Accessibility links

«Алға, Қарақалпақстан» басшысы Бішкектен пана сұрады


Қызылқұм. Қарақалпақстан.
Қызылқұм. Қарақалпақстан.

Екі жылдан бері Қырғызстанда тұрып жатқан Аман Сағидоллаев осы елден баспана сұрады. Ол «босқындар лагерінде пайда болған белгісіз екі адам – Өзбекстан ұлттық қауіпсіздігі қызметінің мені кері қайтару үшін жіберген екі агенті» деп күдіктенеді.

Өзбекстанда Аман Сағидоллаевты «ауыл шаруашылығы құрал-саймандарын шығаратын зауытты басқарған кезде қызмет бабын асыра пайдаланған және жарты миллиондай долларды жымқырған» деп айыптайды. Егер Өзбекстанға оралса, «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы жетекшісі ретінде оған сепаратизм бабы бойынша да айып тағылуы мүмкін.

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚОЗҒАЛЫСЫ

Аман Сағидоллаев басқаратын қозғалыс Қарақалпақстанға тәуелсіздік берілуін талап етеді әрі мұны сепаратизм емес, автономиялық аймақтың конституциялық құқығын таныту деп біледі. «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы автономиялық аймақта тәуелсіздік туралы референдум өткізуге шақырады.

1991 жылы қол қойылған келісімге сәйкес, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында қалуы тиіс, ал кейін автономиялық аймақта Өзбекстан құрамынан шығу туралы референдум өткізілуі мүмкін екені қарастырылған.

Бір кездегі Арал теңізінің орнында қалған қайық қаңқасы.
Бір кездегі Арал теңізінің орнында қалған қайық қаңқасы.

Өзбекстан билігінің қырына ілігуге осының өзі жеткілікті болды, бірақ маусымның басында «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысы әлеуметтік желілерде дүниежүзілік банкті Қарақалпақстандағы ахуалды жақсартуға арналған 411 миллион доллар мөлшеріндегі қарызды бермей тұра тұруға шақырған үндеу таратты. «Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының пікірінше, бұл қаражат өзбек билігінің ұлттық азшылық өкілдері, әсіресе қарақалпақтардың құқығын одан әрі бұзуына көмектесер еді. Өзбек билігі «ақша жымқырды» деген айыппен Аман Сағидоллаевты тұтқындауға дереу халықаралық ордер шығарды.

ҰМЫТ ҚАЛҒАН АЙМАҚ

Қарақалпақстанның жағдайына ешкім көңіл бөлмейді. Оның көп бөлігі Орталық Азиядағы екі үлкен шөл – Қарақұм мен Қызылқұмның арасында жатыр. Өзбекстанның үштен екі территориясын алып жатқанымен, онда елдің 30 миллион халқының небәрі бір миллион 500 мың адамы ғана тұрады. Өзбекстандағы ең қасіретті Жаслык түрмесі де осында орналасқан.

«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының плакаты. 30 сәуір 2014 жыл.
«Алға, Қарақалпақстан» қозғалысының плакаты. 30 сәуір 2014 жыл.

Бір кезде құрлықтағы ең ірі теңіз саналған Арал теңізіне Қарақалпақстанда өмір сүрген халық жүздеген жылдар бойы тәуелді болды. Бірақ, теңіздің өзбек жағындағы бөлігі кеуіп кеткен соң, кезінде Қарақалпақстандағы адамдардың тіршілік көзі болған теңіз қазір тек зиянын ғана тигізіп отыр. Бұрын айдын болған жерді қазір сортаң құм басқан. Сәл жел көтерілсе болды, тозаң болып ұшқан тұз егінді құртып, аймақ тұрғындарының денсаулығына зиян келтіреді.

Қарақалпақтар туыстық жағынан өзбектен гөрі қазақтарға жақын. 1991 жылы Совет одағы ыдырағаннан кейін жүздеген мың қарақалпақ Қазақстанға қоныс аударған.

Бірақ Қарақалпақстанда мұнай мен табиғи газ қоры бар. Ташкенттің Аман Сағидоллаев сияқты жандардың Өзбекстаннан тәуелсіздік алып кетуге шақырған үндеулеріне қатысты реакциясын осымен байланыстыруға болады.

БОСҚЫНДАР ЛАГЕРІНДЕГІ БЕЛГІСІЗ ЖАНДАР

Аман Сағидоллаевтың Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, қазір бала-шағасымен тұрып жатқан босқындар лагерінде өздерін «құқық қорғау органдары атынан келдік» деп таныстырған белгісіз адамдар пайда болған. Әлгі белгісіз адамдар лагерь әкімшілігінен оның отбасы туралы сұрастырған. Аман Сағидоллаев «олар Өзбекстан ұлттық қауіпсіздігі қызметінде жұмыс істейді» дейді.

Сағидоллаев Қырғызстан билігі мен БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі комиссариатынан саяси баспана беруді сұраған, бірақ әзірше бұл өтініші орындалмаған.

Қырғызстандық құқық қорғаушы Азиза Әбдірасулова.
Қырғызстандық құқық қорғаушы Азиза Әбдірасулова.

Қырғызстанда Аман Сағидоллаевтың «Қылым шамы» («Ғасыр алауы») құқық қорғау ұйымы жетекшісі Азиза Әбдірасулова сияқты мықты одақтасы бар.

Аман Сағидоллаевтың «ұлттық қауіпсіздік қызметі агенттері мені отбасыммен бірге Өзбекстанға кері қайтарғысы келеді» деген сөзіне Азиза Әбдірасулова сенеді. Оның Азаттыққа айтуынша, Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің агенттері Қырғызстанға биліктің рұқсатынсыз келіп, Қырғызстан қалаларында тұратын Өзбекстан азаматтарын ұрлап әкеткен жағдайлар бұрын да болған. «Қылым шамы» ұйымы Аман Сағидоллаев пен оның отбасының босқын мәртебесін ресми түрде алуына көмектесуге тырысып жүр.

– Ұйымның Алматыдағы өкілдігіне адвокаттың көмегімен өтініш жолдап едік, ол жақтан әзірше жауап келген жоқ, - дейді Азиза Әбдірасулова.

«АҚША ЖЫМҚЫРУ» АЙЫБЫ

Ал Өзбекстан билігі Аман Сағидоллаев кәдімгі ұры деген уәжден танбайды. Өзбек шенеуніктері мен бизнесмендері арасында ұрлық-қарлық жететін болғандықтан, бұл айыптаудың шындыққа жанасуы мүмкін деп ойлауға болады.

Бірақ, Өзбекстан билігі Аман Сағидоллаев әлеуметтік желілерде дүниежүзілік банктің ақшасына қатысты науқан бастағанша оны Өзбекстанға қайтаруға онша асыққан жоқ. Кейбіреулер «егер ол бір миллион долларды шынымен де жымқырып кетсе, қазір бала-шағасымен көрші елдегі босқындар лагерінде емес, алыстағы жайлы бір орында тұрар еді» деген уәж айтады.

Тағы бір назар аударуға тұратын жайт, шілденің 3-і күні – Өзбекстан Аман Сағидоллаевты тұтқындау туралы ордер шығарардан бір айдай бұрын zomondosh.com сайтында Нұрлан Қанапиев деген кісінің атынан жазылған «Дінсіздердің көзі жойылсын немесе Аман Сағидоллаев деген кім?» атты мақала шыққан еді. Онда Аман Сағидоллаев әзірейіл ретінде сипатталған, ал Орталық Азияда мұндай жағдайлар әдетте билік өкілдерінің қатысуымен жасалады.

Аман Сағидоллаевтың ісіне қатысты Азаттықтың Қырғыз қызметінің соңғы хабарларына қарағанда, онымен Қырғызстан ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кездескен.

(Брюс Панниермен бірге мақаланы әзірлеуге Ұлан Ешматов, Шолпан Сүлейменова және Жұлдыз Орыспақова қатысты.)

XS
SM
MD
LG