Accessibility links

Мұғалімдер газет-журналға мәжбүрлеп жаздыртуға наразы


Алматы облысы, Талғар ауданындағы мектептердің бірі. 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы облысы, Талғар ауданындағы мектептердің бірі. 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп мұғалімдері әкімдік мәжбүрлеп жаздыратын газет-журналдар сомасының жыл сайын артып келе жатқанына шағым айтты. Ал тиісті мекеме өкілдері «жазылуға мәжбүрлемейміз, тек кеңес береміз» дейді.

Азаттық тілшісіне Алматы облысы Талғар ауданына қарасты №30 мектептің аты-жөнін атамауды өтінген мұғалімі телефон шалып, «мектепте қазан айының соңғы аптасынан бастап газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру науқаны жүріп жатқанын» хабарлады.

«БЕРІЛГЕН ПЛАН – 1 МИЛЛИОН 350 МЫҢ ТЕҢГЕ»

Азаттыққа қазанның 31-і күні хабарласқан мұғалім:

- Аудандық оқу бөлімі жыл сайын жалақымыздың 20 пайызына газет-журналға жаздыруды дәстүрге айналдырды. Менің биылғы жылдық жүктемем - 11 сағат, қолыма 29 мың теңге алам. Бірақ мектеп маған 8 мың теңгеге газет-журнал жазып отыр, - деп наразылығын айтты.

Мұғалімнің айтуынша, Талғар ауданына қарасты №30 мектепте «биыл оқушы санының қысқаруына байланысты әр сыныптан бір-бір класс қана қалған. Бірақ соған қарамастан аудандық оқу бөлімі мектептің газет-журналға жазылу планын көбейтіп жіберген»

Мектеп оқушылары. Алматы облысы, Талғар ауданы, 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектеп оқушылары. Алматы облысы, Талғар ауданы, 3 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектептің Толқын есімді кітапханашысы бұл ақпаратты растап:

– Өткен жылы біздің мектепке берген план 900 мың теңге болды. Биыл - 1 миллион 350 мың теңге. Мұғалімдер осы сомаға газет-журналға жазылу керек. Ал мектепте 40 мұғалім ғана бар, - деді.

Кітапханашының айтуынша, «аудандық «Қайнар көзі» журналының 95 данасына жазылу тапсырылған».

- Мен 40 мұғалімге екі-екіден жаздыра алмаймын ғой. Амалсыз оқушыларға жаздырып отырмын, - дейді ол. Кітапханашының айтуынша, «аудандық білім бөлімі тапсырманы мектеп директорларына, ал директорлар кітапханашыларға береді».

Азаттық тілшісіне Осы мектептің аты-жөнін толық атамауды өтінген Жанат есімді тағы бір мұғалімі газет-журналдарға «мектеп алды даярлық тобының балаларын да жаздырып жатқанын» айтты.

Талғар аудандық оқу бөлімінің әдіскері Гүлзира Қарауылқызы Азаттық тілшісіне «Газет-журналға жазылу туралы мектептерге тек рекомендация берілетінін, міндеттемейтіндерін» айтты.

– Біз елбасының заңын орындаймыз. Елбасының жолдауы бойынша мұғалімдер - идеологтар. Идеология бөлімі арқылы мектептерге «жазылыңыздар» деп рекомендация береміз. Қалаған газетіне өздері жазылады. Себебі күнде газет-журналдан ақпарат алып отыру керек, балалар да өздері дайындалып отыру керек, - деді.

ӘР МҰҒАЛІМНЕН – 12 МЫҢ 500 ТЕҢГЕ

Азаттыққа дәл осындай жағдайдың Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетіген ауылының мектебінде де болып жатқанын осы ауылдағы №34 мектеп мұғалімдері хабарлады. Өзінің аты-жөнін толық атамауды өтінген Анар есімді мұғалім:

​- Бастауыш сынып мұғалімімін. Біз жыл сайын аудандық білім бөлімінің тапсырмасы бойынша екі-үш газет журналға жазыламыз. Нан жеп отырған жеріміз болғаннан кейін одан бас тартпаймыз. Бірақ биыл Жетіген ауылдық округінің әкімшілігі тағы екі газетке қосымша жазылуымызды талап етіп отыр. Яғни әр мұғалімге 12 мың 500 жүз теңгеге газетке жазыласыңдар деді, - дейді.

Газет-журнал сататын дүңгіршек. Алматы, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Газет-журнал сататын дүңгіршек. Алматы, 1 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
​Азаттық Жетіген ауылдық округі әкімдігіне хабарласқан еді. Әкім орынбасары Әлімжан Асқарұлы:

– Сейсенбі күні әкімдікке келіңіз. Әкімнің өзі түсіндіреді. Мен сізге ештеңе айта алмаймын, - деп қысқа қайырды.

Мұғалімдер мәжбүрлі түрде жазылатын газет-журналдардың көбі – ресми саясатты қолдайтын басылымдар. Мәселен Алматы облысы Талғар ауданына қарасты №30 мектептің кітапханашысы аудандық, облыстық басылымдармен қатар, тізімде «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы» газеттері мен «Қазақстан патриоттары» және «Мұқағали» журналының бар екенін айтты. Басқа басылымдардан «Жас алаш» газетін атады.

«Алаш айнасы» газетінің редакциясы «Газетке жазылудың жүріп жатпағанын» айтты. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Дастан Кенжәлин «Мұғалімдерге күштеп жаздыруға қарсымын. Бірақ мемлекеттік саясатты ұстанатын газет болған соң, директордың, оқу істері жөніндегі меңгерушінің кабинетінде, кітапханада болғаны дұрыс» деген пікір білдірді.

Қазақстан мектептерінде мұғалімдерден заңсыз ақша жинау мәселесі жиі айтылады. Ол туралы «Ақша жинау туралы айтары бар мұғалім көбейді» мақаласынан да оқи аласыз.
XS
SM
MD
LG