Өзбекстандық мұғалімдер жұмыс шартында көрсетілмеген міндеттерді орындауға көндігіп алған. Олар терім кезінде алқапқа мақта жинауға да шығады, коммуналдық төлемді еске салып үй аралайды, Хеллоуин мерекесі кезінде жастардың бұзықтық жасамауын қадағалайды.
Бірақ Ташкентте мұғалімдерге жүктелген соңғы міндет бәрінен асып түсетін тәрізді. Өзбекстан астанасындағы оқытушылар енді түнімен мектептегі жылу жүйесінің бұзылмауын бақылап шығу туралы бұйрық алды.
«ӘМБЕБАП» МҰҒАЛІМДЕР
Азаттықтың Өзбек қызметі Ташкенттегі мектеп директорының ресми жарлығының көшірмесімен танысты.
Бұйрықта «қыстың зардабынан ешкім жапа шекпеуі тиіс» екені айтылып, мұғалімдерге жауапкершілік жүктелген. Қаулы бойынша, қырағылықты жоғалтпау үшін мұғалімдер түнде кем дегенде екі рет мектеп басшыларына хабарласып, жылыту жүйесінің жайы туралы хабарлап отыруға міндетті.
Аты-жөнін атамаған бір мұғалім Азаттыққа: «Өзбекстан астанасындағы мектептер мен балабақшаларда төрт мұғалімнен құрылған арнайы топ бар. Олар жылу жүйесін кезекпен бақылап отырады» дейді.
Тағы бір мұғалима айына екі рет түнгі кезекке шығатынын айтады. «Басқа мұғалімдермен бірлесіп, әр құбырды тексеріп, дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіземіз» дейді ол.
Бұл қосымша жұмыс үшін мұғалімдерге ешкім өтемақы төлемейді, бірақ өздерінің айтуынша, аздаған жеңілдіктер бар.
«Ауысым кезінде қажетті заттарды берді. Tefal шәйнегімен су қайнатамыз. Ыдыс-аяқ та алдық» дейді ұстаздар.
ОҚУШЫЛАР ОТЫН ТАСИДЫ
Ташкент білім департаментінің өкілі педагогтардан бірінші рет жылу құбырларын тексеруді өтінгендерін айтады. «Қыс түскен сайын құбырлар жарылып, шығын келтірген кездер болып тұрады» дейді ол Азаттыққа.
Өзбекстандық басқа да үкіметтік шенеуніктер тәрізді ол батыстық баспасөз құралына сұхбат беруге ниет танытпады. Аты-жөнін атаудан да бас тартты.
«Билік өкілдері бұндай жағдайлардың алдын алуға тырысады, сондықтан барлық Ташкент мектептері мен балабақшаларына аумақтағы жылу жүйесін бақылайтын топтар құруды тапсырды» дейді Ташкент білім департаментінің өкілі.
Ташкенттегі аурухана дәрігерлері де бұл науқаннан тыс қалмады. Олар түнде науқасты бақылап ғана қоймай, жылу құбырын да тексеріп отырады. Мектептен бір айырмасы, ауруханаларда сантехниктер де жылу жүйесін қадағалайды.
Өзбекстандағы советтік кезеңде тартылған жылу құбырлары қазір тозығы жетіп шіріп, бүлініп жатыр. Сондықтан билік өкілдері осындай тосын шаралар қабылдайды.
Өзбек ауылдарындағы өмір бұдан жақсы деуге келмейді. Алыс аймақтарда сынып бөлмесін жылыту оқушылардың өздеріне жүктелген. Елдің батысындағы Хорезмде оқушылар отын әкеліп, бөлменің ортасындағы темір пешті жағады. Хорезмдік ата-аналар балалары мектепке ағаш тасымас үшін отынның ақшасын өз қалтасынан төлейді.
Мехрибон Бекиева мен Фарангиз Наджибулланың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.