Өзбекстандағы «Эзгулик» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Васила Иноятова 21 жыл түрмеде отырған 62 жастағы саяси тұтқын Мурод Жураевтың қарашаның 12-сі күні бостандыққа шыққанын хабарлады.
Өзбекстан парламентінің бұрынғы депутаты, Қашқадария облысы Мубарек қаласының бұрынғы мэрі Мурод Жураев 1994 жылы қамауға алынып, 1995 жылы «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен 12 жылға сотталған және мүлкі тәркіленген. Әріптестері Жураев ісінің «саяси астары бар» деп мәлімдеген. Жураевтың жаза мерзімі аяқталуға таяғанда үнемі «қамау режимін бұзды» деген негізбен төрт мәрте ұзартылған. Саяси тұтқын жазасын Шыршық қаласындағы 64/6 түрмесінде өтеді.
Иноятованың айтуынша, түрме алдында Жураевты оның туыстарымен бірге қарсы алған. Жураев бұдан соң Мубарек қаласындағы үйіне кеткен.
Ресми орындар «Мурод Жураев жаза мерзімі аяқталғандықтан босатылды» деп түсіндіреді.
Васила Иноятованың пікірінше, «Жураевтың босауына халықаралық құқық қорғау ұйымдарының араласуы мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің таяуда Өзбекстанға сапары әсер еткен болуы мүмкін».
- Біз былтырдан бері Жураевты босату мәселесін көтеріп келдік. Қарашаның 10-ы күні Өзбекстан ішкі істер министрлігінің жазаны атқару бас басқармасына өтініш жазып, денсаулығының нашар екенін хабарлап, оны босатуды сұрадық. Ол бұзақы я нашақор емес - саяси қайраткер. Біз оны босатқан жағдайда мінез-құлқының дұрыс болатынына және заң бұзбайтынына кепілдік бердік. Оны шығармауы да мүмкін еді. Бірақ бұған дейін оны «түрменің ішкі тәртібін бұзды» деп жаза мерзімін төрт рет ұзартқан. Оны босатуды халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Еуропа Одағы да сұраған, - деді Васила Иноятова.
Қарашаның 10-ы күні «Эзгулик» құқық қорғау ұйымы өкілдері Мурод Жураевтың жағдайын білу үшін 64/6 түрмесіне барған. Белсенділер Өзбекстан ішкі істер министрлігінің жазаны атқару басқармасына өтініш жазып, қылмыстық-атқару заңнамаларындағы гуманизм принциптеріне сүйеніп, Жураевты босатуды сұрағанын хабарлаған еді.
Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымының 2014 жылғы есебіне қарағанда, Өзбекстан түрмелерінде көптеген саяси тұтқын отыр. Ұйым олардың азапталатынын, түрмедегі тұрмыстық жағдайларының нашар екенін хабарлаған. HRW мәліметтеріне қарағанда, Өзбекстанның адам құқықтары ахуалы бойынша әлем елдері арасындағы репутациясы төмен. Халықаралық құқық қорғау ұйымы өкілдері бұл елдің түрмелерінде мыңдаған адам сөз бостандығы құқығын пайдаланғаны үшін заңсыз сотталып, қамауда отырғанын айтады.