Accessibility links

Кортни: Абай елі әлемдегі ең маңызды орташа державаға айнала алады


АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Уильям Кортни Грузияда. Тбилиси, 15 қыркүйек 2011 жыл.
АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Уильям Кортни Грузияда. Тбилиси, 15 қыркүйек 2011 жыл.

1991 жылғы Совет Одағының құлауына дейін-ақ Орталық Азияның алдынан болашақ қауіпсіздігі мәселесі туындаған. Батыстың қолдауымен және кейбір мәселеде Ресей мен Қытайдың жәрдемімен Қазақстан осы аймақтағы қауіпсіздікті нығайту ісінде жетекші роль атқара алады.

Орталық Азияның алдында қауіпсіздікке қатысты үш негізгі проблема бар. Біріншісі - НАТО әскерінің Ауғанстаннан кетуі. Бұл елде ұрыс қимылдары әлі тоқтаған жоқ.

Екінші мәселе - Орталық Азия халықтары кеңірек бостандық пен модернизацияны талап етіп отыр. Бірақ бұған саяси тоқырау кедергі болып тұр.

Үшіншісі - Орталық Азия мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас мәселесі. Мәскеу бұл елдерге мәжбүрлеу тәсілдерін тым жиі қолданады.

Осы қауіпсіздік аспектілеріне Қазақстан үлес қоса алады. «Неге?» дегенде - оған бірнеше себеп бар. Қазақстан - Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде өркендеген ел. Мұнда ұлтаралық төзімділік бар. Қазақстан басшылары мен дипломаттарының аймақта жетекшілік етуге тәжірибелері жеткілікті.

Бұдан өзге, Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен, Батыспен байланыстары дұрыс қалыптасқан және Ресей мен Қытай Орталық Азияға көрші. Осы байланыстар Қазақстанды кез келген тараптың тиімсіз ықпалынан қорғауға жәрдемдеседі.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев (сол жақта). Астана, 10 мамыр 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев (сол жақта). Астана, 10 мамыр 2012 жыл.

Қазақстанды титықтатқан коррупция мен сауатсыз басқару аймақтағы жетекшілігіне кедергі келтіріп тұр.

Орталық Азияның қауіпсіздік дилеммасы көп сатылы стратегияны қажет етеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) жан-жақты қауіпсіздік доктринасы да осы аймақтың мұқтаждықтарын өтеуге сәйкес келеді. Ресейлік оппозиция мен Орталық Азия жетекшілерінің сақтығының себебінен ЕҚЫҰ әлі де болса бұл аймақта белсенді роль атқарып отырған жоқ.

ЕҚЫҰ белсендірек әрекет еткен күнде де аймақтағы қауіпсіздік проблемасын жалғыз өзі шеше алмайды. Себебі, проблема тым үлкен. Батыс елдері, Ресей мен Қытай өздерінің ықпалы мен ресурстарын дұрыс пайдалану үшін бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Орталық Азиядағы әр мемлекет жекелеген салаларда жетекшілік ете алуы мүмкін, бірақ аймақ көлемінде жетекшілік етуге Қазақстанның ғана мұршасы бар және оған қаржылық қуаты жеткілікті.

Қазақстанның Орталық Азиядағы көршілеріне қарағанда көптеген артықшылықтары бар. Бұл ел Ресей және Батыспен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан және Қазақстан мәдени жағынан да осы елдерге жақын бағытта дамып келеді.
Ауғанстандағы кезекті жарылыстан кейін оқиға орнын шетел әскерилері тексеріп жатыр. Лағман аймағы, 20 қараша 2010 жыл.
Ауғанстандағы кезекті жарылыстан кейін оқиға орнын шетел әскерилері тексеріп жатыр. Лағман аймағы, 20 қараша 2010 жыл.

Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайға қатысы шамалы және оның бұл елмен этникалық жақындығы жоқ. Қазақстан Өзбекстан сияқты Ауғанстанмен шекараға әскер шоғырландырып отырған жоқ. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда кедей. Оның үстіне Ферғана аңғарындағы тұрақсыздық қаупі жоғары.

Қазақстан үкіметінің авторитарлығы Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанмен салыстырғанда жеңілірек. Қазақстан ғана Орталық Азияның барлық елдерімен жақсы қарым-қатынас жасап отыр. Тұтас алып қарағанда, осы ерекшеліктердің барлығы Қазақстанның аймақтағы ықпалы басым жетекші елге айналуына мүмкіндік береді.

Аймақтағы басқа елдер де жетекшілікке ұмтылады, бірақ олардың көршілермен қарым-қатынастары дұрыс жолға қойылмаған. Мемлекетті автократтар басқарады. Экономикалық әлсіздік те ықпалдарын кемітеді.

Батыс Орталық Азия мен Қазақстанды тереңірек тануы тиіс. Батыстың бір мемлекеттік басшысы «Орталық Азия елдерін Еуропамен емес, Оңтүстік Азиямен байланыстыру керек» деп мәлімдеген еді. Қазақстанды Оңтүстік Азияға телитін бұл көзқарас - дұрыс пайымдама емес. Қазақстанның ол тараппен экономикалық алыс-берісі аз. Мәдени қатынасы, саяси өмірі тығыз байланысты емес. Оңтүстік Азиямен салыстырғанда Қазақстанның Еуропамен байланысы әлдеқайда тереңірек.

Кейбір Батыс жетекшілері болашағы бұлыңғырлау басқа бір жобаны көп айтады. Олар Ауғанстан арқылы өтетін «Жаңа Жібек жолын» дамытуды жарнамалайды. Алайда, соңғы бірнеше жыл бойына Ауғанстан қауіпті аймақ күйінде қалып тұр, жол-көлік инфрақұрылымы да жетілмеген.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен (оң жақта) Душанбедегі Ұлт сарайында жүр. 22 қазан 2011 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен (оң жақта) Душанбедегі Ұлт сарайында жүр. 22 қазан 2011 жыл.

Иран халықаралық санкцияның құрсауында отырғандықтан, Ауғанстанды Батысқа жалғайтын территория тарылды. Экономика Еуропа, Азия және Таяу Шығыс арасында көлік байланысының дамығанын қажет етеді. Құрлықтағы маршруттар әсіресе Ресей мен Қазақстан үшін өте пайдалы болмақ. Жаңа Жібек жолының құрамына кіретін жолдардың көптеген байланыс бекеттері ежелгі Жібек жолының солтүстігімен ұштасады.

Ендеше, Орталық Азия қауіпсіздігінің үш негізгі проблемасын және Қазақстанның жаңа шешім қабылдауға қандай мүмкіндіктері бар екенін саралап көрелік.

Біріншіден, бұл аймақта Ауғанстан бар. Халықаралық қауіпсіздік әрі жәрдем жасағының 130 000 мүшесі Ауғанстан үкіметіне елді қайта құрып, дамытуға жағдай жасауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр. Әскери көмекке қарамастан, Ауғанстанның саяси дамуы ойдағыдай болмады. Ал, Пәкістан қарулы жасақтарға пана болып отыр.

Чикагодағы саммит НАТО-ның 2014-ші жылы Ауғанстаннан әскерін шығарып әкету, Ауғанстанның қауіпсіздік күштерін жаттықтырып, қаржыландыру және басқа да жәрдем-көмектерді жалғастыра беру жайындағы шешімді қайта бекітетін сыңайлы.
Франция президенті Франсуа Холланд (оң жақта) НАТО саммитінде Ауғанстан президенті Хамит Карзаймен (сол жақта) кездесіп отыр. АҚШ, Чикаго, 20 мамыр 2012 жыл.
Франция президенті Франсуа Холланд (оң жақта) НАТО саммитінде Ауғанстан президенті Хамит Карзаймен (сол жақта) кездесіп отыр. АҚШ, Чикаго, 20 мамыр 2012 жыл.

Ауғанстандағы НАТО ықпалының әлсіреуі мен ондағы соғыс қимылдарының қайта жандануы Орталық Азияның Ауғанстанмен шектесетін елдері үшін жаңа проблемалар туғызбақ. Олар қазірдің өзінде саяси және экономикалық құлдыраумен күресіп отыр және Ауғанстанда жаттыққан, этникалық жағынан өздеріне жақын, қарулы содырлар төңкерісіне төтеп бере алмай қалуы ықтимал.

Солтүстікке ағылатын есірткі, қатал (діни) экстремизм, адам саудасы сияқты Ауғанстаннан келетін үлкен қауіп-қатерге тосқауыл қою үшін Батыс, Ресей, және Қытай Орталық Азия елдерімен тізе қосып қимылдауы тиіс. Ресей Батыстың бірлесіп жұмыс жасау жайлы бірнеше ұсынысына негізсіз қарсы шықты.

Болашақта Батыстың Орталық Азиядағы мүдделері Ауғанстандағы мүддесінен маңызды бола түседі және АҚШ пен НАТО саясаткерлері осыны ескере отырып қимылдайтын болады.

Бірлесіп атқаратын шараның бірі солтүстік Ауғанстандағы қауіпсіздікті және Орталық Азияға өтіп жатқан адамдар мен тауарларды бақылау болар еді. Бұған қоса, аймақтағы елдер өздерін қорғауға көмектесетін ақпараттармен алмасып отыруы да қажет. Қазақстанның ақпарат алмасуға көршілерін ынталандырып, бұл шараға керек оқу-жаттығуларды қамтамасыз етуді өз мойнына алуына мүмкіндігі бар.

Орталық Азия халқының күшейіп бара жатқан талаптары бұл аймақтағы тұрақсыздықтың екінші себебі болуы мүмкін. Бұл - талайдан бері тамыры тереңге
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа полицейлер Жаңаөзендегі толқуды қалай басқандарын әңгімелеп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа полицейлер Жаңаөзендегі толқуды қалай басқандарын әңгімелеп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
кеткен ескі проблема. Елді басқарушы автократтар саяси белсенділікті шектеу арқылы жағдайды күрделендіріп жіберген. Егер бұл мәселе шешілмесе, мұның соңы саяси немесе әлеуметтік жарылысқа ұласуы ықтимал.

Қазақстанның үлгі көрсетіп, аймақта жол бастауға мүмкіндігі бар. Әділ сайлау, ашық диалог, жауапкершілікпен ел басқару Қазақстандағы қауіпсіздікті нығайтып, басқа елдерге өнеге болар еді.

Орталық Азиядағы кейбір тұлғалар НАТО-ның Ауғанстандағы әскері кеткен соң, Батыс та бұл аймаққа көңіл бөлуін доғарады деп қобалжиды. Ең сенімді кепілдік - демократиялық даму мен Батыстың инвестициясы тоқтап қалмақшы.

Демократиялық жетістіктер әлдеқайда тиімді болмақ. Балтық елдері мен Грузия өздеріндегі демократияның дамуы үшін Батыстан қомақты көмектер алады.

Үшіншіден, Батыс адам құқықтарын құрметтейтін елдермен ғана әріптес болатынын ашық білдіріп отыр. Сондықтан, Ресейдің де Орталық Азия елдерімен әділ қарым-қатынас жасауын талап ете беруі тиіс.

Ресейдің осы аймаққа үстемдік еткісі келетін жаңа мүддесінің әсері, «Ұжымдық қауіпсіздік ұйымымен тізе қосып, өнімді жұмыс жасай аламыз ба?» деген күдік Батыстың көзқарасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Тепе-теңдікті ұстап тұратын Батыстың күші болмаса, Ресей Ұжымдық қауіпсіздік ұйымын көршілерін үркітіп ұстайтын құралға айналдырып жіберуі мүмкін.

Абай елі әлемдегі ең маңызды орташа державаның біріне айнала алады. Демократиялық реформалар орнату арқылы Қазақстан өзінің дамуын жылдамдатады және Орталық Азияны қауіпсіз әрі әділ болашаққа бастауға жәрдем береді.

Бұл - 1992-1994 жылдары АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі болған Уильям Кортнидің 2012 жылы мамырдың 18-і Астанада жасаған баяндамасы. Баяндама Қазақстан мен АҚШ-тың ынтымақтастық орнатқанына 20 жыл толуына орай өткен "Қазақстан-АҚШ: қауіпсіздік пен даму жолындағы ынтымақтастыққа 20 жыл" атты халықаралық конференциясында оқылды.

Баяндаманы ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG