Accessibility links

Ташкенттің 150-дей тұрғыны ИМ күдігімен ұсталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Соңғы екі аптаның ішінде Өзбекстан астанасында «Ислам мемлекеті» (ИМ) және өзге де экстремистік ұйымдарға қатысы бар» деген күдікпен 150 адам ұсталған.

Елдің құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сілтеме жасаған REGNUM ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстан астанасында соңғы екі аптаның ішінде ғана ИМ және өзге де экстремистік ұйымдарға қатысы бар деген күдікпен 150 адам ұсталған.

Деструктивті (бүлдіруші) элементтерді анықтау үшін қазір жаңа күштер жұмылдырылғаны хабарланады.

Агенттік дереккөзі «ішкі істер министрінен жол қозғалысы қауіпсіздігі қызметкерлері, шаруашылық бөлімі сияқты милицияға қарасты бөлімдер қызметкерлері күдікті тұлғаларды анықтау мақсатында пәтерлерді араласын деген бұйрық түсті» дейді.

Оның айтуынша, бұл қызметкерлер негізгі міндеттерін атқарудан уақытша босатылған.

Бұдан ертеректе Азаттықтың Өзбек қызметі биыл қазанның аяғынан бері Ташкенттің Зангиата және Шайхантахур аудандарында 40-тан аса мұсылман ұсталғанын хабарлаған.

Туыстарының Азаттықтың Өзбек қызметіне айтуынша, ұсталған мұсылмандардың көпшілігі – Өзбекстанда тыйым салынған әрі Өзбекстан күштік құрылымдары «Ислам мемлекеті» террористік тобымен байланысы бар деп айыптайтын «Хизб-ут-Тахрир» партиясының мүшелері.

Партия мүшелерінің 1990 жылдары басталған сот процестері әлі аяқталған жоқ. Бірақ соңғы кезде Өзбекстан билігі «хизбутшыларды» «Ислам мемлекеті» террористік тобына қатысы бар» деп айыптап жүр.

«Хизб-ут-Тахрир» партиясы әу бастан халифат құру идеясын насихаттағанына қарамастан, «Ислам мемлекеті» ұйымы Сирия мен Ирак территориясын халифат деп жариялағаннан кейін көп ұзамай партия басшылығы бұл террористік топты қолдамайтынын мәлімдеген.

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫН ҰСТАУ

Азаттықтың Өзбек қызметі тілшілерімен сөйлескен Өзбекстан тәуелсіз құқық қорғаушыларының бастамашы тобының жетекшісі Сурат Икрамов «кейінгі күндері мұндай айыппен ұсталатын мұсылмандар саны көбеюі мүмкін» деп болжайды.

– Ұсталғандардың көбі – Зангиата ауданы тұрғындары. Менің дерегімше, бұл ауданнан 60-70 адам ұсталған. Енді олардың қатары тағы көбейеді. Астананың Шайтантахур ауданынан 10 адам, ал Алмазар ауданынан бір адам ұсталған. Менің болжамымша, Алмазар ауданында ұсталған мұсылмандар қатары көбейюі мүмкін, – дейді Сурат Икрамов.

Қазір құқық қорғаушы Ташкент қаласы мен облысынан діндарларды ұстауға қатысты ақпаратпен танысып, олардың тұратын жеріне барып, туыстарымен сөйлесуге тырысып жатыр. Сурат Икрамовтың айтуынша, «Ислам мемлекеті» ұйымына қатысы бар деген күдікпен ұсталғандардың бәрі алыс және жақын шетелдерде жұмыс істеп, елге оралған азаматтар.

Ұсталғандардың көбі – шетте жұмыс істеп, елге оралғандар.
Құқық қорғаушы Сурат Икрамов.

– Олардың бәрін заңсыз ұстаған. Құқық қорғау органдары ескі әдіс-тәсілмен жұмыс істейді. Ұсталғандардың көбі – шетте жұмыс істеп, елге оралғандар. Мүмкін, олар жұмыс істеген елдерінде «Ислам мемлекеті» сияқты ұйымдардың сайттарына кірген болар. Ал бұл ақпарат біздің күштік құрылымдарға белгілі болған. Оларды жаппай ұстап әкетіп, тергей бастаған. Біреулерін босатқан, ал біреулерінің үстінен қылмыстық іс қозғап жатыр, – дейді құқық қорғаушы Сурат Икрамов.

Қарашаның басында Азаттықтың Өзбек қызметі Ташкент және Ташкент облысында «Таухид валь-Джихад» немесе «Жаннат ошиклари» («Жұмаққа ғашықтар») террористік ұйымы содырлары және «Хизб-ут-Тахрир» партиясы мүшелерімен байланыста болған «салафиттер» тобы ұсталғанын хабарлаған.

Өзбекстан құқық қорғау органдары дерегінше, ұсталғандардың көбі – кәсіпкерлікпен айналысып, Қырғызстандағы сыбайластары арқылы террористік топ содырларымен байланыс орнатқан «салафиттер».

Қырғызстан арнайы қызметінің дерегінше, ол топтар Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош және Жалалабад қалаларынан Сирияға соғысуға кеткен өзбек содырларынан тұрады.

Орталық Азия елдерінде бұл топтың үгіт-насихат жүргізетін веб-сайты бұғатталған.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG