Тұтқындалған адамдардың барлығы «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымымен байланысы бар деп айыпталған көрінеді.
Дегенмен Өзбекстан құқық қорғаушыларының қауіпсіздік операциялары кезінде құлашын кеңге сермейтін әдеті бар. Бұл жолы тұтқындалып жатқандардың барлығы ИМ-ді қолдайтындар болмауы да мүмкін. Бұл науқан дәстүрлі ислам дінінен бөлек бағыттағы діни секталар мүшелеріне қысым жасаудың құралы бола алады. Азаттық радиосының Өзбек қызметі тұтқындалып жатқандар жайлы тұрақты түрде хабар таратып келеді.
«САЛАФИЛЕР» МЕ, «ТАХРИРШІЛЕР» МЕ?
Алғашқы 16 күдікті Ташкент обылысындағы Зангиатин ауданында қазанның 29-ы күні ұсталған. Қарашаның алғашқы күндері 25 кісі қамауға алынды, содан бері осы Зангиатин ауданында күдіктілер күн құрғатпай тұтқындалып жатыр. Олардың көпшілігі Назарбек ауылының тұрғындары, арасында Олтин Тепа және Ешонгузар махаллаларында (ауылдарында) тұратындар да бар.
Қарашаның 6-сы күні Өзбекстан құқық қорғау органдары «тұтқындалғандар - Сириядағы жасақтармен байланысы бар «салафилер» деп мәлімдеді.
Тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» тобының аты-жөнін атамауды сұраған өзбекстандық мүшесі Азаттыққа берген сұхбатында «тұтқындалғандардың 90 пайызы осы ұйым мүшелері» екенін айтты.
Өзбекстан өкіметі 15 жыл бұрын «Хизб ут-Тахрир» тобын «экстремистік ұйым» деп танып, жұмысына тыйым салған. Бастауын 1950-жылдардағы Палестинадан ауған босқындардан алатын бұл ұйым «Ислам халифатын» құру мақсатын көздейді, бірақ күш қолдануды жақтамайды. Орталық Азияның барлық бес мемлекеті тыйым салғанына қарамастан, бұл аймақта оларды қолдайтындар көп.
Аймақ елдері үкіметтері, әсіресе Өзбекстан басшылығы, кейбір қылмыстық оқиғаларды «Хизб ут-Тахрир» жасады дегенімен, осы күнге дейін ол сөздерін дәлелдейтін айғақтар жариялаған жоқ.
Өзбекстан үкіметі көп жылдардан бері «Хизб ут-Тахрирді» террорлық ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысымен» байланыстыруға тырысып бақты. Енді Ташкент оны ИМ-ге телігісі келетін сияқты.
ЕЛГЕ ҚАЙТҚАН ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫН ҰСТАУ
Ташкент маңында «ИМ-ге қатысы бар» деген күдікпен 150-ден астам адам тұтқындалғанын Өзбекстан құқық қорғау органдарындағы «дереккөзіне» сүйенген Ресейдің «Регнум» ақпарат агенттігі алғаш болып хабарлады.
Азаттықтың Өзбек қызметі тілшілері Өзбекстанда тұтқынға алынғандарға қатысты фактілерді 20 жылдан бері жариялап жүрген құқық қорғаушы Сурат Икрамовпен хабарласқан еді.
Ол Зангиатин ауданында - 60-70 кісінің, Ташкенттегі Шайхантахур ауданында - 10 адамның, Алмазар ауданында кем дегенде бір адамның тұтқындалғанын айтты. «Алмазарда қамалғандар саны бұдан көп болуы мүмкін» дейді Икрамов.
Сурат Икрамов аталған аудандарға барып, қамалғандардың туыстарымен, араласатын адамдарымен сөйлескен. Оның айтуынша, тұтқындалғандардың көбі «дін жолындағы кісілер», оларды «ИМ-мен не басқа да экстремистік ұйыммен байланыстарың бар» деп айыптаған.
Адам құқықтарын қорғаушы белсендінің сөзіне қарағанда, тұтқындалғандардың барлығы дерлік Өзбекстаннан тысқары аймақтарда еңбек мигранты есебінде жұмыс істеп қайтқандар.
- Құқық қорғау органдары әлі де баяғы ескі әдістермен жұмыс істейді. Мүмкін жұмыс істеген елдерінде олар түрлі веб-сайттарға, соның ішінде ИМ-ге қатысы бар сайттарға кірген болар, ал біздің қауіпсіздік құрылымдарымыз мұны біліп қойған, - дейді Сурат Икрамов.
Шайхантахур ауданы тұрғыны Азаттыққа берген сұхбатында «дін жолындағы бауырларымның арасынан 160-тай адамның тұтқындалғанын естідім» деді. Оның айтуынша, көбіне «шетелде жұмыс істеп, жақында ғана елге оралғандардың» үйлері тінтілген.
ҚАМАЛҒАНДАР КІМ?
Сонымен, қамауда отырғандар кім? Ең алдымен Өзбекстан басшылығы олардың «салафилер» екенін жария түрде айтты. Ал адам құқықтарын қорғаушы Икрамов «олар ИМ-мен байланысы бар деген күдікке ілінді» дейді. Бірақ «Хизб ут-Тахрир» ұйымының өкілі ұсталғандардың көбі өз ұйымының мүшесі екенін айтты.
Қалай болса да, ел астанасының бір ауданынан бір мезетте осыншама адамның тұтқындалуы «бұл шара әлдебір қауіптің алдын алуға бағытталған ба?» деген сауалға жетелейді.
Биыл көктемде Өзбекстанның құқық қорғау және қауіпсіздік органдары Ферғана шатқалында жаттығу өткізді. Осы жаттығу кезінде олар жергілікті тұрғындарды шынымен ұстап әкеткен.
Тұтқындалғандары тез босатқанымен, халық жаттығу мен шынайы жағдайды айыра алмай әбігерге түскен. Тамыздың ортасында Ферғана аймағын кезіп жүрген екі жанкешті әйел туралы «аңыз» шықты. Өзбекстан басшылығы «бомба байлаған әйелдер жүр» деген аймақта рейд өткізді. Кейіннен ресми тұлғалар «екі әйел Қырғызстан аумағына өтіп кеткен болуы керек» деген мәлімдеме жасады. Содан бері олардан еш хабар жоқ.
Одан соң қыркүйектің басында жұмада Ташкенттің орталығындағы автобус аялдамасында жарылыс болды. Артынша Өзбекстан басшылығы бұл жарылыстың «қауіпсіздік және төтенше жағдай күштерінің шапшаңдығын сынайтын жаттығу болғанын» айтты. Дегенмен ол ведомстволардың ешқайсысына жаттығу жайлы ескертілмеген.
Көктемнен бері жүріп жатқан өтірік-шыны аралас «жаттығулар» Өзбекстан халқының үрейін туғызып, олардың қауіпсіздік органдарына деген «құрметін» арттыра түсуге бағытталған сыңайлы. Бұл шаралар «Өзбекстан басшылығы қауіптің бетін қайтаруға дайын» дегенді меңзеп тұрғандай.
Сонымен, тұтқынға алынғандар кім болды өзі? Олардың арасында Өзбекстанның тұрақтылығына қауіп төндіретіндер расымен бар ма, әлде оларды негізсіз айып тағып, халықты үрейде ұстап отыру үшін қамады ма?
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.