОРЫН

Қазақстанда алкогольді ішімдіктерді қоғамдық орындарда ішуге тыйым салынған.

Алматы дүкендерінің біріндегі арақ-шарап сөресі.
Алматы дүкендерінің біріндегі арақ-шарап сөресі.

Биыл маусымда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алкогольді ішімдіктерді кешкі сағат 9-дан түскі сағат 12-ге дейін кафе, бар және мейрамханалардан басқа орындарда сатуға тыйым салған заңға қол қойды.

Бұл заң балабақша, мектеп, білім беру және денсаулық сақтау, дене шынықтыру және сауықтыру, спорт және спорттық техникалық мекемелер, стадион, жанармай станциясы ғимараттары мен аумақтарында алкогольді ішімдік сатуға тыйым салып, тәртіп бұзғандардың жазасын ауырлатады.

Ел үкіметі қаулы шығарып, алкоголь өнімдерінің бөлшек саудадағы төменгі бағасын қымбаттатуды да қарастырып жатыр. Ол қаулы бойынша, күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдерінің бір литрінің ең төменгі бағасы 2014 жылы – 1120 теңге, 2015 жылы – 1300 теңгені, 2016 жылы – 1600 теңге болмақ.

IWSR (Халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы - ред.) ұйымының былтырғы зерттеуінде Қазақстан әлем елдерінде арасындағы арақты ең көп ішетін бесінші ел ретінде аталды. Бұл есепке қарағанда, Қазақстанда жыл сайын жан басына шаққанда 5,9 литр арақ ішіледі.

2012 жылы арақты ең көп ішкен 10 елдің жан басына шаққандағы көрсеткіштері:

Ал Қазақстанның статистика агенттігінің мәліметінше, ел тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішеді. Бұл да – әлемдегі жоғары көрсеткіштердің бірі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде 200 мыңнан астам адам маскүнемдікке шалдыққан.

XS
SM
MD
LG