Желтоқсанның 14-і күні Қырғызстан астанасы Бішкектегі босқындар лагерінде бірнеше адам өздері үшін ерекше датаны – Қарақалпақстан егемендігі күнін атап өтті.
Осыдан 25 жыл бұрын, 1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбекстан ССР-і құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасы парламенті елдің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдаған кезде бұл іс жүзінде тәуелсіздікті жариялаумен пара-пар еді. Бірақ, бұл құжат шынайы тәуелсіздік әкеле алған жоқ.
СОР ДАЛАДАҒЫ САНЫ АЗ ХАЛЫҚ
Бұл күнде Өзбекстанның батысында орналасқан Қарақалпақстан – осы мемлекет құрамындағы автономиялық аймақ. Қарақалпақ ұлтының кейбір өкілдері қанша қаласа да, тәуелсіздік – олар үшін тек арман ғана. Сондай азаттықты аңсап жүргендердің бірі – Аман Сағидуллаев.
Қарақалпақстанның тәуелсіздігін армандаймын деп жүріп отанынан қашуға мәжбүр болған ол – Бішкектегі босқындар лагерінде тұрып жатқан қарақалпақтардың бірі. Оны кез келген сәтте еліне депортациялауы немесе Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі агенттері ұстап әкетуі мүмкін. Аман Сағидуллаев осындай үреймен өмір сүріп жатыр.
Қарақалпақстан Өзбекстан жерінің үштен бір бөлігін алып жатыр, дегенмен оның басым бөлігі тақыр шөл дала, ал суы тартылған Арал теңізінен төңірекке жайылған тұздың кесірінен солтүстік батыс алқабы экологиялық апаты аймағы деп жарияланған. Мұнда бар-жоғы 1,7 миллион адам тұрады, оның тек 500 мыңдайы ғана қарақалпақтар. Олар этникалық және тілдік жағынан өзбектерден гөрі қазақтарға жақын.
Есесіне, жер қойнауы мұнай мен газ қорына бай. Кей жерлерде бұл байлықтың қызығын көріп жатқандар бар шығар, бірақ жалпы халыққа одан келіп-кетер пайда жоқ. Осы қазынасына бола Өзбекстан оны уысынан шығара қоймасы анық.
Өзбекстан үкіметі Қарақалпақстанды өз құрамына 1993 жылы ресми түрде қосты, бірақ 20 жылдан соң Өзбекстан құрамында қалу-қалмау мәселесін дауыс беру жолымен шешеді деген уағдаластық та болған. 2013 жылы межелі уақыт келгенде бұл уәде мүлде ұмыт болды.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНККЕ АШЫҚ ХАТ
Аман Сағидуллаев 2008 жылдан бері «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысын басқарып келеді. Өзбек өкіметі басында бұл қозғалысты елемей жүрген. 2011 жылы билік орындары Сағидуллаевқа «ауыл шаруашылығына құрал шығару мекемесін басқарған кезінде бір миллион АҚШ долларын жымқырған» деген айып тағып, оны қудалау басталды.
Сағидуллаев бала-шағасымен Өзбекстаннан кетіп, Бішкектегі босқындар лагерін паналауға мәжбүр болды. Құқық органдары Аман Сағидуллаевты да, ол ұрлаған делінген миллион долларды да құлшыныспен іздей қоймаған. Тек 2014 жылы «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы әлеуметтік желілер арқылы қарақалпақтардың басындағы қиындықтарды айтып дабыл қаққанда қудалау да күшейді.
Сағидуллаев бастаған қозғалыс Дүниежүзілік банкке өтініш айтып, Қарақалпақстандағы жобаларға салынуы тиіс 411 миллион АҚШ доллары көлемінде көмекті тоқтатуды сұраған.
Ашық хатта қарақалпақтардың тұз басқан шөл далада дертке ұшырап жатқандарын, аймақтағы өндіріс орындарының жабылғанын, қарақалпақ тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасалмағанын және ең сорақысы – қарақалпақтардың санын азайту үшін әйелдерді әдейі бала туу қабілетінен айырып жатқанын жеткізген.
ҮРЕЙ АСТЫНДАҒЫ ӨМІР
«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының бұл хаты әлеуметтік желілерде тарала бастаған соң көп ұзамай Өзбекстан құқық органдары Аман Сағидуллаевты тұтқындауға ордер берді, ал билік өкілдері оны «сепаратист» деп атауға көшті.
Қазір оның құжаттарын БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссариаты қарап жатыр, яғни аз болса да қорғанышы бар. Әйткенмен, Аман босқын мәртебесін алмай қалам ба деп те қауіптенеді. Ондай жағдайда ол лагерьден шығарылып, Бішкекте далада қалуы мүмкін.
Осыдан бір жылдай бұрын Сағидуллаев лагерьде өзін Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі өкілдері аңдып жүргенін және төңіректен өзі және бала-шағасы туралы мәлімет жинап кеткенін айтқан. Бұл туралы Азаттықта арнайы материал да шыққан.
Одан беріректе Азаттық өзбек өкіметінің өз шекарасынан тысқарыда жүрген «жауларын» қудалауға кірісіп жатқаны туралы хабарлаған. Іргедегі Қырғызстан – өз елінде іздеу салынған белсенділер алаңсыз өмір сүретіндей қауіпсіз аймақ емес. Оларды көшеден ұстап алып, тиіп тұрған шекарадан өткізу көп қиындық туғызбайды.
Жақында Азаттық тілшісі жолыққанда Аман Сағидуллаев сағы сынып, үміті үзілгендей әсер қалдырды. Оның айтуынша, Қарақалпақстанның тәуелсіздігі әлі ұзақ жылдар бойы арман болып қала бермек. Ал өзі болса босқын мәртебесін алып, Өзбекстаннан аулаққа кетіп, Еуропаның бір жеріне барып паналағысы келеді.
Өзбекстанға қайтарылса, Аман Сағидуллаевтың түрмеге жабылатыны анық. Ал Қарақалпақстан болса әлі ұзақ жылдар Өзбекстанның байлығы көп, халқы жарымжан елеусіз бір ауданы болып қала беретін түрі бар.