Accessibility links

Өзбекстан облигация иелері үкіметке наразы


Өзбекстан үкіметі 1992 жылы шығарған облигацияларының өтемін төлеп жатыр.
Өзбекстан үкіметі 1992 жылы шығарған облигацияларының өтемін төлеп жатыр.

Өзбекстан тәуелсіздік алған кезде шығарған мемлекеттік облигацияларының қарызын өтеуді бастады. Бірақ бұдан еш пайда көрмеген инвесторлар үкіметтің өздерін алдап соққанын ұқты.

Сарсенбай ата кезінде Өзбекстанның дамуына үлес қосып, қомақты облигация сатып алған. Енді қартайған шағында тиісті үлесін алып, қызығын көрмекші еді. Бірақ ақшаны алған кезде Өзбекстанның батысындағы Нүкіс қаласының тұрғыны қолына тиген соманың облигацияны басып шығарған қағаздан сәл ғана қымбат екенін түсінді.

ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫ ЕСЕПКЕ АЛМАҒАН

Өзбекстан қаржы министрлігі жақында «1992 жылы шығарған облигацияны қарашаның 30-ына дейін 12 пайыз өсіммен төлейміз» деп мәлімдеді. Кезінде облигация сатып алған Сарсенбай ата төлемнің ұлттық валюта девальвациясын ескере отырып жасалмағанын түсінгенде есеңгіреп қалды.

«Ең соңғы сәтте, касса алдында тұрғанда ғана 20 жыл бұрын салған ақшамызды үкіметтің сол кездегі бағамен есептегенін аңғардық» дейді ол.

Өзбекстан "Халық банкі" филиалы алдындағы кезек. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан "Халық банкі" филиалы алдындағы кезек. (Көрнекі сурет)

Яғни, 12 пайыздық мөлшерлемемен есептегенде қария өзі салған әр 1000 сомы үшін 1173 сом алады. Бірақ 20 жыл бұрын сол ақшаға көлік тисе, қазір тек жарты келі сиыр еті ғана келеді.

Сарсенбай ата сияқты 500-ге жуық облигация иелері де наразы. Олар тамыздың 4-і күні Нүкістегі «Халық банкі» бас филиалы алдына келіп, қарсылық акциясын өткізді.

Мемлекеттік банк қолма-қол төлейтін ақша болмағандықтан, жұрттан қаржы аударатын шот ашуды талап етіп, онсыз да ренішті адамдарды одан бетер түңілтті. Наразылық акциялары «Халық банкінің» да филиалдарында, Ташкент, Бұхара, Ферғана мен Самарқан қалаларында өтті.

Қаржы министрлігі сайтындағы мәлімдемеде «облигацияларды өтеу шарасы мемлекеттің өз міндетін орындап, азаматтардың жиған ақшасын сақтап, тұрғындардың үкіметке сенімін арттыру үшін» жасалатыны жазылған. Бірақ облигация иелерінің көбі «үкімет алдап соқты» деп ренжиді.

«ПРЕЗИДЕНТ БІЗДІ АЛДАДЫ»

Ташкентте тұратын зейнеткер Сергей (аты-жөнін толық айтудан бас тартты) uznews.net сайтына берген сұхбатында «Сол уақытта мен 25 мың сомға облигация алған едім. Өз есебімше енді 1 миллион 200 мың сом алуға тиіспін» дейді. Бірақ оған небәрі 32 мың 325 сом төлемек. Ол «Үкімет адамдарды неліктен бұлай қорлайды?» деп сұрайды.

Ал Ташкенттің 36 жастағы тұрғыны Муниса облигацияны ата-анасынан мұраға алыпты. «Билік бізді алдап соқты. Демократиялық елдерде осындай әрекеті үшін адамдар үкіметпен соттасады» дейді ол.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

Азаттықтың Өзбек қызметіне пікір білдірген (аты-жөнін жарияламауды өтінді) экономист «қаржы министрлігі облигациялар жақсы пайда әкеледі деп тұрғындарды үміттендіріп келді» дейді.

Енді Сарсенбай ата сияқты азаматтардың қаржысы желге ұшып отыр. Ол облигацияны «Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың өзі «ел экономикасын көтеру үшін сатып алыңдар» деп үндеу жасаған соң алғанын» айтады. Сол кезде Өзбекстан тұрғындары 24 миллиард сомға облигация сатып алған.

«Каримов «ақшаларыңды пайыздық өсіммен қайтарып аласыңдар» деді, біз сендік. Бірақ басшымыз бізді алдаған екен» дейді Сарсенбай ата.

(Фарангис Наджибулла мен Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды)

XS
SM
MD
LG