Accessibility links

Өзбек билігінің қолы ұзын


Өзбек оппозициясының қуғындағы лидері Мухаммад Салих әйелі Айдинмен.
Өзбек оппозициясының қуғындағы лидері Мухаммад Салих әйелі Айдинмен.

Түркияда өзбек оппозициясының қуғындағы лидері Мухаммад Салихты өлтірмек болған деген күдікке ілінген бес ер адамның екеуі жақында Стамбул сотында жауап бермек. Олардың біреуі - Өзбекстан азаматы.

Түркия билігінен белгілі болғанындай, желтоқсан айының басында Мұхаммад Салихке кезекті мәрте қастандық жасалмақ болғаны әшкереленген. Бұл астыртын әрекет осыдан сәл бұрын, яғни 2014 жылдың желтоқсанында Стамбулда Өзбекстан билігін сынаған дін қызметшісі қастандық құрбаны болып, ал тағы бір имам Швеция жерінде жасалған қастандықтан тірі қалған соң анықталған. Өзбекстанның көп азаматы Ресейде хабар-ошарсыз жоғалып кеткен, олардың кейбірін көшеден ұстап әкетіп, кейін Өзбекстанда сотқа тартылып, түрмеге қамалған еді.

Мұхаммад Салих Стамбулдың шығыс жағындағы үйін әлдебір күдікті адамдардың айналсоқтап жүргенін Азаттықтың Өзбек қызметіне айтқан. Оның хабарынан кейін полиция үйіне бақылау қойған. Көп ұзамай күдікті адамдар тағы келген. Бірақ полицияны байқап қалып, көліктеріне отырып қашуға әрекет жасаған кезде полиция көліктегі бес жігіттің бәрін тұтқындаған. Үшеуі кепілақшаға босатылған. Түркия баспасөзінің хабарлауынша, ұсталған жігіттердің бірі – Өзбекстанның 33 жастағы азаматы «Хурсанбек У.», ал тағы бірі – Дағыстанда тұратын ресейлік азамат.

Мұхаммад Салих - Өзбекстан билігінің ескі жауы. 1989 жылы «Ерік» демократиялық партиясы» құрғандардың бірі, 1991 жылдың желтоқсанында өткен алғашқы президент сайлауында Ислам Каримовке балама кандидат ретінде сайлауға қатысқан. Ресми дерекке сәйкес, Салих 12,5 пайыз дауыс жинаған, бірақ жұрттың көбі «ол шындығында бұдан көп дауыс алды» деп есептейді, ал енді біреулер «сайлауда жеңген» деп те айтады. Бірақ сол сайлаудан кейін Мұхаммад Салихті жау санай бастаған билік 1993 жылы «сатқындық жасады» деп айыптағаннан кейін ол Өзбекстаннан қашып кеткен.

Мұхаммад Салих өзбекстандық «Бірлік» қозғалысының жиынында Өзбекстанға тәуелсіздік беруді талап етіп сөйлеп тұр. (СССР-дің дәурені аяқталар шамада түсірілген сурет.)
Мұхаммад Салих өзбекстандық «Бірлік» қозғалысының жиынында Өзбекстанға тәуелсіздік беруді талап етіп сөйлеп тұр. (СССР-дің дәурені аяқталар шамада түсірілген сурет.)

Салихтың оппозициялық жұмысын шетелде де тоқтатпауы Өзбекстан билігін шошындырғаны соншалық, «мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет етті» деген айыппен 1999 жылы оны сырттай соттаған. «Өзбекстан ислам қозғалысын» (ӨИҚ) құрған исламшыл экстремистерді оның сыбайластарына жатқызған.

Мұхаммад Салих қоныстанған Түркия оны Өзбекстанға экстрадициялаудан бас тартқаннан кейін оның бауыры – журналист Мұхаммад Бекжанды «төңкеріс жасауға әрекет етті» деп айыптап, соттаған. 1999 жылдан бері түрмеде отырған оның есімі көптен бері түрмеде отырған журналист ретінде танылған.

Стамбул полициясы Мұхаммад Салихке күдіктілер жайлы толық ақпарат бермеген. Әлгі бес күдікті ұсталғаннан кейін Мұхаммад Салих Азаттықтың Өзбек қызметіне Каримовтың режімі қарамағында «Швеция мен Түркия арасында емін-еркін жүретін жендеттер желісі бар. Олардың міндеті - [өзбек] режиміне қарсы күресетін адамдардың көзін жою» деген болатын. Бұдан ертеректе Азаттықтық Өзбек қызметі 2013 жылы белгісіз адамдар Мұхаммад Салихтің үйінде оқ атқанын хабарлаған. Әлгі оқиға кезінде ешкім зардап шекпеген, бірақ кінәлілер сол күйі табылмаған.

2014 жылдың желтоқсанында Стамбулда имам Абдулла әл-Бухариді атып кеткен, ол да Өзбекстан билігіне қарсы шыққан.

Швециядағы өзбек белсенділері Обидхон Назаровқа қастандық жасағандарды жазаға тартуды талап етіп тұр. 21 ақпан 2014 жыл.
Швециядағы өзбек белсенділері Обидхон Назаровқа қастандық жасағандарды жазаға тартуды талап етіп тұр. 21 ақпан 2014 жыл.

Биыл қараша айында Швеция прокуратурасы «2012 жылдың ақпанында тағы бір өзбек оппозиционеріне қастандық жасаған адамды Швецияға Өзбекстан билігі жіберген» деп мәлімдеген. Ол кезде бұрын Өзбекстан билігін сынаған Ташкент мешітінің жұртқа белгілі имамы Обидхон кори Назаровқа қастандық жасалған еді. Басынан ауыр жараланған Назаров талай ай ес-түссіз жатты. Өзбекстан азаматы Юрий Жуковский қастандық жасауға негізгі күдікті ретінде танылған. Сотта Швецияның бас прокуроры Кристер Петерсон «қолда бар айғақтар қастандыққа Өзбекстан билігінің қатысы барын көрсетеді» деп мәлімдеген. Ал Өзбекстан билігі Швеция прокуратурасының сұрауларын елеусіз қалдырған.

2011 жылдың қыркүйегінде Ресейдің Иваново қаласындағы үйінің алдында Фуад Рустамходжаевты өлтіріп кеткен. Ол 2011 жылдың мамырында Мұхаммад Салих құрған «Өзбекстан халық қозғалысы» мүшесі болған.

Өзбекстан билігінен қашып Ресейге барған өзге оппозиционерлер мен босқындар ол елден қауіп-қатерден құтқаратын пана таба алмады. Кейбірін көшеде бас салып ұстап, көлікке салып әкеткені, ал кейін оларды Өзбекстанда сотқа тартқаны жайлы ақпарат тарайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары соңғы 20 жыл ішінде осындай ондаған оқиғаны тіркеген.

XS
SM
MD
LG