Брифинг кешке белгіленгенмен, АҚШ мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия елдері бюросының Facebook-тегі аккаунтына сұрақтар ерте түсе бастады. Шамамен бір сағат ішінде Роберт Блейк әртүрлі бағыт бойынша оннан астам сұраққа жауап берді.
«ЖАҢАӨЗЕН СОТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАУАП»
Қазақстандық интернет қолданушы Мұрат Тұңғышбаев Роберт Блейкке Жаңаөзен мәселесі бойынша бірнеше сұрақ қойды: «Жаңаөзен мен Шетпе оқиғасы бойынша айыпталушылар қысым көргені жайлы мәлімдеді. Бұған қатысты АҚШ-тың көзқарасы қандай?», «Жүргізілген тергеулер мен сот процестеріне АҚШ-тың көңілі тола ма?», «Әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталған оппозиция белсенділері, атап айтқанда: Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова, Роза Төлетаева, т.б. азаматтардың қамалуына қатысты АҚШ-тың көзқарасы қандай?».
Роберт Блейк бұл сауалға қысқаша жауап берді:
«Біз Жаңаөзенде озбырлық әрекеттер болғанына өкініш білдіргенбіз. Әрі қарай да Қазақстан билігінен бұған қатысты тиісті шаралар қолдануды және сот процестерін халықаралық стандартқа сәйкес өткізуді талап ете береміз».
«ГЕНОЦИД НЕМЕСЕ АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС ДЕП АТАУҒА БОЛА МА?»
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкіліне Жаңаөзенге қатысты сұрақтар көп қойылды.
Азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов «Биліктің өз азаматтарын – Жаңаөзен тұрғындарын (әйелдер, қарт адамдар, жастар, мұнайшыларды) атуын геноцид және адамзатқа қарсы қылмыс деп атауға бола ма?» деген сұрақ жолдаған.
«Әлеуметтік араздық тудырды» деп айыпталған азаматтардың алда болатын сотына, Қазақстандағы адам құқығының жағдайына байланысты сұрақтар да қойылды.
Сұрақтар көп болғанымен, Роберт Блейк тек бірнеше адамның ғана сұрағына жауап беріп үлгерді.
Соның бірі - интернет-қолданушы Жасұлан Серіков «Сіздер (АҚШ – ред.) үнемі бостандық туралы айтасыздар -бұл жақсы, біз мұны түсінеміз. Алайда америкалықтарға (саясаткерлерге) АҚШ-тан тыс жерлерде бір нәрсе қажет бола қалса, олар бостандықтан гөрі қауіпсіздік маңыздырақ деп шыға келеді. Осыны қалай түсіндіресіз? Менің ойымша, осылайша сіздер қадір-қасиеттеріңізді жоғалтып аласыздар» деген сұрақ қойды.
Бұған Роберт Блейк былай жауап берген:
«Бостандық пен демократия - халық қолдайтын, берік те тұрақты үкімет құруға көмектесетін маңызды тетіктер. Біз Орталық Азия елдерімен диалог орнату барысында үнемі адам құқығы, демократия және ар-ұждан бостандығының маңызды екенін баса айтып келеміз. Азаматтық қоғамның өз қалауымен әрекет етуіне ерік беріп, бейбіт діни рәсімдердің орындалуына жағдай жасау - аймақтағы әрбір елдің қауіпсіздігін арттыра түседі деп есептейміз».
АҚШ-ТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАТЫСТЫ САЯСАТЫ
Роберт Блейкке Қазақстаннан бөлек, көптеген елдерден әртүрлі бағыттағы (Ауғанстан мәселесі, Қырғызстандағы Манас әуежайының жағдайы, АҚШ инвестициясының бағыты, онда оқу мүмкіндігі, т.б) ондаған сұрақ түсті.
Ол Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігіне қатысты сұраққа жауап бере келіп, «Қауіпсіздік саласында АҚШ тарапынан жасалатын көмек Орталық Азия елдерінің шекарасын терроризм және есірткі тасымалдау сияқты трансұлттық қауіп-қатерден сақтауға бағытталған» деді.
Инвестиция мәселесіне тоқталған Блейк Орталық Азиядағы сауда-саттық және инвестицияны кеңейткісі келген өз компанияларының мүдделерін қолдайтынын айтып өтті.
«Біз осы мақсатты көздеген Қытай, Ресей, Үндістан және өзге елдерден келетін инвестицияларды да құптаймыз» деді Роберт Блейк.
Қазақстанда саясаткерлермен онлайн-конференция форматында түрлі сұхбат, диалогтар жиі болса да, Facebook желісінде саясаткермен брифинг тұңғыш рет өтіп отыр.
Қазақстанда адам құқының бұзылуы, ел билігінің ондай қылмыс жасаушыларды жазаламай отырған АҚШ мемлекеттік департаментінің 24 мамырда жариялаған жылдық есебінде де сөз болды.
Бұл есепте Қазақстанда азаматтардың үкіметті ауыстыру құқықтары мен баспасөз еркіндігінің шектелгені, соттардың тәуелді екені, заңның үстемдік құра алмай
отырғаны, Жаңаөзен оқиғасында қарусыз халыққа қарсы оқ атылғаны да айтылған.