Accessibility links

Қытайлар этикет пен дұрыс тамақтануды үйреніп жатыр


Қытай туристері. 14 қыркүйек 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Қытай туристері. 14 қыркүйек 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайлардың көбі жүріс-тұрысын түзеп, диета ұстай бастады, ал Қазақстан әлемдегі дұрыс тамақтанбайтын елдер тізіміне енді.

2014 жылы шетелде болған 100 миллионнан аса қытай туристерінің кейбір ерсі қылықтары сынға ілікті. Ақпанның 20-сі күні Ұлыбританияның ВВС корпорациясы жариялаған «Қытай батыс этикетін үйрене бастады» деген мақалада қытай туристерінің ежелгі Египет мүсінін бүлдіріп кеткенін, ұшақта бортсеріктің үстіне қайнаған су шашып жібергенін, ал енді біреулері көшенің ортасында тұрып дәрет сындырғанын жазады.

Былтыр қыркүйекте Мальдив аралдарына сапары кезінде Қытай президенті отандастарын «шетелде шектен шықпай, ибалық сақтауды» өтінген, ал қазанда Қытайдың ұлттық туризм әкімшілігі шетелге шығатын Қытай туристеріне арнап 64 беттік нұсқаулық жариялаған. BBC сайтының жазуынша, нұсқаулықта «бассейнге дәрет сындыруға, әжетхана орындығында бәтеңкенің ізін қалдыруға болмайды» деген кеңестер бар.

ВВС «Қытай туристерінің мұндай жүріс-тұрысының түп-тамыры елдің мәдениеті мен тарихында жатуы мүмкін» деп жазады. Өйткені, Қытайда қоғамдық орын мен жеке меншік кеңістікке қатысты түсінік Батыс елдерінен өзгешерек. Ал Мао Цзедун тұсындағы жаппай қудалау мен реппресияға ұласқан «Мәдени революция» кезінде ибалық ережелері - буржуазия белгісі деп саналған.

ЭТИКЕТ САБАҚТАРЫ

Енді Қытайда көп ашылып жатқан этикет курстарына бай-бағыландар қыруар ақша төлеп, жүріс-тұрысын түзеуді үйрене бастаған. ВВС сайтының жазуынша, «Әлем аруы» конкурсына қатысатын қытай қыздарына Американың тегі қытайлық тележүргізушісі әрі «Қазіргі қытайларға арналған этикет» бестселлер кітабының авторы Йе-Сай Кан этикеттен дәріс оқып, жаттықтырады.

Джеймс Хебберт - Қытайдағы Ұлыбритания этикет мектебінде сабақ береді. Оның бірнеше сағаттық этикет курсы 10 адамнан тұратын топқа арналған әрі үш мың доллар тұрады. «Сарита» институты бағасы 16 мың доллар тұратын 12 күндік курс ұсынады. Бұл курста клиенттерге қонақ күтудің этикасын, әңгіме-дүкен құрудан бастап тағам түріне қарай шарап таңдаудың қыр-сырына дейін үйретеді.

ҚАЗАҚСТАН - ДҰРЫС ТАМАҚТАНБАЙТЫН ЕЛ

ВВС сайтының жазуынша, Қытайда жұрттың тамаққа деген талғамы да өзгеріп, қытайлық туристер дәмін Еуропаға барған кезде татқан Батыс елдері тағамдарына деген әуестігі артқан. Ұлыбритания сайты «Тұтынушылар тағамның сапалы әрі еуропалық түпнұсқада әзірленгенін қалайды. Сондықтан Қытайдың Bright Food Group Co конгломераты батыс елдері брендтерін сатып алып, қытайлықтардың талғамын өзгерпек» деп жазады.

Астанадағы ет базары. 7 қараша 2013 жыл.
Астанадағы ет базары. 7 қараша 2013 жыл.

Қытайда адамдар кірісі көбейген сайын жеке имиджі мен тамақтың сапасына көп көңіл бөле бастаса, Lancet Global Health медициналық журналының дерегінше, Қазақстан дұрыс тамақтанбайтын елдер тізіміне ілінген. Халықаралық журнал 1990-2010 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу нәтижелері туралы есебін жариялады. Мамандар 187 елдегі қоғамдық тамақтану орындарындағы ас-судың сапасын бағалап, тұрғындардың түрлі өнімдерді диетаға қолдану ерекшеліктерін зерттеген. Зерттеушілер осы деректер негізінде дұрыс тамақтанатын және дұрыс тамақтанбайтын елдер тізімін жариялаған.

Қазақстан денсаулыққа пайдасы аз аспен тамақтанатын елдер арасында Армения, Венгрия, Бельгия және Чехиядан кейін бесінші орында тұр. Денсаулыққа ең пайдалы диета ұстайтын елдер Чад, Сьерра Леоне, Мали, Гамбия және Уганда сияқты Африка елдері болып шықты.

XS
SM
MD
LG