Өзбекстандағы адам құқығын қорғау альянсының белсендісі, Жизақ облысы Зомин ауданында тұратын фермер Әлиқұл Саримсоков Азаттықтың Өзбек қызметіне Ташкентте екенін хабарлады. Паспортсыз жүргенін айтқан ол «күні-түні полицейлер күзеткенімен, сәтін салып үй қамағынан қашып шықтым» деді.
Фермер әрі құқық қорғаушының айтуынша, оны әуелі 16 күнге психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызған. Одан шыққан соң үйқамаққа алған. Әлиқұл Саримсоков Азаттықтың Өзбек қызметіне «әуелі облыстық милицияға шақырып, тергеуден кейін психиатриялық клиникаға апарғандарын» айтты.
Саримсоков «Маған соттың шешімін де, өзге де құжат көрсеткен жоқ» дейді.
Одан «Өзбекстан үкімет басшысының үстінен шағымдануын тоқтатуын талап еткен».
Мамырдың 12-сі күні Әлиқұл Саримсоков премьер-министр Шавхат Мирзиёевтің үстінен Өзбекстан жоғарғы сотына арыз жолдаған. Фермер Жизақ облысы (Мирзиёевтің туған жері) шенеуніктерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты премьер-министрге шағымданған. Енді ол Өзбекстан үкіметі басшысын арыздарына жауап бермегені үшін жауапқа тартуды сұрайды.
Саримсоковтың серіктері оның қудалануын шындық іздегіш мінезімен байланыстырады. Өзбекстандағы адам құқығын қорғау альянсының белсендісі Шухрат Рустамовтың айтуынша, «Әлиқұл Саримсоковтың қолында жоғары лауазымды шенеуніктерді әшкерелейтін дәлелдер бар, сондықтан оның үнін өшіргілері келеді».
- Біз қатты шу көтергендіктен ғана оған психикаға әсер ететін заттар бермеген, - деді Шухрат Рустамов Азаттықтың Өзбек қызметіне.
Саримсоковтың арызын сотта тіркегенімен, оны қарау туралы шешім әлі қабылданбаған. Өзбекстан жоғарғы соты кеңсесі қызметкерлері Азаттықтың Өзбек қызметіне бұл жағдайға қатысты комментарий беруден бас тартты.
Әлиқұл Саримсоковтың айтуынша, оның қолында өзі жатып шыққан психиатриялық аурухана науқастарының да арыздары бар. Ол «арыз иелері - әділдік іздейміз деп қоғамнан аластатылған дені сау адамдар» дейді.