Accessibility links

Түркімендер ресми шараларды тойлаудан шаршады


Тәуелсіздік күнінде жұрт президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің суретін көшеге алып шықты. Ашғабат, 27 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәуелсіздік күнінде жұрт президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің суретін көшеге алып шықты. Ашғабат, 27 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Халқын үнемі бұқаралық мерекеге жұмылдырып келе жатқан мемлекеттер көп емес. Түркіменстанды солардың бірі, тіпті бірегейі деуге болады.

Түркіменстан мемлекеттік телеарналарын қарап отырып, басқа ешбір елдің тұрғындары президенттерін осылай жақсы көріп, оны түрлі шаралармен қуантуға ұмтылмайтын шығар деп ойлайсыз. Ай сайын мыңдаған адам стадионға немесе алаңдарға жиналып, мемлекет пен оның басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовке арналған фестивальдерге қатысады.

ДЕМАЛЫСТА ДЕМАЛМАЙТЫН ХАЛЫҚ

Ресми күнтізбеде 24 ұлттық мейрам бар, олар «Түркімен мәдениеті мен өнері қызметкері күнінен» басталып, «Түркімен қауыны күнімен» аяқталады. Одан бөлек «Көршілер күні» деген тәрізді әр қала мен ауылда тойлануға тиіс міндетті шаралар да толып жатыр. Мемлекеттік газеттердің төрт апта ішінде атап өтілуі тиіс 64 шараның тізімін жариялаған кездері де болған.

Түркімен ұлттық костюмдерін киген адамдар Ашғадаттың орталық алаңында мерекелік шараға жиналды. Түркіменстан, 22 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркімен ұлттық костюмдерін киген адамдар Ашғадаттың орталық алаңында мерекелік шараға жиналды. Түркіменстан, 22 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұл салтанатты шараларды өткізу студенттер мен мемлекеттік қызметкерлердің мойнында. Тіпті кейде олардың жеке өміріне бос уақыттары қалмайды. Өзін Арслан деп таныстырған тұрғын:

- Соңғы 7-8 жылда қаптаған мейрамдар мен фестивальдерге қатысатын үкімет адамдары демалыс пен мереке күндері демалу дегенді ұмытты. Мысалы, әр демалыс сайын Велосипед күнінен бастап, Президенттің халықты аралау күні деген сияқты бір оқиға шығып тұрады. Бұндай күндері адамдар таңғы сағат алтыда тұрады, содан кешкі 11-ге дейін президент кеткенше мерекелетеді. Күн суық болсын, ыстық болсын – бәріміз көшеде жүруге тиіспіз. Кітап оқу немесе демалу сияқты адамдардың өзіне ұнайтын ісімен айналысуына мүмкіндік жоқ, - дейді.

«ҚАЖЕТСІЗ ШАРАЛАРДАН МЕЗІ БОЛДЫҚ»

Түркіменстанда адамдардың жұмыс істейтін мекемесі немесе оқу орны міндеттеген шараға қатыспауға бір ғана жағдайда мұрсат беріледі. Ол – медициналық себеп, яғни ауырып қалуыңыз керек. Одан басқа жағдайларда адамдар бірнеше күн немесе апта бойы дайындыққа барып, мыңдаған адамдармен бірге синхронды түрде қимыл жасауға жаттығады.

Би қозғалысы мен түрлі-түсті жалауларды бірдей көтеріп-түсіріп жазу, я сурет бейнелейтін қимылдар өзгеріп тұрады. Дайындық кезінде тәртіп қатал: шөлмекпен су апарып, оны ішуге, тамақтануға, адамдармен сөйлесуге болмайды.

Өзін Хұмай деп атаған студент мұндай шараларға көптен бері қатысып келеді.

- Ондай дайындықтың көбіне қатыстым. Шынымды айтсам, түкке қажеті жоқ және ешкімнің бұл шараларға қатысқысы келмейді. Қазанның 27-сі Тәуелсіздік күнін атап өткенде, дайындық кешке болды. Күнде кешке дайындыққа бардық, суықта тоңып, шөлдеумен болдық, - дейді ол.

Түркіменстанның Тәуелсіздік күнін қалай атап өткенін мына жерден көріңіз:

Түркіменстанның тәуелсіздік күні
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00


Сусын ішуге тыйым адамдарға, әсіресе балаларға қиын тиеді. Бахар есімді оқушы Ашғабаттағы фонтаннан су ішіп, ішектің жұқпалы дертіне шалдыққанын еске алады.

- Жаздың ыстық күні еді, су ішуге рұқсат жоқ. 4-сыныпта оқып жүргенде бірнеше сағат бойы су ішпей тұрдық. Бәрі біткен кезде ең жақын жердегі фонтанға жүгіріп барып, хауыздағы судан шөлімізді қандырдық, - дейді ол.

Мерекелік шараға қатысушылардың киімі де ауа-райына сәйкес келе бермейді. Қақаған қыста әйелдер түрлі-түсті жеңіл көйлекпен шығып, артынан қатты ауырып жатады. Ер адамдар жаздың аптап ыстығында қысқы тон мен бөрігін киіп шығып, ыстықтап тұрады. Сөйте тұра олар үнемі камераға немесе қастарынан өткен тұрғындарға қарап күлімдеп жүруге міндетті.

ЖИЫН-ТОЙДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ

Бұндай бұқаралық мерекелер Түркіменстан халқы үшін жаңалық емес. 1991 жылы Мәскеуден бөлініп, тәуелсіздік алған соң бұрынғы автократ президент Сапармұрат Ниязов та советтік дәстүрді жалғастырды. Ниязов жеке бас культін қалыптастыру үшін салтанатты шараларды көп өткізді. Өзінің ой-толғамдары жазылған «Рухнама» кітабын мектепке оқулық ретінде енгізді.

«2006 жылы Ниязов дүние салған соң, орнына келген Бердімұхамедов одан да көп шаралар мен қоғамдық мерекелер өткізуді әдетке айналдырды» дейді Түркіменстандағы журналистер.

Мемлекеттік БАҚ 2012 жылы Бердімұхамедовтің қайтадан сайлануына орай Түркіменстанның «бақыттың соңғы, ең жоғарғы сатысына» өткенін мәлімдеп, қоғамдық мерекелердің осыны дәлелдейтінін жазды.

Лондондағы Соғыс пен бейбітшілік хабарлары институтының (Institute of War and Peace Reporting - IWPR) Орталық Азия бойынша сарапшысы Джон Маклауд саясаткерлердің стратегиясын түсіндіре келе:

Ресейдегі 1 мамыр шеруі. Мәскеу, 1 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі 1 мамыр шеруі. Мәскеу, 1 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
- Сіз осындай халық екеніңізді мақтан тұтыңыз деп, бақ-дәулеттің, даму мен өмірден ләззат алудың көрсеткіші ретінде үнемі ойын-тойлар ұйымдастыра береді. «Бұның бәрі жақсы, одан да жақсы боламыз» деген түсінікті үзбей насихаттау үшін саяси қысым жасалады. Бұндай көрсетілімдер 1930 жылы Сталин тұсында болды, Солтүстік Кореяда да осындай шаралар көп еді, Николае Чаушеску тұсында Румынияда да көп өткізілді, - дейді.

Бұқаралық шаралар Түркіменстан билігінің мүддесіне қызмет еткенімен, қарапайым халыққа ауыртпалық түсіріп келеді. Түркімен азаматтарының бос уақыт туралы ұмытқаны аздай, шараларға қажетті киімдердің ақшасын өз қалталарынан төлейді. Мұғалімдер киім мен жабдыққа қажетті ақшаны оқушылардан жинайды, ол ақшаны тиісті тауармен жабдықтайтын мемлекеттік министрліктерге жібереді.

Кейде ұл баланың костюмі мен қыздардың ұлттық көйлегін алу кедей отбасына көп салмақ салады. Оның үстіне олар Ұлттық ағаш егу күні мен Велосипед күнін атап өту үшін көшет пен велосипед сатып алуға да міндетті.

Сахра Гулам Нәби мен Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG